Жаз мезгілі басталды дегенше, үлкен-кіші сүйіп жейтін жұмсақ балмұздақ сататын орындар қызметін бастайтыны белгілі. Ыстық күнде шөліңді басатын бұл асқа көпшілігіміз құмартып-ақ тұрамыз. Дегенмен, балмұздақ сатып аларда абай болған жөн. Өйткені, бірқатар санитариялық талаптар сақталмаған жағдайда, уланып қалуыңыз әбден мүмкін.
Жұмсақ балмұздақ фризерден шыға салып дайын болады. Оның консистенциясы нәзік, крем тәрізді. Осындай жұмсақ және дәмділігіне байланысты бұл балмұздақ мұздатылған балмұздаққа қарағанда жоғары сұранысқа ие.
Жұмсақ балмұздақ тамақтану және сауда орындарында арнайы құрғақ қоспалардан жасалады. Өнімді дайындау үшін бір және екі цилиндрлі арнайы конструкциялы фризерлер қолданылады.
Жұмсақ балмұздақты дайындауға және сатуға қойылатын санитариялық талаптар мынадай:
— Балмұздақты жасауға қажетті құрғақ қоспаларды қалпына келтіру үшін жаңа қайнатылған ауыз суын пайдалану қажет;
Қалпына келтірілген қоспаларды сақтауға болмайды. Сондықтан, балмұздақ алдын ала дайындалмай, сатылар алдында дайындалу қажет;
— Дайындау барысында шикі жұмфыртқа, шикі пастерленбеген сүтті пайдалануға жол берілмейді;
— Нысан қызметінің басталуы туралы хабарламаның болуы тиіс;
-Нысанда жұмысшылардың жеке бас гигиенасын сақтауға арналған жағдайдың болуы тиіс;
-Қызметкерлердің санитариялық киіммен қамтамасыз етілуі және жұмыс орнында медициналық байқаудан өткендігі туралы кітапшалары болуы тиіс;
— Жұмсақ балмұздақты тек арнайы дайындалған орында ғана сатуға жол беріледі;
— Өнімнің сақтау шарттарын және жарамдылық мерзімін қатаң бақылау қажет;
— Өнімнің сапасын және қауіпсіздігін растайтын құжаттардың болуы керек.
Жұмсақ балмұздақты көбіне балалар мен жасөспірімдер тұтынатынын және улану жағдайы өлімге алып келуі мүмкін екендігін, мұндай өнімдер тез бұзылатынын ескере отырып, тұрғындардан жұмсақ балмұ-здақты тұтынар алдында аса сақ болуды сұраймыз.
Жұмсақ балмұздақ сатып аларда, нысанның санитариялық жағдайы сізге ұнамаса немесе күдік туғызса, өнімді сатып алудан бас тартқаныңыз жөн. Бұл сіздің және жақындарыңыздың денсаулығы мен өмірін сақтап қалады.
Жұмсақ балмұздақты тұтынғаннан кейін сіздің денсаулығыңыз нашарлап, улану белгілері (асқазанның ауырсынуы, құсу, жүрек айну, дене қызуының көтерілуі, т.б.) пайда болған жағдайда, тез арада дәрігердің көмегіне жүгініңіз.
Жұмсақ балмұздақ дайындап, сатумен айналысатын кәсіпкерлер назарына!
Нысандарыңыздың жоғарыда көрсетілген санитариялық-эпидемиология-лық талаптарға сәйкес болуын және бұзушылықтарға жол берілмеуін жіті қадағалау қажеттігін ескертеміз. Сонымен қатар, жуу, тазалау және залалсыздандыру құралдарының болуына пайдаланылуына қойылатын талаптардың сақталуын қамтамасыз етулеріңізді сұраймыз.
М. МАНАТҰЛЫ,
аудандық санитариялық-эпидемиологиялық
бақылау басқармасының бөлім басшысы.
Comments