Эхинококкоз – адам мен жануарларға ортақ жұғатын қауіпті паразиттік ауру. Бұл дерт ауыл шаруашылығы жануарлары мен иттер арасында таралып, санитариялық-гигиеналық талаптар сақталмаған жағдайда адам денсаулығына елеулі қауіп төндіреді.
Аурудың негізгі көзі – эхинококк паразитін тасымалдаушы иттер. Паразиттің жұмыртқалары қоршаған ортаға таралып, жуылмаған көкөніс пен жеміс-жидек, лас қол немесе жануарлармен қарым-қатынас арқылы адам ағзасына түседі. Эхинококк көбіне бауыр мен өкпені зақымдап, ұзақ уақыт бойы ешқандай белгі бермеуі мүмкін. Сондықтан бұл аурудың алдын алу – ең тиімді қорғаныс жолы.
Эхинококкоздың алдын алу үшін әрбір тұрғын мынадай қарапайым ережелерді сақтауы қажет:
* иттерді ветеринариялық мамандардың бақылауымен жүйелі түрде дегельминтизациялау;
* қаңғыбас иттермен байланысқа түспеу;
* мал сойған кезде зақымданған ішкі ағзаларды иттерге бермеу;
* көкөніс пен жеміс-жидекті мұқият жуып пайдалану;
* тамақ ішер алдында және жануарлармен жұмыс істегеннен кейін қолды сабындап жуу;
* балаларға жеке бас гигиенасын сақтауды үйрету.
Ветеринариялық қызмет мамандары эхинококкоздың алдын алу мақсатында елді мекендерде тұрақты түрде түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, үй жануарларын профилактикалық өңдеу шараларын ұйымдастыруда. Алайда бұл қауіпті аурудың таралуына жол бермеу тек мамандардың ғана емес, әрбір азаматтың жауапкершілігі екенін ұмытпаған жөн.
Аурудың алдын алу – өз денсаулығыңыз бен отбасыңыздың амандығын қорғаудың сенімді кепілі. Ветеринариялық талаптарды сақтап, қауіпті дерттің таралуына жол бермейік!
Ордабасы ауданы ветеринария бөлімінің паразитолог-рабиолог маманы Т.Мукаева




Comments