Алаяқтық — Қазақстан Республикасы Қылмыстық Кодексінің 190- бабына сәйкес, бөтеннің мүлкін жымқыру, алдау немесе сенімді теріс пайдалану жолымен бөтен мүлікке құқықты иемдену. Бүгінде ақпараттық жүйені пайдаланып, алдау, арбау арқылы ақшалы болудың ең көп таралған жері – сауда-саттық маңы. Әсіресе сұранысқа ие «Instagram» әлеуметтік желісінде кімнің ақ, кімнің қара екенін ажырату өте қиын. Сонымен қатар, өзге біреудің атынан онлайн несие рәсімдейтіндер қатары да көбейіп келеді. Біреуге жалған құжат көрсетіп, алаяқтық жасап жатқандарда жоқ емес. Яғни, алаяқтықтың түрлері көптеп кездесуде. Осындай қылмысты жасаған адамдарды жауапқа тарту не айыпты деп тану үшін, оның мән-жайын толық зерттеп, зерделеу қажет. Бұл бағытта полиция қызметкерлерінің атқарар рөлі ерекше. Олар істі ашу үшін жан-жақты тексеру жұмыстарын жүргізіп, күн-түн демей қызмет атқарады. Тәртіп сақшыларының жүйелі жұмыстарының нәтижесінде күдікті құрықталып, өзіне лайықты жазасын алады. Мәселен, Түркістан облысы бойынша «Алаяқтық» бабымен былтырғы жылдың 4 айында 529 жайт тіркелсе, ағымдағы жылдың 4 айында 448 қылмыс тіркелген. Бұл әрине полиция қызметкерлерінің тиянақты жұмыстарының нәтижесінде орын алған процесс. Қылмыстық істің ашылымы 89,4%-ды құрап отыр.
Алаяқтықтың қылмыс екенін жұрттың бәрі біледі, бірақ, бұл қылмыспен күрестің маңыздылығы мен күрделілігін әркім түсіне бермейді. Сондықтан полиция қызметкерлері тұрғындарға ескертеді: кез келген жанға сенбеуді, алаяқтың арбауына түсіп қалмауды ескертеді. Азаматтарға әр түрлі алаяқтардың айла-амалдарына түспеу үшін қырағы болуды ұсынады. Таныс емес адамдарға мүліктеріңізді, жеке мәліметтеріңізді, банк шоттарының кодтарын және ақшаларыңызды, басқа да ақпаратты бермеңіз. Егер сіз алаяқтықтың құрбаны немесе куәсі болсаңыз, тез арада полицияға 102 телефоны арқылы хабарласыңыз.
Comments