БЖЗҚ-дан зейнетақы төлемдерін жүзеге асыру тәртібінде аса үлкен өзгерістер болған жоқ.
Әлеуметтік кодекс күшіне енген 2023 жылдың 1 шілдесінен бастап төлемдер зейнетақы төлемдерін жүзеге асыру сәтінде белгіленген тәртіп бойынша жүргізіледі. Бұған дейін, Қазақстан Республикасы Үкіметінің 02.10.2013 жылғы № 1042 қаулысымен бекітілген зейнетақы төлемдерінің мөлшерін есептеуді жүзеге асыру әдістемесіне сәйкес ай сайынғы зейнетақы төлемінің мөлшері алушының өтініш берген күнгі зейнетақы жинақтары сомасынан есептелетін еді.
Мысалы, №521 Қағидалардың 3-тармағының 1) тармақшасына сәйкес, егер зейнетақы жинағының сомасы БЖЗҚ-дан төлем жасалған күнге тиісті қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы заңда белгіленген ең төменгі зейнетақының он екі еселенген мөлшерінен аспаса, бұл сома алушыға БЖЗҚ-дан бір рет біржола төленеді.
Әйтпесе, кесте бойынша Төлем тәртібі өзгеріссіз қалды. Әлеуметтік кодекстің 207- бабының 1 тармағына сәйкес жасына байланысты зейнетақы төлемдерін тағайындау жүргізіледі:
Бұл ретте әйелдердің жасына байланысты зейнетақы төлемдерін тағайындау:
2023 жылғы 1 қаңтардан бастап 2028 жылғы 1 қаңтарға дейін — 61 жасқа толғаннан кейін;
2028 жылғы 1 қаңтардан бастап — 61,5 жасқа толғанда;
2029 жылғы 1 қаңтардан бастап — 62 жасқа толғанда;
2030 жылғы 1 қаңтардан бастап — 62,5 жасқа толғанда;
2031 жылғы 1 қаңтардан бастап — 63 жасқа толғанда жүргізіледі.
Зейнет жасына толуына байланысты кесте бойынша төлемдер тағайындалу үшін «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясына жүгіну қажет. 1 немесе 2 топтағы мерзімсіз мүгедектігі бар адамдар төлем тағайындалу үшін БЖЗҚ-ға жүгінуі тиіс. Мұны Қор бөлімшелерінің бірінде немесе enpf.kz сайтындағы Жеке кабинетте жүзеге асыруға болады. Сонымен қатар, осы санаттағы алушылар enpf.kz сайтындағы «Электрондық қызметтер» бөлімінде электрондық өтінім беру арқылы БЖЗҚ мамандарының мобильді тобын шақыра алады.
Comments