Мемлекет басшысының қай Жолдауы болсын елдің егемендігін, жеріміздің тұтастығын сақтауды, елдің экономикасының дамуы арқылы халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартуды көздейді. Ал, биылғы Жолдаудың ерекшелігі айтылған міндеттердің бәрі үш жылдың ішінде орындалуы тиістігі, аса күрделі міндеттерді жүзеге асыруға нақты мерзім бекітілгендігі. Талдап қарасаңыз, Жолдауда экономика — 68, мемлекет — 42, заң — 23, халық — 22, бизнес — 18 рет қолданылған. Басты бағыт экономиканы дамытудың жоба-жоспары болғандықтан экономика сөзінің Жолдауда көп кездесуі заңды. Экономика сөзінен кейін кездесетін мемлекет, заң, халық, бизнес сөздері Жолдаудағы қойылған мақсаттарға сай рет-ретімен қажеттілігіне сай орын алған. Кедергілерді жою үшін заңдарға өзгерістер енгізу, экономиканы дамытуды Мемлекет-Бизнес-Халық үштағаны бірлесе жүйелі түрде әрекет жасағанда ғана межеге жетеміз дегенді білдіреді. Жолдау нақты көрсеткіштерге, экономиканың тұрақты өсімін 6-7 пайызға жеткізуге, 2029 жылға дейін ұлттық экономиканың көлемін 2 есеге жеткізуге негізделген.
Жолдауда айтылған басты міндет – өз елімізде өндіріс пен өнеркәсіпті дамыту арқылы экономикамызды көтеру, табысты арттырып, халықтың әл-ауқатын жақсарту.
Жолдауды жүзеге асыру бойынша Үкімет іс-шаралар жоспарын бекітетін болады деп ойлаймыз.
Президент экономикадағы реформаларды жүзе-ге асырудағы қаржы, салық-бюджет, ақша несие саясатының үйлесімдігі қамтамасыз етілген тұста ғана орын алатын макроэкономикалық тұрақтылыққа тоқталды. Әсіресе, банктердің жұмысына ерекше акцент жасауы орынды болды.
Банктер экономиканы дамытуға атсалысудың орнына тұтыну несиелерімен айналысып, көптеген азаматтардың қарызға батуына әкеліп соқты. Банктердің таза пайдасы былтыр бір жарым триллионды құраса,биылғы бірінші жарты жылдықта таза пайдасы бір триллионнан асып жығылыпты.Бұл деген экономика салаларының үйлесімдік таппағаны, таразының бір жағында банктер екінші жағы несие тұтынушы халық. Ұлттық банк инфляциямен күресу жолында базалық мөлшерлемені жоғарғы деңгейде ұстап тұрғандықтан банктердің мол табыс табуына жол берілді. Бұл мәселені түбегейлі шешу үшін мықты экономист-эксперттердің талдауы қажет. Қаржы ұйымдарының салық салынбайтын мемлекеттік құнды қағаздарды сатып алудағы табысы зерделеуді,құнды қағаздар,акциялар жөніндегі заңнамалар сұрыптау қажет етеді.
Сондай-ақ, банктердің «қозғалыссыз» жатқан 2,3 триллион активтерін экономикалық айналымға қосу туралы нақты шаралар қабылдаулар бұрын соңды болмаған,бұл жөнінде Мемлекет басшысы цифрлық платформа құруды тапсырды. Ашық әрі әділ қадам.
Жолдауда Мемлекет басшысының Үкіметке бірнеше министрлік пен аймақтар үшін пилоттық режимде толық бөлшектенген бюджет жобасын енгізуді тапсыруы бюджет саясатының тиімділігін арттыра түспек. Корпоративтік табыс салығының бір бөлігін,жергілікті бюджетке түсетін салықтарға байланысты жеңілдіктерді өңірлерге беру аймақтардың дербестігін арттырады.Қосымша құн салығын қайтарудың күрделілігі үлкен мәселе. Бұл тұста кәсіпкерлердің пікірін айта кеткім келеді. Жаңадан ашылған өнеркәсіп орындарын да алғашқы үш жылда қосымша құн салығынан босатса, кәсіпорынның аяғына тұрып кетуіне жақсы демеу болар еді.
Жеке тұлғалардың кепілсіз несиесін кешіру әрине жақсы көмек алайда бұнымен мәселе толық шешіліп бітпейтіні рас. Тұрғындардың өздері де ойланып несие алу керек,қайтара ала ма әлде күмәнді ме? әбден таразылау қажет. Дәл осы тұста Мемлекет басшысы «AMANAT» партиясының «Қарызсыз қоғам» партиялық жобасы халықтың қаржылық сауатын арттырудың тиімділігі туралы өте жақсы пікірін білдірді. Қазірдің өзінде жобаның игілігін ауыл тұрғындары көруде, әсіресе несиесін қайтара алмай жүргендер үшін үлкен әдістемелік көмек. Түркістан облысының өзінде «Қарызсыз қоғам» партиялық жобасы аясында 12650 адамды оқыту жос-парланса, қазіргі таңда 8931 адам оқытылды. Бүгінгі күнде Қазығұрт, Сайрам, Төле би, Ордабасы,Сарыағаш аудандарында 600 адам оқытылуда.
Қаржыны қалай игеру, тиімді жарату, есептеу, жос-парлау жолдарын «AMANAT» партиясынан бекітілген тренерлер егжей-тегжей түсіндіруде.
Жолдауда белсенді орта кәсіпорындардың әр-қайсысына нақты жоспар әзірлеу жөнінде тұщымды тапсырма айтылды. Орта кәсіпкеліктегілер енді қарқын алып дами бастаған кезде, салықты көп төлемеудің жолын іздеп бөлшектеніп жататыны белгілі жәйт. Бұл үлкен кедергі. Кедергіні жоюдың бірден-бір жолы заңға өзгерістерді талап етеді. Мақсаты бір «Бизнестің жол картасы» мен «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламаларын біріктіріп, орта кәсіпкерлікті дамытуға серпін беретін кешенді бағдарлама жасау, «Бәйтерек» холдингінің құрылымын өзгертіп цифрландыру мемлекеттік қолдаудың тиімділігін арттыруға сеп-тігін тигізеді.
Еңбек нарығын дамытуға арналған 2030 жылға дейінгі кешенді жоспардың тезарада бекітілу жөніндегі Үкіметке берілген тапсырма өте күрделі, аса мұқият экономикалық болжамды талап етеді. «Биылғы мектеп түлектерінің басым бөлігі мұғалім болуды таңдағаны бұл қажеттіліктен туындаған құбылыс па? Әлде мұғалімнің жалақысы жоғары болғандықтан туындаған ба? Әлде күнделікті өмірде тұрақты жалақы шынында да мұғалімде болғандықтан ба?» деген іштей сұрақтарыма жауап іздедім. Меніңше, бір күнмен өмір сүру алысқа апармайды. Соншама мұғалім қай жерге барып орналасады, мектептер резина емес, сақырлаған мұғалім дипломдары, бірте-бірте сұраныс ұсыныстан басып озып жұмыс іздеп сабылып жүретін мүғалімдер пайда болатыны сөзсіз. Бұған терең эксперттік пікір де қажет емес, қарапайым кез-келген азаматқа түсінікті.Техникалық мамандықтарға бару керек, бүгін болмаса жұмыс орны ертең бес жыл көлемінде міндетті түрде болады. Экономикалық болжам жетіспейді, әсіресе кадр дайындау бойынша. Бізде алдағы үш жылда қанша кәсіпорын ашылады? Қандай мамандықтар қажет? Бұл жерде қаланы айтпағанда, ауылда жердің географиялық ерекшелігіне, тұрғындардың бейімділігіне қарай сегментке бөліп кәсіпорын ашуды қолға алу керек. Шығынды көп қажет етпейтін отбасылық бизнесті дамыту қажет. Жұмыс орны болса баратын азаматтар табылады. Тек шынайы білекті сыбанып кірісу жетіспейді. Бұны жаңадан сайланып жатқан ауыл әкімдеріне ұсынысым дер едім. Жолдауда айтылған жаңа өнеркәсіп саясаты арқылы жаңаша даму үлгісіне көшудің ең қарапайым жолы.
Мемлекет басшысы «AMANAT» партиясының «Ауыл аманаты» жобасының елге қажет екендігін, шаруашылық иелері өзара бірігуіне жағдай жасау керектігін айтқан болатын. Аталған жоба науқандық жұмыс емес. Алдағы үш жылда барлық өңірлерге «Ауыл аманаты» жобасы аясында 1 триллион теңге бөлінетін болады. Түркістан облысының өзіне ғана биылға республикалық бюджеттен 19,8 млрд. теңге бөлініп, 14,8 млрд. теңгені құрайтын 2381 өтінім қабылданды.Несие комитеті 5,2 млрд. теңгеге 979 жобаны қаржыландырды, қалған өтінімдер қаралу үстінде. Тұрғындардың бірлесіп,бірігіп кооператив құрып жұмыс орнын ашуы өте тиімді,біріншіден кооперативке қажетті қаржыны жеткілікті алуға,екіншіден неғұрлым алынған қаржы көлемі өскен сайын ескірген ауыл шаруашылық техникаларын сатып алуға мүмкіндіктер туындайды, үшіншіден еңбек өнімділігін арттыруға оң әсерін тигізеді.
Жолдауда Атом электр станция-
сын салу, салмауды референдумға халық алдына талқылауға шығару жөнінде айтылды. «Аузы күйген үрлеп ішеді» дегендей, халықтың экологиялық әсерден тайсақтайтыны жасырын емес. Егер де, барлық экологиялық қауіпсіздік талаптары сақталса, қорқатын несі бар салу керек деп ойлаймын.Дәл қазір кәсіпкерлердің энергия қымбаттығынан шығарылған өнімнің бағасы көрші Қытайдан келген тауарлардан анағұрлым жоғары болғандықтан бәсекеге төтеп бере алмай өндіріс аша алмай отырғаны белгілі. Отандық өнім шығаруды қолдаудың бір жолы энергия бағасының қолжетімді болуы. Электр энергиясы өзімізде өндірілсе, әрине арзан болады.
Кәсіпкерлік ауыл шаруашылығы саласында, не өнеркәсіпте, не өндірісте болсын экономиканың бас-
ты қозғаушы күші болған, болып қала бермек. Дамығымыз келсе тәуекел деп өзімізден салған дұрыс. Біз салмасақ көрші өзбек елі салып электр энергиясын бізге ұсынатын болады. Ал қайдан салу керектігін, қуаттылығы қанша болатындығын зерделеу нағыз кәсіби мамандардың пікіріне арқа сүйеп, ғалымдардың еншісіне қалдырайық. Инвесторды таңдағанда да геосаяси жағдайды назарда ұстаған жөн деп санаймын.
Өзім Жолдауларды жинақтаймын. Тап осы Жолдаудағы тапсырмалар 2012 жылдың 14 желтоқсанында жарияланған Жолдаудың екінші тарауындағы XXI ғасырдың жаһандық он сын қатерінде біразы айтылыпты, әсіресе төртінші сын-қатер — судың тым тапшылығы күн тәртібіндегі аса маңызды мәселе. Су — шектеулі ресурс. Қайталанған тапсырманы қате деп санамаймын қайта осы Жолдауда трансшекаралық сулардың геосаяси астарына да мән берілуде, суды үнемдеу технологиясын енгізу саясатын жүргізу қажеттігі өткір болып тұр. Кезінде мықты мамандар дайындаған мамандандырылған гидромелиоратив жоғарғы оқу орындары жабылды, бірігіп кеткендері тағы бар. Ғылыми зерттеу институттары болатын олардың да орнын сипап қалдық. Жолдауда айтылған Су ресурстары және ирригация министрлігінің құрылатындығы көпшілікті қуантады.Тозығы жеткен каналдарға жан кіріп, шаруа тірлігін оңдап алар еді.
Ең бастысы, сенім ғана адам баласын алға жетелейді. Жолдауда айтылған салаларды толық цифрландырған жақсы, алайда сананы сілкілемей, елдік сезімді шыңдамай 100 пайыз межеленген нәтижеге жету қиындау. Президентіміздің Жолдауында Абайдың «Толық адам» ілімінен тарқайтын «Адал азамат» тұжырымдамасын халықтың алдына тартып, «Адалдық жоқ жерде әділдік болмайды» деуі қоғамдық сананы өзгертуге бағытталған.
Жолдаудың кілтті сөздері — Мемлекет-Бизнес- Халық. Үштағаны мықты елдің саяси-экономикалық әлеуеті де жақсарады. Мемлекет бизнесті қолдаса, халық пен мемлекет арасындағы алшақтық азайса, ел сұранысына жауап беру, қоғамның қолдауына ие болу деген осы.
Қалыйма Жантөреева,
«AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалы төрағасының орынбасары, облыстық мәслихаттың депутаты,
«AMANAT» партиясы Түркістан облыстық
филиалы жанындағы мәдениет пен өнерді қолдау жөніндегі «MIRAS» кеңесінің төрағасы.
Comments