Табиғат – адамзатқа қажетті барлық материалдық игіліктің бірден-бір қайнар көзі. Өкінішке орай ол кедейленіп барады. Бұл дүние жұртшылығын алаңдатуда. Табиғат байлықтарын қорғау жөніндегі жұмыстарды үйлестіретін, бағдарлайтын халықаралық ұйым – Дүниежүзілік табиғатты қорғау орталығы 1948 жылы құрылған. Осы одақ құрып бара жатқан немесе қатары күрт кеміп кеткен аңдар мен құстарды және өсімдіктерді қорғау комиссиясын құрды.
Комиссия 1948-1958 жылдар аралығында сирек ұшырасатын аңдар мен құстар және өсімдіктер жөнінде мәліметтер жинап, олардың ішінен жедел қорғауға алуға тиістілердің тізімін жасады.
Тізім-құжат «Қызыл кітап» деп аталады. Оның «Қызыл» аталуы, кітаптың қан қызыл түсі дүниежүзі халықтарына: «қатары сиреп кеткен, тіпті, біржола жойылып кетуге жақын тұрған мына жануарлар мен өсімдіктерді қорғаңдар!,- деп дабыл қағып тұрғандай.
Ал, 1975 жылы КСРО құрамындағы Қазақстанның «Қызыл кітабы» шығарылды. Дүниежүзілік халықаралық табиғат қорғау одағы, қоршаған ортаны қорғау жөнінде Біріккен Ұлттар Ұйымының бағдарламасымен 5 маусым – Бүкіл дүниежүзілік табиғатты қорғау күні болып белгіленді.
Міне, 75 жылдан бері бүкіл әлем қоршаған ортаны қорғау күнін атап өтуде. Ал, өзіміз туып-өскен Ордабасы ауданы өңірінде Арыс, Боралдай өзені жағалауындағы су қорықтық жерде жайқалып өсіп тұрған жасыл желек, орман-тоғай алқаптарымыздағы табиғаттың көркі көздің жауын алады.
Осы табиғат байлығын, жасыл ағаштар мен өсімдіктерді, жан-жануарларды, балық қорларын қорғау – біздің ең басты парызымыз әрі міндетіміз. Осымен қоса айта кететін бір жайт, біреу білсе, біреу білмес дерек, ауданымызда 5 ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың жалпы көлемі 2 767 гектар. Онда республикалық және жергілікті маңызы бар қорықтар орналасқан.
Соның көлемінде «Тесік там», «Састоғай» ерекше қорғалатын табиғи-ботаникалық, биологиялық аймақ. Аудан орталығынан 35 шақырым қашықтықта орналасқан, жалпы жер көлемі 250 гектар, орман-тоғай алқабы 200 гектар, Боралдай елді мекеніндегі табиғи қорықтың көлемі 50 гектар. Қазақстанның «Қызыл кітабына» енген жауқазын қызғалдағы, тюльпан Грейга, Кауфман сарғалдағы Қызылсеңгір елді мекенінде, Тораңғыл ағашы Арыс өзенінің жағасында өсіп тұр. Келесі ерекше қорғалатын аймақтың бірі – 1998 жылы ашылған Темірлан Дендрологиялық саябағы. Онда ағаштың көптеген түрі жайқалып тұр.
Қорыта айтқанда, туған жер табиғатымен көрікті. Табиғат – халық қазынасы. Оны қорғау, аялау – бәріміздің азаматтық борышымыз. Ендеше, оны ту-талапайға салуға болмайды!
Табиғаттың байлығы адам үшін жаралған,
Әлемдегі тіршілік жалғыз содан нәр алған.
Артығы жоқ, кемі жоқ, бір-біріне тәуелді,
Аң да, кұс та, бәрі қажет саналған.
Құдай бар деп санасаң, оның өзі табиғат,
Туған жердің келбеті байқап тұрсаң бір ғажап.
Ештеңе жоқ әлемде табиғаттан тысқары,
Егер оны бүлдірсең, зардабы көп алапат.
Сондықтан да бүлдірмей, табиғатты қорғаңдар,
Аман болсын әрқашан ауа мен су, ормандар.
Ғасырларға жеткізді ата менен бабамыз,
Болашақты ойламай, еш дәрменсіз тұрмаңдар!
Жан-жануарлар дүниесі, әлемдегі тірі
тіршілік иесі – Адамзат!
Экология өмірдің
Соғып тұрған жүрегі.
Ей, табиғат, балаңмын,
Болашаққа алаңмын.
Амандығын ғаламның
Денсулығын адамның,
Бір Алладан сұраймын,
Мен эколог маманмын.
Туған жеріміздің табиғатпен көрікті екендігін ұмытпайық, ағайын.
Молдабай БҮКШЕБАЙҰЛЫ,
ауданның Құрметті азаматы, зейнеткер эколог, ғалым-агроном, орманшы-тілші.
Comments