Руханият

МЕН ҰШҚАН ҰЯ

0

Алғаш рет редакцияға бас сұқ­қа­нымда ре­дактордың орынбасары Әбілда Бақбер­ген ағай қарсы алып: «Мына мәтінді мақа­лаға айналдыр!», — деді қатулы үнмен. Грам­матикалық қателерді түзетіп, керемет мақала жазғандай қып ағайдың алдына апардым. Қызыл сия­мен шимайлап тастады да: «Осыны да мақала дей ме екен?! Сен анау-мынау емес, аудандық газетке мақала жазып отырсың. Сен журналиссің! Аудан­дық газетте жұмыс істеген адам облыстық, республикалық басылымдарда ұялмай қызмет ете алады. Журналист кез келген сала маманының мақаласын соның тілінде сөйлете алады. Ал, басқа сала мамандары журналистің тілін меңгеруі қиын», — деп сұқ саусағын жоғары қара­тып, арқасын тік ұстап тұрып, әр сөзін анық жеткізді. Осыдан кейінгі төрт күнде әр ақ қағазымды Бақберген ағайға апарған сайын осыған саятын сөздер еститінмін. Сол қолының үш саусағымен иегін тіреп, көзілдірігін мұрнының ұшына қойып, сырттан біреу кірсе көзілдіріктің үстінен қарайтын.
Дүйсенбіде «стажировкаға» барған мен жұманы әрең болдырдым. Кешкі бестің ша­масында киімі аппақ, үсті-басы мұнтаздай та­за болып редактор Бегалыұлы Нармахан ка­­­бинетке кірді. Орнымнан атып тұрып аман­­­дас­қа­ныма көзінің қиығымен де қара­мады.
— Мына қыз қалай? — деп ақырын
даусымен мен туралы орынбасарынан сұрады.
— Жазуы, сөз саптауы жап-жақсы. Бір айтқаннан қағып алады. Материалын осы нөмірге салдым, — деді.
«Мына сөздің бәрі мен туралы ма?», – деп таңғалып шетте тұрмын.
— Онда дүйсенбіден бастап жұмысқа қабыл­дан­сын. Бұйрық дайын­даң­дар, — деп бөлмеден шығып кетті редактор.
Бақберген ағай маған жымия қарады да:
— Жарайсың! Жұмыс құтты болсын! Ал, шай қой. Шай шабыт шақырады, — деп әзілдеді.
Сонда бір апта бойы маған қатал болғаны, сынағаны, пара-ғым­ды қып-қызыл қылып қайтар­ғаны­ның бәрі мені тәрбиелегені екенін түсін­дім. Дүйсенбі жұмысқа қа­былдау туралы бұйрықпен танысып, қуа­нып отырсам Бақберген ағай облыс әкімінің сол кездегі орын­басары Әли Бектаев ісса­пармен келіп, тұрғын­дарды жеке қабыл­дай­тынын және ол жөнінде мақаланы мен жазаты­ным­ды айт­ты. Төбем­нен біреу мұздай су құйып жіберген­дей болды. Жи­налыста жанымда Бақ­­бер­ген ағай отырды. Сол жиынды жазып шық­қан соң, өзіме сенім пайда болды. Со­дан 13 жылға жуық уақыт аудандық «Ор­да­басы оттары» газетінің редакция­сын­да тапжыл­май жұмыс істедім. Алдыңғы буын ағалар құрметті демалысқа кетіп, кейінгі буын бас редактор Зиябек Ғалымжан, редакторы Шәмшіұлы Нүри­дін­мен қызметтес болдым. Есепші Қайдарова Қалипа, қызметкерлер Салиев Батырбек, Үсенбаева Бақыт, Сұлтан Гүлнар, Ел­бас­иева Гүлмира, Жүрсінбек Батыр­әлі­мен бір терінің пұшпағын илегенімізге қуаныш­тымын.

Редакция ұжымы, күн сайынғы күйбелең жұмысы, түрлі деңгейдегі жиын-кездесулер, сұқбаттар, мақала жазып келген әрбір азамат маған өмірлік тәжірибе сыйлады. Әрбір сәттен азық алдым. Қазіргі таңда білім беру саласында жұмыста болғаныммен, журналистикада жинаған тәжірибемнің көп пайдасы тиіп жатыр. Кез келген мәселеге жан-жақты қарау, ізденісте жүру, сараптама жасау редакцияда бойыма сіңген қасиет. Сондықтан менің әрбір ісімнің игі бастамасы бола білген журналистика саласына мың тағзым ете отырып, өзімнің ұшқан ұям — «Орда­басы оттары» газеті редакциясы ұжы­мын бұқа­ралық ақпарат қызметкерлері мерекесімен шын жүректен құттық­таймын! Мерей­леріңіз үстем болып, жағымды жаңалық­та­рыңыз көп болсын!

Жібек ОҢҒАРБАЙҚЫЗЫ,
Ш.Уәлиханов атындағы мектеп-гимназиясының мұғалімі,
Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі.

ТУҒАН ЖЕР ТАБИҒАТЫМЕН КӨРІКТІ

Алдыңғы

ИНФЕКЦИЯЛЫҚ АУРУЛАРДЫҢ ИММУНОПРОФИЛАКТИКАСЫ

Келесі

Оқи отырыңыз...

Comments

Leave a reply

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *