Бүгін аудан әкімі Азат Оралбаев, аудандық мәслихат депутаты Бейсенбай Сатыбалдиев ауданымыздың шырайын ашып, келбетін арттыруға үлес қосып жүрген «Темірлан абаттандыру» мекемесінің қызметкерлерін Жаңа жыл мерекесімен құттықтады.
«Сіздердің қыс-жаз, күн-түн демей тынымсыз еңбектеріңіздің арқасында бүгінде ауданымыздың жасыл келбеті, орталығының тазалығы жақсара түсуде. Осындай жауапкершілігі мол, аса маңызды жұмыста тынбай еңбек етіп жүргендеріңізге алғыс айта отырып, баршаңызды алда келе жатқан жаңа жыл мерекесімен шын жүректен құттықтаймын», — деді аудан әкімі өз құттықтауында.
Аудандық Жастар ресурстық орталығы ғимаратында өткен шараға аталған коммуналдық мекемеде тапжылмай қызмет еткен 30-дан астам нәзік жанды әйелдер қауымы қатысты.
Мерекелік сәтті пайдаланып, аудан әкімі Азат Әбдіғалиұлы қазақы салтпен аналарымыздың иығына орамал жабып, сый-құрмет көрсетті. Әрі еңбек адамдарының қызметі әрқашанда қоғамда құрметке лайық екендігін атап өтті.
Айта кетерлігі, «Темірлан абаттандыру» мемлекеттік коммуналдық мекемесінде жалпы 136 қызметкер бар. Олар аудан орталығының жасыл желекті аймағын күтіп ұстаумен айналысады.
Ордабасы ауданы әкімінің баспасөз қызметі
Comments