Ақпарат ағыны

БЖЗҚ-дан зейнетақы жинақтарын кесте бойынша төлеу: төлем мөлшері қалай есептеледі және қайда жүгіну қажет?

0

БЖЗҚ туралы өзекті сауалдар

 

1) БЖЗҚ-дан зейнетақы жинақтарын белгіленген кесте бойынша төлем ретінде алуға кімдер құқылы?

 

Қазақстан Республикасының Әлеуметтік кодексіне сәйкес, БЖЗҚ-да зейнетақы жинақтары бар мынадай тұлғаларға міндетті зейнетақы жарналары (МЗЖ) және (немесе) міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары (бұдан әрі – МКЗЖ) есебінен белгіленген кесте бойынша ай сайынғы зейнетақы төлемдері жүзеге асырылады:

  • зейнет жасына толған адамдар (ерлер – 63 жас, әйелдер – 61 жас (2028 жылдан бастап әйелдердің зейнет жасы жыл сайын 6 айға ұлғайып, 2031 жылы 63 жасқа жетеді));
  • 55 жасқа толған, зейнетақы төлемін алуға өтініш берген кезде өздері үшін жиынтығында кемінде күнтізбелік 84 ай бойы МКЗЖ төленген, уәкілетті мемлекеттік орган бекіткен өндірістердің, жұмыстардың және жұмыскерлер кәсіптерінің тізбесінде көзделген зиянды еңбек жағдайларындағы жұмыстарда еңбек қызметін тоқтатқан адамдар;
  • бірінші немесе екінші топтағы мүгедектігі мерзімсіз белгіленген адамдар.

Ерікті зейнетақы жарналары (ЕЗЖ) есебінен қалыптастырылған жинақтар бойынша зейнетақы төлемдерін жалпыға бірдей белгіленген зейнет жасына жетпей-ақ, яғни 50 жастан бастап алуға болады. Сонымен қатар ЕЗЖ есебінен зейнетақы төлемдері мүгедектік тобына және оның белгіленген мерзіміне қарамастан, мүгедектігі бар адамдарға да беріледі. Бұл ретте төлемдерді алу кестесін салымшы өзі дербес белгілейді.

 

2) Кесте бойынша зейнетақы төлемдерінің мөлшері қалай есептеледі?

 

Кесте бойынша зейнетақы төлемдері мынадай тәртіппен есептеледі: төлемдерді алудың бірінші жылында зейнетақы жинақтарының сомасы 6,5% мөлшеріндегі зейнетақы жинақтарының төлем мөлшерлемесіне көбейтіліп, 12-ге бөлінеді. Кейінгі жылдары ай сайынғы зейнетақы төлемінің мөлшері зейнетақы төлемдерін индекстеудің 5% мөлшерлемесіне сәйкес ұлғайтылады. Бұл ретте БЖЗҚ-дан төленетін ай сайынғы зейнетақы төлемінің мөлшері тиісті қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы заңда белгіленген ең төменгі күнкөріс деңгейінің (бұдан әрі – ЕТК) кемінде 70%-ын құрауға тиіс.

Алушылардың жекелеген санаттары үшін, атап айтқанда, бірінші немесе екінші топтағы мүгедектігі мерзімсіз белгіленген адамдарға, сондай-ақ зиянды және қауіпті өндірістерде жұмыс істеген, жинақтары жиынтығында кемінде 60 ай бойы төленген міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары есебінен қалыптасқан адамдарға қатысты Әдістемеде ай сайынғы зейнетақы төлемінің мөлшерін арттыратын түзету коэффициенттері көзделген. Егер алушы жоғарыда аталған талаптардың бірнешеуіне бірдей сәйкес келсе, мәні ең жоғары түзету коэффициенті қолданылады.

55 жасқа толған және өздері үшін жиынтығында кемінде 84 ай бойы МКЗЖ төленген адамдарға зейнетақы төлемдерін есептеу және жүзеге асыру кезінде:

  • зейнетақы төлемінің мөлшеріне қатысты ЕТК-нің кемінде 70%-ын құрауы тиіс деген ең төменгі шек қолданылмайды;
  • түзету коэффициенттері қолданылмайды;
  • жеке зейнетақы шотындағы ЕТК-нің 70%-ынан аз қалдық кезекті зейнетақы төлемінің сомасымен бірге төленбейді.

Айта кетейік, БЖЗҚ-дан зейнетақы төлемдері алушының зейнетақы жинақтары толық таусылғанға дейін жүзеге асырылады.

 

Егер БЖЗҚ-дан төлем жүзеге асырылатын күнгі зейнетақы жинақтарының сомасы тиісті қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы заңда белгіленген ең төменгі зейнетақының он екі еселенген мөлшерінен аспаса, жинақтар біржолғы төлем түрінде беріледі.

 

3) Зейнет жасына толуына байланысты БЖЗҚ-дан зейнетақы жинақтарын алу үшін қайда және қашан жүгіну қажет?

 

Зейнет жасына толуына байланысты міндетті зейнетақы жарналары есебінен БЖЗҚ-дан зейнетақы төлемдерін, сондай-ақ мемлекеттік бюджеттен базалық және ынтымақты зейнетақыны тағайындату үшін алушылар тұрғылықты жері бойынша «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясына (ХҚКО) уақытылы жүгінуі қажет. Өтінішті зейнет жасына толғанға дейін 10 күн бұрын беруге болады. Жасына байланысты зейнетақы төлемдерінің барлық түрі өтініш берілген күннен бастап жүзеге асырылады. Бұл ретте алушы зейнет жасына толған болса, ХҚКО-да өтініш пен қажетті құжаттар тіркелген күн өтініш берілген күн болып есептеледі. Ал егер өтініш зейнет жасына толғанға дейін берілсе, зейнет жасына толған күн өтініш берілген күн болып саналады. Мемлекеттік бюджеттен төленетін зейнетақыны алу үшін уақытылы жүгінудің маңызы ерекше. Себебі оны тағайындау кезінде алушы ұсынған құжаттар негізінде еңбек өтілін тексеру қажет. Мемлекеттік бюджет қаражаты есебінен зейнетақы төлемдері өмір бойы, ал БЖЗҚ-дан алушының зейнетақы жинақтары толық таусылғанға дейін жүзеге асырылады.

Естеріңізге сала кетейік, 50 жасқа толған немесе мүгедектігі бар адамдар ЕЗЖ есебінен қалыптастырылған жинақтарын алу үшін БЖЗҚ-ның сайтындағы немесе мобильді қосымшасындағы жеке кабинет арқылы, сондай-ақ Қордың кеңсесіне барып өтініш бере алады.

 

4) Қандай жағдайларда ерікті зейнетақы жарналары есебінен зейнетақы төлемдері автоматты түрде тағайындалады?

 

Қазақстан Республикасының Әлеуметтік кодексіне енгізілген өзгерістерге сәйкес, ЕЗЖ есебінен зейнетақы төлемдері ЕЗЖ есебінен зейнетақымен қамсыздандыру туралы шартта және БЖЗҚ-ның зейнетақы қағидаларында айқындалған тәртіп пен талаптар бойынша жүзеге асырылады. Осыған байланысты 2026 жылғы наурыз айынан бастап зейнет жасына толған, БЖЗҚ-да ЕЗЖ есебінен қалыптастырылған зейнетақы жинақтары бар, бірақ бұған дейін 50 жасқа толуына немесе мүгедектігіне байланысты оларды алу үшін Қорға өтініш бермеген адамдарға ЕЗЖ есебінен зейнетақы төлемдерін өтінішсіз тағайындау тәртібі енгізілді.

ЕЗЖ есебінен зейнетақы төлемдерін (жинақтары болған жағдайда) өтінішсіз жүзеге асыру тәртібі мыналарды көздейді:

  • азамат зейнет жасына толуына байланысты мемлекеттік бюджеттен зейнетақы және міндетті зейнетақы жарналары (МЗЖ) және (немесе) міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары (МКЗЖ) есебінен төлемдер алу үшін белгіленген тәртіппен Мемлекеттік корпорацияға өтініш берген кезде БЖЗҚ-ның ЕЗЖ есебінен зейнетақы төлемдерін автоматты түрде тағайындауы;
  • Мемлекеттік корпорациямен жыл сайын жүргізілетін салыстырып-тексеру нәтижелері бойынша проактивті қызмет аясында ЕЗЖ есебінен төлемдерді жүзеге асыру. Бұл ретте әлеуметтік қорғау саласындағы уәкілетті органның ақпараттық жүйесінде аталған адамдарға мемлекеттік бюджет қаражаты есебінен жасына байланысты зейнетақы төлемдерінің және (немесе) мемлекеттік базалық зейнетақы төлемінің тағайындалғаны туралы мәліметтердің болуы тексеріледі.

 

5) Бірінші немесе екінші топтағы мүгедектік мерзімсіз белгіленуіне байланысты зейнетақы жинақтарын алу үшін қайда жүгіну қажет?

 

Бірінші немесе екінші топтағы мүгедектігі мерзімсіз белгіленген адамдар зейнетақы жинақтарын алу үшін БЖЗҚ бөлімшелеріне жүгіне алады. Сондай-ақ Қордың ресми сайтындағы (enpf.kz) немесе БЖЗҚ мобильді қосымшасындағы жеке кабинет арқылы электрондық цифрлық қолтаңбаны (ЭЦҚ) пайдалана отырып, өтініш беруге болады.

Назар аударыңыздар! БЖЗҚ-да бірінші немесе екінші топтағы мүгедектігі мерзімсіз белгіленген адамдар үшін көшпелі қызмет көрсету ұйымдастырылған. Бұл ретте алдын ала кеңес беріледі, оның ішінде Қор қызметтерін маманның баруынсыз, қашықтан алу мүмкіндігі де тексеріледі.

 

6) БЖЗҚ-дан зейнетақы төлемдерін рәсімдеуге қажетті құжаттардың тізімімен қайдан танысуға болады?

 

БЖЗҚ-ның enpf.kz ресми сайтындағы «Қызметтер – Зейнетақы төлемдері» бөлімінде зейнетақы төлемінің түріне және құжаттарды ұсыну тәсіліне қарай қажетті құжаттардың тізбесі, оларды ресімдеуге қойылатын талаптар, өтініш бланкілері мен оларды толтыру үлгілері, сондай-ақ сенімхат үлгісі орналастырылған.

Сонымен қатар сайттың «Онлайн-сервистер» бөлімінде БЖЗҚ-дан зейнетақы төлемдерін алу үшін ұсынылатын құжаттарды алдын ала тексеру мүмкіндігі қарастырылған.

Сервистің атауы – «Төлемге арналған құжаттарды алдын ала тексеру»:  https://www.enpf.kz/kz/elektronnye-servisy/checkdoc.php

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Выплаты пенсионных накоплений из ЕНПФ по графику: как рассчитываются и куда обращаться

Алдыңғы

Оқи отырыңыз...

Comments

Leave a reply

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *