Бруцеллез – жануарлар мен адамдарға ортақ жұғатын аса қауіпті жұқпалы аурулардың бірі. Аурудың қоздырғышы – Brucella бактериясы. Бұл ауру ауыл шаруашылығы жануарларының өнімділігін төмендетіп, шаруашылықтарға елеулі экономикалық шығын келтіреді, сондай-ақ адам денсаулығына қауіп төндіреді.
Жануарларда бруцеллез көбіне буаз малдың іш тастауымен, шудың түспей қалуымен, бедеулікпен және төлдің әлсіз тууымен байқалады. Кейбір жағдайда ауру сыртқы белгісіз өтуі мүмкін. Сондықтан ауруды тек ветеринариялық зерттеу арқылы анықтауға болады.
Адамдарға бруцеллез ауру малмен жанасқанда, төлдету кезінде бөлінген сұйықтықтармен байланыс жасағанда, сондай-ақ қайнатылмаған сүт пен сапасыз сүт өнімдерін тұтынғанда жұғады. Аурудың негізгі белгілері – дене қызуының көтерілуі, қалтырау, тершеңдік, буын мен бұлшықеттердің ауырсынуы, жалпы әлсіздік.
Бруцеллездің алдын алудың ең тиімді жолы – ветеринариялық-санитариялық талаптарды сақтау. Мал иелері жануарларды уақытылы ветеринариялық тексеруден өткізіп, жоспарлы қан алу жұмыстарына қатысуы тиіс. Мал төлдету кезінде қорғаныш құралдарын пайдаланып, қора-жайларды тұрақты түрде тазалап, дезинфекциялау қажет. Сонымен қатар сүтті міндетті түрде қайнатып пайдалану ұсынылады.
Құрметті мал иелері! Жануарлардың денсаулығына жауапкершілікпен қарап, ветеринариялық мамандардың талаптарын сақтаңыздар. Бруцеллездің алдын алу – әрбір азаматтың ортақ міндеті. Аурудың таралуына жол бермеу арқылы өз денсаулығымызды, отбасы мүшелерінің амандығын және мал шаруашылығының қауіпсіздігін қамтамасыз етеміз.




Comments