2024 жылғы 1 мамырдағы жағдай бойынша БЖЗҚ-да салымшылардың (алушылардың) жеке және шартты шоттарында шамамен 19 трлн теңге жинақталған. Бір жыл ішінде зейнетақы жинақтары 3,3 трлн аса теңгеге (немесе 21,1%) өсті. Жыл басынан бері 4 айдың ішінде олардың өсімі шамамен 1,12 трлн теңге (6,2%) болды.
Міндетті зейнетақы жарналары (МЗЖ) есебінен қалыптастырылған зейнетақы жинақтары 2024 жылғы 1 мамырға 18,3 трлн теңгеден асып, бір жылда 20,6% ұлғайды. Міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары (МКЗЖ) есебінен зейнетақы жинақтарының сомасы шамамен 599 млрд теңге (бір жылдағы өсім — 22,8%). Бір жылдағы ең үлкен өсімді (45,7%) ерікті зейнетақы жарналары (ЕЗЖ) бойынша жинақтар көрсетті. Олардың көлемі шамамен 6 млрд теңге.
Жинақтар мөлшерінің өсімі зейнетақы жарналары мен инвестициялық кіріс түріндегі кіріс ағындары есебінен мүмкін болды. 2024 жылдың 4 айында салымшылардың шоттарына түскен зейнетақы жарналарының көлемі — 856,4 млрд теңге (өткен жылдың көрсеткішімен салыстырғанда 29,1% немесе шамамен 193 млрд теңгеге өсті).
Жарналардың барлық түрлері оң динамиканы көрсетті: МЗЖ есебі бойынша жеке зейнетақы шоттарына (ЖЗШ) жыл басынан бері 01.05.2024 жылға 759,2 млрд теңге түсті (өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда МЗЖ көлемі 20,3% өсті), МКЗЖ — 38,7 млрд теңге (22,7% өсті), ЕЗЖ — 981 млн теңге (өсім 42,1%).
2024 жылғы 1 қаңтардан бастап салымшылардың (алушылардың) зейнетақы шоттарына қосымша қаражат – жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарналары (ЖМЗЖ) түсуде. 2024 жылдың 4 айында ЖМЗЖ есебінен зейнетақы жинақтарының сомасы 57,9 млрд теңгеден асты.
БЖЗҚ салымшыларының жеке және шартты зейнетақы шоттарына есептелген таза инвестициялық кіріс жыл басынан бері 01.05.2024 ж. — 517,6 млрд. теңге.
БЖЗҚ-дан төлемдер мен сақтандыру ұйымдарына аударымдар түріндегі шығыс ағындары 2024 жылдың 4 айында шамамен 285,5 млрд теңге болды. Бұл ретте осы көлемнің 41,7%, яғни 119 млрд теңгесі — тұрғын үй жағдайларын жақсартуға және емделуге арналған біржолғы зейнетақы төлемдері (БЗТ).
Зейнет жасына толуға байланысты төлемдер шамамен 67,8 млрд теңге, бұл өткен жылғы көрсеткіштен 19,2 млрд теңгеге (39,5%) көп.
Сондай-ақ, мұрагерлік бойынша төлемдер – 18,5 млрд теңге, ҚР шегінен тыс тұрақты тұруға кетуге байланысты төлемдер – 11,4 млрд теңге, мүгедектігі бар адамдарға төлемдер – 1 млрд теңгеден астам, жерлеуге төлемдер — 3,3 млрд теңге жүзеге асырылды. Сақтандыру ұйымдарына 64,3 млрд теңгеден астам сома аударылды.
Атап кетейік, БЖЗҚ-дан кесте бойынша орташа айлық төлем сомасы (зейнет жасына толуға байланысты) 33 858 теңге, ал ай сайынғы төлемнің ең жоғары сомасы — 945 752 теңге. Естеріңізге сала кетейік, өткен жылдың осы кезеңінде БЖЗҚ-дан кесте бойынша ай сайынғы төлемнің орташа сомасы 32 090 теңге, ал ай сайынғы төлемнің ең жоғары сомасы 742 692 теңге болған.
2024 жылғы 1 мамырдағы жағдай бойынша БЖЗҚ-дағы салымшылардың жеке зейнетақы шоттарының (ЖЗШ) саны — 12,4 млн бірлік, оның ішінде: 11,1 млн — МЗЖ бойынша, 677,8 мың — МКЗЖ бойынша, 413,3 мың — ЕЗЖ бойынша тіркелген.
Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес келіп түскен ЖМЗЖ және өзге де түсімдер туралы мәліметтер ескерілетін БЖЗҚ-дағы шартты зейнетақы шоттарының (ШЗШ) саны 2024 жылғы 1 мамырда 3,6 млн бірлік болды.
Зейнетақы активтеріне қатысты барлық өзекті ақпарат, соның ішінде республика өңірлері бойынша мәліметтер enpf.kz сайтындағы «Көрсеткіштер» бөлімінде орналастырылған.
БЖЗҚ 2013 жылғы 22 тамызда «ГНПФ» ЖЗҚ» АҚ негізінде құрылды. БЖЗҚ құрылтайшысы және акционері – Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің «Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитеті» ММ арқылы Қазақстан Республикасының Үкіметі. БЖЗҚ зейнетақы активтерін сенімгерлікпен басқаруды Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі жүзеге асырады. Зейнетақы заңнамасына сәйкес БЖЗҚ міндетті зейнетақы жарналарын, жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарналарын, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарын, ерікті зейнетақы жарналарын тартуды, сондай-ақ «Қазақстан Республикасының екінші деңгейдегі банктерінде орналастырылған депозиттерге міндетті кепілдік беру туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес депозиттерге міндетті кепілдік беруді жүзеге асыратын ұйым аударған кепілдік берілген депозит бойынша кепілдік берілген өтемнің талап етілмеген сомасы есебінен қалыптастырылған ерікті зейнетақы жарналарын есепке алып, оның есебін жүргізеді, зейнетақы төлемдерін жүзеге асыруды қамтамасыз етеді. Сондай-ақ Қор нысаналы активтер мен нысаналы талаптарды есепке алуды, нысаналы жинақтау шоттарына нысаналы жинақтарды (НЖ) есепке алу мен есептеуді, НЖ төлемдерін оларды алушының банк шоттарына есептеуді, «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасы шеңберінде Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындаған тәртіппен НЖ қайтарымдарын есепке алуды жүзеге асырады (толығырақ www.enpf.kz сайтында).
Comments