Мен салымшыларға зейнетақы жинақтарының жай-күйі туралы хабарлау тәсілдері туралы білгім келеді. Салымшы БЖЗҚ-ға телефон нөмірінің немесе тұрғылықты мекенжайының өзгергені туралы хабарлауға міндетті ме?
Қазір зейнетақы жинақтары туралы ақпараттандырудың ең жедел тәсілі – enpf.kz сайтындағы Жеке кабинет немесе БЖЗҚ ұялы қосымшасы арқылы интернет-ақпарат алу. Егер бұрын салымшы өзінің жинақтары туралы ақпаратты пошта байланысы және (немесе) электрондық пошта арқылы алған болса, қазір бұл өзектілігі жоғалып бара жатқан әдістерден бас тартуға мүмкіндік бар. Ол үшін БЖЗҚ кеңсесіне барып, хабарлау тәсілін өзгерту (белгілеу) туралы келісімге қол қоюдың қажеті жоқ. БЖЗҚ сайтындағы немесе ұялы қосымшасындағы Жеке кабинетке кіру жеткілікті.
Оны қалай істеуге болатынын түсіндіріп өтейік:
- БЖЗҚ сайтындағы және ұялы қосымшасындағы Жеке кабинетке кіру кезінде авторланғаннан кейін жүйе салымшының (алушының) «пошта байланысы қызметтері арқылы» және (немесе) «электрондық пошта арқылы» ақпарат алу бойынша белсенді тәсілдерінің бар-жоғын автоматты түрде тексереді.
- Жоғарыда көрсетілген хабарлау тәсілдерінің екеуі немесе біреуі ғана болған жағдайда салымшыға: «Сізге «БЖЗҚ» АҚ Жеке кабинеті арқылы (веб-сайт және ұялы қосымша) зейнетақы жинақтарының жай-күйі туралы ақпарат алуға мүмкіндік берілуіне байланысты Сіз «БЖЗҚ» АҚ-ның зейнетақы жинақтарының жай-күйі туралы ақпаратты бұрын Сіз таңдаған «пошта байланысы арқылы» және (немесе) «электрондық пошта арқылы» таратуынан бас тарта аласыз» деген хабарлама шығарылады.
- Келіскен жағдайда, салымшыға БЖЗҚ дерекқорындағы ұялы телефон нөміріне жіберілетін SMS-код арқылы бас тартуды растау мүмкіндігі беріледі.
- БЖЗҚ дерекқорындағы телефон нөмірі өзекті болмаған жағдайда, SMS-кодты алу үшін БЖЗҚ ақпараттық жүйесінде сақталатын басқа ұялы телефон нөмірін көрсетудің мүмкіндігі бар.
Ақпарат алудың осы бір ескірген тәсілдерінен бас тартқан кезде салымшы өзінің зейнетақы жинақтарын Жеке кабинетіне кіріп тексеру және бақылау мүмкіндігіне ие бола алады.
Сонымен қатар, салымшы (алушы) ЖЗШ-дан үзінді көшірме алу үшін тікелей БЖЗҚ кеңселеріне жүгіне алады немесе үзінді көшірмені таңдалған кестеге сәйкес электрондық пошта арқылы, сондай-ақ, егер хабарлаудың осы тәсілі бұрын таңдалған болса, пошта байланысы қызметтері арқылы (жылына 1 рет) алуды жалғастыра алады.
Заңнаманың ережелеріне сәйкес, салымшылар Қордың өз міндеттемелерін орындауына әсер ететін барлық өзгерістер туралы (оның ішінде электрондық мекенжай, телефон нөмірі, тұрғылықты мекенжайы, банк деректемелері) БЖЗҚ-ға осындай өзгерістер болған күннен бастап күнтізбелік он күн ішінде хабарлауға міндетті. Өзгерістер туралы хабарлау мүмкіндігі БЖЗҚ интернет-ресурстарындағы Жеке кабинет арқылы да, БЖЗҚ кеңсесіне жүгіну арқылы да қолжетімді.
- Ағымдағы жылдың қыркүйек айынан бастап ерікті зейнетақы жарналарын аудару деректемелерінің өзгергенін естідім. Солай ма?
Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің «Банк-Клиент» қашықтан банктік қызмет көрсету жүйесіне көшуінің аяқталуына байланысты, 2023 жылғы 1 қыркүйектен бастап зейнетақы жарналарын БЖЗҚ-ның тек жаңа деректемелері бойынша аудару қажет.
Атауы | Деректемелер |
Бенефициардың БСК | NBRKKZKX |
Бенефициардың ЖСК | KZ92125KZT1002303300 |
Ерікті зейнетақы жарналарын (ЕЗЖ) салымшылар дербес немесе жұмыс берушілер арқылы екінші деңгейдегі банктер және «Қазпошта»АҚ бөлімшелерінен аудара алады.
Міндетті зейнетақы жарналарын, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарын төлеуге келетін болсақ, олар Мемлекеттік корпорацияға аударылуы тиіс. Ал мемлекеттік корпорация, өз кезегінде, оларды өзекті деректемелер бойынша БЖЗҚ-ға аударады.
- Мен 61 жастамын. Жақында интернетте зейнетақы жинақтарын ең төменгі шек есебінсіз мерзімінен бұрын алуға көмек көрсету бойынша қызметтер ұсынатын хабарламаны көрдім. Оларға сенуге бола ма?
Шынында да, қазір алаяқтардың әлеуметтік желілерде жалған ақпарат тарату жағдайлары жиілеп кетті.
Алаяқтар зейнетақы жинақтарын ең төменгі жеткіліктілік шегін (бұдан әрі – ТЖШ) есепке алмай-ақ пайдалану мүмкіндігі туралы жазады. Бұл таратылым «жалған ақпарат» – шындыққа сәйкес келмейді.
Зейнетақы төлемдерін зейнет жасына толғанға дейін (бұл ретте ТЖШ есепке алынбайды) Қазақстан Республикасының әлеуметтік Кодексінде көзделген жағдайларда ғана алуға болады, атап айтсақ:
- Қазақстан Республикасынан тыс жерлерге тұрақты тұруға кеткен кезде;
- мерзімсіз уақытқа белгіленген 1 және 2 топ мүгедектігіне байланысты;
- сақтандыру компаниясымен жасалған зейнетақы аннуитеті шарты шеңберінде.
Зейнетақы жинақтарын тұрғын үйге және (немесе) емделу ақысын төлеуге тек Кодексте белгіленген жағдайларда ғана пайдалануға болады. Олар:
— ТЖШ-дан асатын зейнетақы жинақтары болған кезде;
— сақтандыру компаниясымен зейнетақы аннуитеті шартын жасасқан жағдайда;
— егер Сіз әскери еңбек сіңірген зейнеткер болсаңыз;
— егер Сіз зейнетке жасыңыз бойынша шыққан зейнеткер болсаңыз және Сіздің жиынтық зейнетақыңыз жоғалған табысыңыздың кем дегенде 40% құрайтын болса. Бұл жағдайда сіз міндетті зейнетақы шотындағы жинақтардың 50% дейін пайдалана аласыз.
БЖЗҚ соңғы кездері жаппай таратылып жүрген «жалған» хабарламаларды елемеуге, тек ресми көздерден ақпарат алуға кеңес береді.
Естеріңізге сала кетейік, жинақтаушы зейнетақы жүйесіне қатысты мәселелер бойынша кеңесті БЖЗҚ бөлімшелерінде де, қашықтықтан да алуға болады:
enpf.kz сайты, БЖЗҚ/ЕНПФ ұялы қосымшасы,
байланыс орталығының 1418 нөміріне қоңырау шалып, көп арналы тегін байланыс арнасы арқылы, сондай-ақ +7 777 000 1418 нөмірі бойынша WhatsApp арқылы,
БЖЗҚ-ның Facebook, ВКонтакте, Twitter және Instagram, Одноклассники сияқты танымал платформалардағы әлеуметтік желілердегі ресми парақшаларында.
- Айтыңызшы, инвестициялық портфельді басқарушыны қалай дұрыс таңдауға болады? Олардың саны қанша? Зейнетақы жинағын басқаруға беруге кімдердің құқығы бар? Салымдар қаншалықты қорғалған? Басқарушы компанияны таңдаған кезде басты назарды неге аударған жөн?
Салымшылардың зейнетақы жинақтары зейнетақы жарналары мен оларға есептелген инвестициялық кірістерден тұрады. Зейнетақы активтерін инвестициялаумен ҚР Ұлттық Банкі және инвестициялық портфельді басқарушылар (ИПБ) айналысады.
2023 жылғы 1 шілдеде Әлеуметтік кодекс қабылданған соң, салымшыларға МЗЖ және (немесе) МКЗЖ есебінен зейнетақы жинақтарының жеткіліктілік шегіне қарамастан, 50% дейін, ерікті зейнетақы жарналарын (ЕЗЖ) жеке зейнетақы шотындағы (ЖЗШ) бар сома шегінде ИПБ-ның басқаруына аудару құқығы берілді. Бұдан басқа, сақтандыру компанияларымен өмірлік аннуитеттік төлемдерді қамтамасыз ететін зейнетақы аннуитеті шарттарын жасасқан салымшылар зейнетақы жинақтарын ИПБ-ға толық көлемде бере алады.
ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі (уәкілетті орган) ИПБ-ларға ерекше талаптар әзірледі. ИПБ-лар инвестициялық портфельді басқаруға құқық беретін лицензияға, нарықта табысты жұмыс тәжірибесіне және клиенттердің активтерін басқаруға, соңғы бірнеше жыл қорытындылары бойынша қаржы-шаруашылық қызметтің оң нәтижелеріне, зейнетақы активтерін инвестициялауға байланысты шығындарды жабу үшін меншікті капиталдың жеткілікті мөлшеріне ие болуы және уәкілетті органның тізіліміне енгізілген болуы керек. Бұдан басқа, ИПБ БЖЗҚ-мен зейнетақы активтерін сенімгерлік басқару туралы, сондай-ақ, БЖЗҚ және кастодиан банкпен үш жақты кастодиандық шарт жасасуы тиіс.
Қазіргі кезде зейнетақы активтерін басқару бойынша барлық талаптарға сай келетін ИПБ тізіліміне бес компания кіреді: «Jusan invest» АҚ, «BCC Invest» АҚ, «Сентрас Секьюритиз» АҚ, «Halyk Global Markets» АҚ, «Halyk Finance»АҚ. Олардың тізімі enpf.kz сайтында орналастырылған.
Зейнетақы активтерін басқарушылар – Ұлттық Банк пен ИПБ зейнетақы активтерін инвестициялаудың өзіндік стратегиясына ие. Олар инвестициялық портфельдің құрылымын инвестициялық декларация шеңберінде дербес айқындайды. Осылайша, ИПБ-лар зейнетақы активтерін инвестициялау үшін қандай қаржы құралдары пайдаланылатынын Инвестициялық портфельді басқару жөніндегі қызметті жүзеге асыру қағидаларына сәйкес рұқсат етілген тізбе шеңберінде өздері айқындайды. Бұл экономиканың түрлі секторларындағы, Қазақстандағы және шетелдегі түрлі валюталардағы қаржы құралдары болуы мүмкін.
МЗЖ және (немесе) МКЗЖ есебінен зейнетақы жинақтарының бір бөлігін ИПБ сенімгерлік басқаруына аудармас бұрын, олар туралы ақпаратпен танысып, инвестициялық декларацияларын мұқият зерделеуге кеңес береміз. Мұны www.enpf.kz веб-сайтындағы «Қызметтер» — «Инвестициялық портфельді басқарушылардың тізбесі» бөлімінде жасауға болады. МЗЖ және (немесе) МКЗЖ есебінен зейнетақы жинақтарын сенімгерлік басқаруға беру жөніндегі толық статистика да www.enpf.kz сайтындағы «Көрсеткіштер» — «Зейнетақы жинақтарын басқарушы компанияларға беру» бөлімінде қолжетімді. ИПБ инвестициялық басқаруы үшін инвестициялық кірістің 7,5% аспайтын мөлшерде комиссия алуға құқылы. Комиссиялық сыйақының нақты шамасын жыл сайын ИПБ басқару органы бекітеді және ол жылына көп дегенде 1 рет өзгеруі мүмкін. 2023 жылға арналған ИПБ комиссиялық сыйақысы туралы өзекті ақпарат enpf.kz сайтындағы «Қызметтер» — «Инвестициялық портфельді басқарушылардың тізілімі» бөлімінде орналастырылған.
Инвестициялық қалауыңызға неғұрлым сәйкес келетін ИПБ-ны таңдағаннан кейін БЖЗҚ-ға МЗЖ және (немесе) МКЗЖ есебінен зейнетақы жинақтарын бір немесе бірнеше ИПБ-ға сенімгерлік басқаруға аудару туралы өтінішпен жүгіну қажет. Мұны enpf.kz сайтындағы Жеке кабинетте электрондық цифрлық қолтаңба арқылы немесе БЖЗҚ кеңселерінің біріне бару арқылы жасауға болады.
МЗЖ және (немесе) МКЗЖ есебінен зейнетақы жинақтары өтініш келіп түскен күннен бастап күнтізбелік 30 күн ішінде аударылады. БЖЗҚ мәлімделген соманы ИПБ-ға аударғанға дейін оның күшін жоюға болады. Қарау мәртебесін Қордың сайтындағы Жеке кабинетте тексеруге болады.
МЗЖ және (немесе) МКЗЖ есебінен зейнетақы жинақтарын бір ИПБ-дан екіншісіне жылына көп дегенде 1 рет аударуға болады. Егер сіз жинақтарды ҚРҰБ басқаруына қайтару туралы шешім қабылдасаңыз, онда зейнетақы жинақтарын МЗЖ және (немесе) МКЗЖ есебінен ҚРҰБ-тан ИПБ-ға бергеннен кейін бір жыл өткен соң ғана жүзеге асыра аласыз.
Салымшы зейнет жасына жеткенге дейін 10 жұмыс күні бұрын салымшының МЗЖ және (немесе) МКЗЖ есебінен барлық зейнетақы жинақтары Ұлттық Банктің инвестициялық басқаруына қайтарылады.
Зейнетақы жинақтары Ұлттық банктің басқаруында болған кезеңде салымшы зейнет жасына жеткенге дейін инфляция деңгейін ескере отырып, зейнетақы жинақтарының сақталуына кепілдік қолданылады. Зейнетақы жинақтарын ИПБ сенімгерлік басқаруына аудару кезінде мемлекеттің кепілдігі басқарушы компанияның зейнетақы активтері кірістілігінің ең төменгі деңгейін қамтамасыз ету жөніндегі кепілдігімен ауыстырылады, ол нарықта қолданыстағы ИПБ басқаруына берілген зейнетақы активтерінің орташа өлшенген кірістілігі негізге алына отырып есептеледі. Зейнетақы активтері бойынша ең төменгі кірістілік және орташа өлшенген кірістілік көрсеткіштері ай сайын Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің ресми сайтында есептеледі және жарияланады.
- Мен Қырғызстан азаматы бола отырып, Қазақстан Республикасында жұмыс істеймін. Түсіндіріп жіберіңізші – ЕАЭО-ға кіретін мемлекеттер азаматтарының еңбек өтілі туралы мәліметтерді кім ұсынады?
Қазақстан Республикасында ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 2023 жылғы 23 мамырдағы № 163, ҚР Денсаулық сақтау министрінің 2023 жылғы 26 мамырдағы № 304 бірлескен бұйрығымен 2019 жылғы 20 желтоқсандағы Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің еңбекшілерін зейнетақымен қамсыздандыру туралы келісімді іске асыру бойынша құзыретті органның Қазақстан Республикасының уәкілетті органдарымен өзара іс — қимыл ережесіне (бұдан әрі – Ереже) ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 04.03.2021ж. №62, ҚР Денсаулық сақтау министрінің 28.04.2021 ж. №249 бұйрығымен бекітілген, 26.05.2023 ж. күшіне кірген өзгерістер мен толықтырулар енгізілді.
Ережеге енгізілген өзгерістер мен толықтыруларға сәйкес:
1) «БЖЗҚ» АҚ, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау комитеті және олардың аумақтық бөлімшелері ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің еңбеккерлерінің еңбек өтілін растау жөніндегі Қазақстан Республикасындағы құзыретті органдар болып табылады;
2) ЕАЭО-ға мүше мемлекеттің құзыретті органынан еңбеккердің Қазақстан Республикасының аумағындағы еңбек өтілі туралы «Сұраныс» нысаны төмендегі кезең үшін түскен кезде:
— 1998 жылғы 1 қаңтардан бастап Қазақстан Республикасының құзыретті органы – «БЖЗҚ» АҚ сұраныс жіберген мемлекеттің құзыретті органына жауап жолдайды. Онда ақпараттық жүйедегі міндетті зейнетақы жарналары төленгені туралы деректер негізінде «Жұмыс өтілі туралы» нысан қоса беріледі.
— 1992 жылғы 13 наурыздан 1997 жылғы 31 желтоқсанға дейін Қазақстан Республикасының құзыретті органы — Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау комитеті — Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінде белгіленген мерзімдерде жұмыс берушіден (оның құқықтық мирасқорынан) немесе мұрағат мекемелерінен қажетті мәліметтерді, құжаттарды талап ету жөнінде іс-шаралар жүргізеді. Оларды алғаннан кейін мүше мемлекеттің құзыретті органына «Жұмыс өтілі туралы» нысанын толтыру арқылы жіберетін болады.
Естеріңізге сала кетейік, Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің еңбекшілерін зейнетақымен қамсыздандыру туралы 2019 жылғы 20 желтоқсандағы Келісім (Бұдан әрі – Келісім) 2021 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енді және еңбекшілер мен олардың отбасы мүшелеріне қатысты қолданылады.
Келісімнің ережелеріне сәйкес:
— еңбекшілердің зейнетақы құқықтарын қалыптастыру жұмысқа орналастырушы мемлекет азаматтарының зейнетақы құқықтарын қалыптастыру сияқты шарттарда және тәртіппен зейнетақы жарналары есебінен жүзеге асырылады (3-бап);
— Қазақстан Республикасында зейнетақы жарналарына БЖЗҚ-ға аударылатын зейнетақы жарналары жатады (1-бап);
— еңбекшілерге (отбасы мүшелеріне) зейнетақы тағайындау және төлеу құқығын іске асыру жұмысқа орналасқан мемлекеттің азаматтары үшін қолданылатын шарттар бойынша жүзеге асырылады (3-бап);
— Келісім шеңберінде тағайындалатын зейнетақы түрлері Келісімнің 2-бабында айқындалған.
Comments