Шымкенттегі «Тассай» индустриалды аймағында биылғы жылы жалпы құны 3,5 млрд теңгені құрайтын 150 жаңа жұмыс орнымен 5 инвестициялық жоба іске қосылады. Бүгін құрылысы жүріп жатқан кәсіпорындарды қала әкімі Мұрат Әйтенов аралады.
Әуелі мұнаралы крандар мен лифт шығаратын «Кaspy service» компаниясына барды. Құрылысы 2021 жылы басталған зауыт келесі жылдың ортасына дейін аяқталып, іске қосылады. Бүгінде құрылыстың 30 пайызы атқарылған. Кәсіпорын жылына 10 бірлік өнім шығарады. Жалпы жоба құны 750 млн теңге. Пайдалануға берілсе, 30 адам тұрақты жұмыспен қамтылмақ.
Одан кейін медициналық зертханаға қажетті вакуум түтіктерін өндіретін «Экофарм интернейшнл» ЖШС-ін аралады. Құрылысы 2019 жылы басталған жобаның І кезеңі аяқталған. Пайдалануға беру мерзімі 2023 жылға көзделіп отыр.Кәсіпорын іске қосылғанда, жылына 70 млн дана медицинаға қажетті құрал өндіруге қауқарлы. Сондай-ақ, 200 адам жұмыспен қамтылады.
Келесі нысан медициналық зертхана жабдығын өндіретін «Bio Etica» және «Про-Тек-МП» бірлескен ЖШС-і. Жылына 1 млн дана жабдық шығаратын зауыттың құрылысы 2020 жылы басталған. Бүгінде құрылыстың 90 пайызы орындалған кәсіпорын осы жылдың соңына дейін іске қосылады. Аумағы 0,25 га жерге орналасқан жобаға 125 млн теңге қаржы тартылған.
–Қалада өндіріс орындарының көп болғаны өте маңызды. Кәсіпкерлер тарапынан ұсынылған жобаларға әрдайым қолдау көрсетуге әзірміз. Енді іске қосылғалы тұрған осы кәсіпорындарға 2020 жылы «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы аясында «Тассай» индустриалды аймақтан жер бөлінген болатын. Бұдан да өзге мәселелерді бірге шешуге дайынбыз, — деді қала әкімі.
Comments