Ол қазақ халқында ежелден дамыған құрақ көрпе тігу дәстүрін дәріптеп жүргендердің бірі. Оның үйіндегі шеберханасына барып, сұқбат алып қайттық.
— Қалима Садыққызы, әлеуметтік желіден байқап жүрміз, сіздің өнеріңіздің сұранысы жақсы. Қуаныштымыз. Сондықтан осындай қолөнер шеберін неге газетке жазбасқа деп келіп тұрмыз. Жалпы осы құрақ көрпе тігу дәстүрі ежелден дамығанын білеміз. Өзіңіз туралы және бұл өнерді неден бастағаныңыз жөнінде әңгімелесеңіз.
— Мен Кентау қаласында дүниеге келгенмін. Әкем шахтер, анам жұмысшы болған. Ол кезде Кентау қаласында үлкен кәсіпорындар көп болатын. Анам сондағы бетон зауытында кран айдайтын. Ең алғашқы шыққан крандарды анам айдады. Бұл 1975 жыл еді. Өнеркәсіптің қайнар көзі сол жақта болды. Таңғы алтыда кезекші автобустар бірінен кейін бірі жүріп жататын. Әкем, анам, әпкем, ағам жұмысқа кететін. Мен ғана үйдің шаруасымен айналысатынмын. Алтынсарин атындағы мектепте білім алдым. 5 сыныптан бастап Кентаудағы музыка мектебінің домбыра сыныбында оқыдым. Орталау мектепті бітірген соң Шымкенттегі саз колледжінің домбыра класына оқуға түстім. М.Әуезов атындағы университеттің педагогика факультетіндегі домбыра класы бойынша білім алдым.
1985 жылы осы аудандағы Қажымұқан ауылындағы Төлегеновтер әулетіне келін болып түстім. Темірландағы саз мектебіне жұмысқа орналастым. Ол мектепте 20 жыл жұмыс істедім. Қазір шәкірттерімнің барлығы өнерде жүр. Облыстық, рес-публикалық деңгейдегі лауреаттарым бар. 1997 жылдан бастап Ш.Уәли-ханов атындағы мектеп гимназиясына ауыстым. Сол жерде музыка пәнінің мұғалімі болдым. «Атамекен» хор ұжымын ұйымдастырып, былтыр Түркістандағы есеп беру концертінде бас жүлдені жеңіп алдық. Ал, негізгі мамандығым — домбырашы.
Үш ұлым, үш келінім бар. Немерелердің ата-әжесі болып отырмыз. Қазір зейнеткерлікке шығуға дайында-лып жүрмін. Биыл 60 жасқа тол-ғанымды қасиетті Меккеге барып қарсы алдым. Ұлдарым жіберді. Ол жақта құлшылық жасап, еліме, жеріме амандық тілеп қайттым. Қазығы бекем қағылған, тұғыры биік халықпыз. Біздің басқа елге ұқсамайтын болмысымыз бар. Сонымен мақтанамын. Еліміз бұдан да өркендей берсін. Халқымыз келешекте жақсы өмір сүрсе деген тілектемін.
Менің бойымдағы шеберлік әкемнен дарыған деп ойлаймын. Тігінші болу үшін математика, геометрияны жақсы білу керек. Әкем екі тігіспен қолғап, шұлық тоқитын. Сол кезде таң қалушы едім. Сол кісіден қонған өнер деп ойлаймын. Ол қазіргі заман талабындағы үйдің шатырларын жабуды жақсы білетін. Ал, домбыра шертуім өзімнің тиянақты, ұқыпты талпынысымнан деп ойлаймын. Көп дайындалып, машықтанғаннан үйрендім. Есту дағдысы ашылады. Ритм қалыптасады. Оның бәрі адамда болмайды. Ол күнделікті дайындықпен келетін дүние.
— Құрақ көрпені тігуді не үшін бастадыңыз. Кәсіп ретінде ме? Әлде мектептің жұмысына қажет болды ма?
— Біраз уақыт денсаулығыма байланысты үйде бос отырып қалдым. Құр отырмайын деген оймен осы істі бастап кеттім. Ауылдастарымнан қыз жасауына тапсырыс түсе бастады. Қызығушылықтан басталып, кәсіпке айналып кетті. Қазіргі бір қуантатыны әлеуметтік желіде құрақ көрпе мен жастық тігуге құмар, оны кәсіпке айналдырған қыз-келіншектердің жұмысы көңіл қуантады. Жұмыс істеймін деген адамға мүмкіндік көп.
Сіздер келер кезде бір көрпені бастағанмын. Қазір бірге осы құрақ көрпені тігетін боламыз. Бұл ши құрақ пен қошқар мүйіз оюы араласқан көрпе. Қошқар мүйіз оюы байлықтың, молшылықтың белгісі ретінде қолданылады. Сондықтан көбінесе осы оюды пайдаланамын. Айта кетейін, алғашқыда барлығы түп-түзу шықпауы мүмкін. Қолды күнделікті машықтандырса, біртін-біртін үйреніп кетесің.
Көрпе тігу әйел адамның төзімділігін арттырады. Кім болса сол жасай бермейтін құрақтың да өзіндік ерекшелігі бар. Құрақтарды түрлі-түсті маталарды қиюластыру арқылы жасаймыз. Ол әркімнің қолынан келе бермейді. Төзімділікті қажет етеді. Бұрындары қыз балаға кішкентай кезінен бастап аналары, әжелері үйретіп отырған. Қажетті өнер. Бұны отбасы құралсын, көбейсін деген ниетпен тігетін болған екен. Қазақ халқы қонақжай ғой. Үйге құрметті қонақтар келгенде төрден орын беріп, құрақ көрпені төсеген. Түрлі-түсті ашық, күрең түсті бояуларды пайдаланып, қиюластырып, жасап отырған. Әр түстің өзіндік символикалық мәні болған. Көк — ашық аспанның белгісі. Қызыл — оттың бейнесі сияқты. «Тырна» құрақты төрт құбылаң тең болсын деген мағынада ойған. Төрт жағы да ашық болсын деген ниетпен. Қыз балаға ерекше құрмет көрсеткен. Негізгі мақсаты қыздардың басы құралып, барған жерде «тастай батып, судай сіңсін» деген мағынасы бар. Қыз тұрмысқа шыққанда жүгіне міндетті түрде құрақ көрпе апарады.
«Құдық», «қолтықша», «тырна», «ши» секілді құрақтардың түрлері көп. Тапсырысқа қарай барлық құрақтардың түрін пайдаланамын. Қыздардың артынан 4 көрпе, 4 жастық апарады. Бір тапсырысты кемі 5-6 күн дайындаймын. 4 көрпеше, 4 жастықты екі күнде бітіремін. Қазір екі келінім үйде бала күтімімен отыр. Олар да маған көмектеседі. Бірі оюды ойып, бірі құрақтарды құрастырады. Үшеулеп тапсырыстарды уақытылы орындаймыз. Өтініштер әлеуметтік желі арқылы да, көрші-қолаң, таныстар арқылы да келіп жатады. Табысы жаман емес. Болашақта үйдегі шеберхананы үлкейтіп, үйде жұмыссыз отырған қыз-келіншектерді жұмысқа тарту да ойда бар, — деді Қалима.
Біз шебердің үйінде отырғанда жәй ғана мата қиындыларынан көрпені дайындап керсетті. Кейіпкеріміздің айтуынша шет елде де бұлардың қолынан шыққан дүниелер бар. Тапсырыс берушілер шет елде оқып, жұмыс барысымен кеткен ұл-қыздарына қазақы нақыштағы құрақ көрпелерді беріп жіберіп отырады екен.
Біз де Қалима шебердің қолынан шыққан көрпе, жастықтарға қызыға қарап, жұмыстарына сәттілік тілеп қоштастық.
Гүлмира ЕЛБАСИЕВА,
өз тілшіміз.
Comments