Басты ақпарат

«AMANAT» — ПАРАСАТ БИІГІН ПАЙЫМДАҒАН ПАРТИЯ

0

Былтырғы жыл еліміздің саяси өмірінде елеулі оқиғалармен есте қалды. Мемлекет басшысы жариялаған конституциялық реформалардың жалғасы ретінде Парламент Мәжілісі мен барлық деңгейдегі мәслихаттар депутаттарының сайлауы өтті. Облыс тарихында алғаш мәрте 4 ауданның әкіміне үміткерлерге тұрғындар өздері дауыс беріп, таңдады. «AMANAT» партиясы еліміздегі ең ірі, ықпалды саяси күш ретінде осы сайлау науқандарының бел ортасынан табылды. Партияның Түркістан облыстық филиалының қоғам мен мемлекет игілігі жолындағы қызметін білмек ниетте саяси ұйымның өңірлік филиалының төрағасы, Түркістан облыстық мәслихатындағы «AMANAT» партиясы фракциясының жетекшісі Алтынсары Дүйсенбекұлы Үмбетәлиевпен сұхбат жүргіздік. Назарларыңызға осы сұхбатты ұсынамыз.

— Алтынсары Дүйсенбекұлы, «AMANAT» партиясы өзіндік меже-міндетін халық үніне құлақ асатын, сайлаушылардың талаптарын бұлжытпай орындайтын саяси күш ретінде айқындағанын жақсы білеміз. Сұхбатты осы тұстан өрбітсек. Түркістан облысы тұрғындарының «AMANAT»-қа деген сенімі қай деңгейде деп білесіз?

— Сауалыңыздың төркінін ұқтым. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев партия қызметін қайта құрылымдауға арналған кезектен тыс съезде егемендігіміз, елдігіміз бен бірлігіміз, кең байтақ жеріміз – бізге бабалардан жеткен аманат екенін айтты. Әр азамат үшін қастерлі бұл құндылықтар жүрек түкпірінде сақтаулы. Аманатқа адалдық шын мәнінде әрбіріміздің жүрегімізде.

Нақты деректермен айтар болсам, бүгінде Түркістан облысы бойынша партия мүшелерінің саны 82 мыңнан астам адамды құрайды. Облыс аудан, қалаларында партияның 17 аумақтық филиалдары қызмет атқарады. Ірі кәсіпорындарда, тірек шаруашылықтарда 241 бастауыш партия ұйымы әрекет етеді. Республика бойынша ең көп партия мүшелері де, ұйымдық құрылымы кеңінен жайылып, таралым аймағы өріс алған өңір де – Түркістан облысы болып отыр.

Партияның мүшесі болу азаматтың жеке бастамасымен және ерікті қалауымен жүзеге асады. Партияның түрлі көзқарастар мен ой-пікірлердің тоғысатын, үндесетін алаңы болып қалыптасуы себепті болар, қызметі түбегейлі жаңарған партия құрамына қосылғысы келетін азаматтардың саны жыл санап артып келеді. Мәселен, партияның Түркістан облыстық филиалына қарасты бастауыш партия ұйымдарымен 2022 жылы 2449 адам партия қатарына жаңадан қабылданса, былтырғы жылы бұл көрсеткіш 3338 адамға жетті. Алдағы меже – өңірдегі партияластарымыздың қатарын 100 мың адамға дейін жеткізу. Бұл дегеніңіз облыстағы барша халықтың 5 пайызына жуығы деген сөз.

 

Партияның мәні не дейтін сауалға келетін болсақ, ең әуелі мынаны айтар едім. Жалғыз шырақ сәуле болмайды. Мемлекет мүддесі мен ел тағдыры, аймақ тынысы мен ауыл тіршілігі тұрғысында жалғыздың жөнін емес, көптің жоғын іздеу әлдеқайда маңызды. Ұстаным жақындығы, мүдде ортақтығы және мақсат-міндет орайластығы азаматтарды бір саяси партия аясына жұмылдырып, мемлекеттік биліктің қоғам сұраныстарына сай іс-қимыл жүргізуіне жәрдемші болуда.

Партияға мүше болып табылатын азаматтардың 30 пайыздан астамы және осы көрсеткішке жетеғабыл үлестегілер – қоғамның ең экономикалық белсенді тобы – отыз бен қырық және 50 жас аралығындағы тұрғындар. Алпыс жасқа дейнгілердің үлесі 23 пайызға жуықтаса, отыз жасқа дейінгі жастар санатындағылар барлық мүшелердің жеті пайызын құрайды. Бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығармақ ниеттегі ісімізде жаңа лептің жаршысындай болған жас буын арасынан салмақты саяси көшбасшыларды дайындауға басымдық береміз.

Келтірген деректерден халықтың партияға деген сенімінің жоғары екенін, ұйым ұстанымының тұрғындарға ұнамды сипатта өріліп жатқанын байқаймыз. Демек, «AMANAT»-тың беделін ел ішіндегі абыройымен өлшейтін болсақ, оны қоғамда өзіндік орны бар белді саяси ұйым деп батыл бағалауға болады.

 

— Азаматтардың еріктілік жігерімен құрылатын партия саяси салмағын халықтың қолдауына ие болу арқылы арттырады. Сайлау науқаны партияның тиімділік деңгейін көрсететін кезең екені белгілі. Былтырғы жылы Парламент Мәжілісінің депутаттарын, облыстық, аудандық, қалалық мәслихат құрамдарын сайладық. Бірқатар аудандарда аудан әкімдерін сайлау науқаны өтті. Ауыл әкімдерінің сайлауы жалғасын тауып келеді. Осы электоралды науқандарда «AMANAT» партиясы қандай көрсеткіштерге ие болды? Таңдау жасалған өкілдер партия үмітін ақтап отыр ма?

— Қызмет мәнін жаңа формацияға бейімдеп, түбегейлі жаңа ұстанымдарды алға шығарған «AMANAT» партиясының бүкіл миссиясы әділ қоғам құруға арналып отыр. Осы мақсатқа жету жолында еркін ойлы, өзінің білімімен жетілген адамдарға мемлекеттік билік және жергілікті өзін-өзі басқару органдарында өкілдік етуге мүмкіндік беру – партиялық қызметтің мәні.

Дұрыс айтасыз, халық таңдау жасайтын электоралды науқан – бұл партия үшін нағыз сын сағаты, беделі мен тәжірибесі безбен

таразысына түсетін әділ бағалау сәті. Егер партияның жұмысы жақсы болса, қоғамның таңдауына ие болып жемісін көреді, қызметі соншалықты айтарлықтай болмай төмен дауысқа ие болса, жіберген қателіктерін түзеуге біршама уақыт алады.

Былтырғы жылғы наурызда өткен Парламент Мәжілісі мен барлық деңгейдегі мәслихаттар сайлауында «AMANAT» партиясы қызмет тиімділігін көрсетіп, халықтың жоғары бағасын иеленді. Партиялық тізім бойынша Парламент Мәжілісі депутаттарының сайлауына түскен 7 саяси партия ішінен «AMANAT» партиясы сайлаушылардың 53,90 пайыз дауысын алып, заң шығарушы органда 40 мандатқа ие болды.

Осы сайлау науқанында «AMANAT» партиясы Түркістан облысы бойынша сайлаушылардың 56,9 пайыз дауысын алды. Өңір бойынша барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының мандат саны 338 болса, соның 269 мандатын, яғни облыстық, аудандық, қалалық мәслихат депутаттарының 80,2 пайызын — «AMANAT»-тық өкілдер иеленді.

Депутаттық корпус өкілдерінің жұмыс тиімділігі партия қабылдаған Сайлауалды бағдарламаны іске асыру нәтижелерімен және сайлаушылар білдірген өтініштердің орындалуымен бағаланады. Бүгінге дейін сайлаушылардан келіп түскен мәслихат депутаттарының бақылауындағы 1748 өтініштің 97 пайызы оң шешімін тапты, қалғандарының белгіленген мерзім ішінде жүзеге асырылуы қадағалауға алынған.

Өзім жетекшілік ететін Түркістан облыстық мәслихатындағы партиялық фракцияның 7 мәжілісі өтіп, ауыл аймақтардағы мектептер құрылысы, табиғи газ, ауыз су жүйелерін тарту, электр қуатының сапасын арттыру, жол салу, ауыл тұрғындарының табысын арттыру, жайылым тапшылығын еңсеру сынды өзекті мәселелердің қисынды шешім табуы жан-жақты қаралды. Депутаттардың табандылық танытуының нәтижесінде ел ішіндегі көптеген түйіндер тарқатылып, өңірлік даму бағдарламаларының тізбегіне енгізілді.

Өңірдің жергілікті басқару тарихында алғаш мәрте барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының форумы өтті. Өкілді және атқарушы билік тармақтарының өзара ықпалды әрекеттесу алаңы боп бекіген жиынға Түркістан облысының әкімі Дархан Амангелдіұлы Сатыбалдының өзі қатысып, «AMANAT» жетекші партия ретінде халық сеніміне ие болған ұйым екенін айтты. Басты міндет – тұрғындардың әл-ауқатын жақсартуда депутаттар мен жергілікті атқарушы органдар үйлесімді жұмыс жүргізсе, өңірдің дамуы серпінді болатынын атап өтті.

Мағынасы терең, мазмұны ерек жиынға партия атынан өкілдік ететін депутаттар қатысып, 4 панельдік сессия бойынша облыс әкімінің салалық орынбасарларына, басқарма және департамент басшыларына сайлаушылар білдірген базыналарды тікелей жеткізуге мүмкіндік алды. Форум барысында айтылған 114 ұсыныстың орындалуы партия филиалының тұрақты бақылауына алынып, облыс әкімдігінің салалық басқармаларымен бірлесе іске асырудың жолдары белгіленді.

 

Сондай-ақ былтыр партияның Түркістан облыстық филиалы 2 мәрте Саяси кеңес Бюросының отырыстарын өткізіп, Саяси кеңес мәжілісін шақырды. Күн тәртібінде – партияның Сайлауалды бағдарламасын іске асыру жөніндегі Жол картасын бекіту, сайланбалы лауазымдарға партия өкілдерін ұсыну мәселелері қаралып, партияның шын мәніндегі мақсаты бір ұжымдық ұйым ретіндегі үлгісін көрсетті.

Президент жария еткен саяси реформалардың заңды жалғасы ретінде былтыр Түркістан облысында пилоттық режимде 4 аудан әкімдерінің сайлауы өтті. Оның ішінде Мақтаарал, Созақ, Шардара аудандарында «AMANAT» партиясы ұсынған кандидаттар айқын дауыс басымдықтарымен жеңіске жетті. Ауылдық округ әкімдерінің сайлауы 46 әкімшілік бірлікте өтіп, оның 42-інде партия ұсынған кандидаттар сайланды. Бұл көрсеткіштерден де партияның бедел биігін көріп, қызмет тиімдігін объективті бағалауға негіз бола алады.

 

— Енді партияның сайлау алдындағы уәделерінің орындалуы мәселесін қарастырайық. Партияның Түркістан облыстық филиалы жоспарлы көрсеткіштерін орындауда халықтың сенім үдесінен шыға алды ма? Артылған сенімді абыроймен көтеруде нендей шаруа атқарылды?

— Сөз қадірін білетін халқымызда «Байламы жоқ уәде – қанаты жоқ бос сөз» дейтін даналық дәнегі бар. Партия қабылдаған сайлауалды бағдарлама – халықтың талабымен пісіп жетілген, қолда бар мүмкіндік пен атқарушы биіліктің күш-әлеуеті ескеріліп өлшеп-пішілген нақты істер жиынтығының жоспары. Сайлауалды бағдарламаны іске асыру жөніндегі Жол картамызда Түркістан облысы көлемінде алдағы бес жылдық мерзімде атқарылуы тиіс жоба-жұмыстар түгел қамтылды.

Біз белес етіп белгілеген биіктігіміз – тұрғындармен бетпе-бет отырып айқындаған мәселелерден тұрады. Халықтың сұранысын зерделеп, оларды жергілікті атқарушы биліктің бағдарламалық жоспарларымен үйлестіре отырып, мәні мен мазмұнына, міндеті мен межесіне сай топтастырып кешенді жоспарын түздік. Жол картамызда қарастырылған әрбір мәселенің жыл сайынғы даму динамикасын белгілеп, қол жеткізілуі керек аралық индикаторларын айқындадық. Көрсеткіштердің орындалуын мәслихаттағы партиялық фракцияның отырыстарында, партиялық құрылымдардың жұмыс жиындарында майшаммен талдап-таразылап, қалыс қалған не кенжелеп тұрған жұмыс межелерін партиялық ресурсты дер кезінде жұмылдыру арқылы тізбектің түзулігін сақтап отырдық.

Партия филиалы қабылдаған Жол картасы облыс үшін маңызды 4 негізгі бағытты қамтиды. Бес жылдық кезеңде 136 индикатор бойынша                         542 іс-шараны атқару жоспарланған. Партия белгілеген міндеттер шеңберінде ауылшаруашылығын дамыту, жұмыс орындарын құру, кәсіпкерлікті қолдау, жастар үшін мүмкіндіктер жасау, туризмді дамыту, сапалы білім беру мүмкіндігін кеңейту, медициналық қызметтің қолжетімділігін қамту, мәдениет, спорт салаларын ілгерілету, халықты тұрғын үймен қамту, жол сапасын жақсарту, ерекше қажеттіліктері бар азаматтарға қолдау көрсету, азаматтардың қаупісіздігін қамту, экологиялық ахуалды жақсарту бастамаларын жүзеге асырудың кезеңдік жұмыстары белгіленген.

2023 жылдың қорытындысымен былтырғы жылға жоспарланған 119 атаулы іс-шаралар тармақтарының 108-і толықтай жүзеге асып, жоспарды іске асырудағы орындаушылық тәртіптің деңгейі 90,7 пайызға жетті. Қалған көрсеткіштердің орындалуы жылдың қорытынды статистикалық есептерінің нәтижесімен белгілі болмақ.

Жол картаның орындалуын нақтылы сандармен сөйлететін болсақ, жоспарда қамтылған міндеттер аясында өңірімізде 57 кәсіпорын іске қосылды. Оның ішінде инновациялық жобалар ретінде керамзитті кірпіш өндіру, алюминий профильдер шығару ісі жолға қойылды. Экономикасы ауыл шаруашылығына бейімделген облысымзда жаңадан 9 тауарлы-сүт фермасы, 9 мал бордақылау алаңы, 6 жылыжай кешені және 6 балық өсіру фермасы іске қосылды. Ашылған жұмыс орындарының саны 1 мың бірлікке артты.

Жалпы көлемі 853,3 мың шаршы метр болатын тұрғын үй, 5150 оқушыға арналған 20 мектеп, Түркістан қаласындағы «Мұз сарайы» кешені, Мақтаарал, Бәйдібек аудандарында спорт кешендері салынды. Өңірдің туристік тартымдылығын кеңейтуде 2 заманауи қонақ үй кешені, 2 емдеу-сауықтыру орталығы іске қосылды. Партия ұйытқы болған «Туған жер» арнайы жобасы бойынша меценаттардың есебінен 127 қоғамдық маңызға ие нысан салынып, техникалық жаңартуды қажет ететін 86 нысан жөндеуден өтті.

Сондай-ақ, облыста 326,1 мың шақырым автомобиль жолдары жөнделді. 44 елді мекен газбен, 20 елді мекен ауызсумен қамтылды. Отырар ауданында қуаты 50 МВт күн электр станциясы іске қосылды. Кентау қаласында 55 көпқабатты тұрғын үй модернизациядан өтті. Облыс бойынша 85 мектептің қазандықтары қатты отыннан газға ауыстырылды. Азаматтардың қауіпсіздігін қамтуда Келес, Созақ, Сауран, Ордабасы, Сарыағаш, Түлкібас аудандары мен Арыс қаласында 8 өрт сөндіру бекеті салынды.

Түркістан қаласындағы «Hazret Sultan» халықаралық әуежайының  авиарейстер географиясын ұлғайту бойынша жүйелі жұмыстар қолға алынды. Қазіргі уақытта Түркістан халықаралық әуежайы Стамбул, Эль-Кувейт, Абу-Даби бағыттары бойынша 3 халықаралық және Астана, Алматы, Ақтау, Ақтөбе, Орал, Қарағанды, Қостанай маршруттары бойынша 7 республикаішілік әуе бағыттарына қызмет көрсетеді.

Өңірде былтырғы жылы 133,6 мыңға жуық жаңа жұмыс орындары құрылды, оның ішінде 93,4 мыңнан астамы – тұрақты жұмыс орындары санатында.

Табанды қайратпен келген осынау таудай еңбек сөз басында айтқан байламды уәденің баянды жемісі. Өңір жұртшылығының бізге көрсеткен жалынды қолдауы жүрекке жігер беріп, білекке күш дарытты десем артық айтқаным емес.

 

— Уәде мен іс арасында қылаудай айырмашылық болмауы керек ниетінде ауқымы кең жұмыстар жүргенін айттыңыз. Қоғамда өзіндік орны бар, отандық саясат сахнасында негізгі «ойыншы» саналатын ұйымның дербес партиялық бастамалары жөнінде айтып өтсеңіз. Партиялық жоба деген айдары бар бастамаларыңыздың қоғамға қандай айтары бар?

— Партия саясаттағы қатаң қағидаттар мен қасаң ережелерден тұратын бірлестік емес. Ол – заманның талабымен үндесіп жылжитын, қоғамның талғамымен толығып ілгерілейтін ұйым. Жұртшылықты неғұрлым толғандыратын тақырыптар партия қызметінің бағдарлы нысанасына алынып, жұмыс ағынының екпінді арнасын түзеді. «AMANAT» партиясы бедерлеп белгілеген партиялық жобалардың кез келгені Түркістан облысының халқы үшін өте өзекті екенін айтқым келеді.

Мәселен, «Жер аманаты» жобасын алып қарайық. Түркістан өңірі еліміз бойынша халық саны ең көп облыстардың бірі. Ауылдардың саны жөнінен де республикада көш бастаймыз.  Сегіз жүзден астам елді мекені бар Түркістан облысы халқының сексен пайызға жуығын ауыл тұрғындары құрайды. Экономикалық қуаты да, халықтың тұрмыс ахуалы да ауылшаруашылығымен тікелей байланысты өңір үшін жайылымдар тапшылығын еңсеру – басты мәселе.

«Жер аманаты» бойынша Түркістан облысында 2022 жылы 1 млн.-нан астам гектар жайылым ортақ игілікке қайтарылса, былтырғы жылы 335 мың гектар жайылым мемлекет меншігіне қайтты. Ауылдардағы тарылған өрістердің ахуалын осылайша реттейтін боламыз.

«Ауыл аманаты» да ауылдағы ағайынның тұрмысын түзеуге арналған бірегей жоба. Былтыр мемлекеттен бөлінген мақсатты 19,7 млрд. теңгеге 3256 жоба қаржыландырылды. Жобаға қатысқан 16 аудан, қаладағы 64 ауылдық округте жылыжай кешендері бой көтерді, техникалар паркі жаңартылды, ет-сүт қорын қалыптастыру шаруашылықтары құрылды. Ауыл тұрғындарының табысын арттыруда егін, мал шаруашылықтары қаржыландырылды. Құс және балық өсіру ісі жолға қойылды. Өндірістік кооперативтердің құрал-жабдықтарын жаңарту бастамасы қолға алынып, ауылдық жерде кәсіпкерлікті дамытуға негіз қаланды.

Түркістан облысында республика халқының он пайыздан астамы тұрады. Халықтың қаржылық ұйымдар алдындағы борышкерлік міндеттемелерінің шектес тыс белең алуы – алаңдатарлық мәселе.   «Қарызсыз қоғам» жобасымен тұрғындардың қаржылық сауаттылығын арттыру ісіне басымдық берілді. Былтырғы жылы жоба аясында ауыл-аймақтарда 12650 адамды оқыту курстарына қамту жоспарланса, нақты 14600 адам қаржылық сауаттылық бойынша оқытылып, жылдық жоспар 115 пайызға артығымен орындалды.

Қариясын қазынаға балайтын өңірдің аға буын өкілдеріне қамқорлық көрсету — «Ардагерлерді ардақтайық» жобасының міндеті. Бүгінде өлкемізде зейнет жасындағы 188 мыңға жуық аға буын өкілдері тұрады. Тиісті салалық мемлекеттік органдармен бірлесе  ардагерлерді сауықтыру, тегін басылымдарға жаздыру, демеушілер және жергілікті бюджеттер есебінен коммуналдық қызметтерге жеңілдіктер беру мәселелері шешілген. Партиялық алаңдарда ардагерлердің қатысуымен 122 қоғамдық қабылдау өтіп, олар көтерген 231 мәселе шешімін тапты. Жалғызілікті қарияларға қолдау көрсетуде «Жастар рухы» Жастар қанатының өкілдері 273 волонтерлық көмек көрсету іс-шараларын өткізді.

«Кедергісіз келешек» жобасы бойынша облыста тұратын 97 мыңнан астам азаматтың мемлекеттік қолдау шараларымен қамтылуы облыстық партия филиалының тұрақты бақылауына алынған. Жол картасында қамтылған міндеттер бойынша қоғамдық орын санатындағы 776 нысан ерекше қажеттіліктері бар адамдар үшін бейімдеуден өтті. Партия филиалы жанынан құрылған мониторингтік топ 263 нысанда зерделеу жұмыстарын жүргізді, 32 нысанда кемшіліктер анықталып, реттелуі қадағаланды. Партиялық жоба бойынша былтыр барлығы 405 іс-шара өтіп, 8565 азамат қамтылды.

Ана мен бала қамқорлығы «Бақытты отбасы» жобасы аясында жүзеге асады. Облыс бойынша 400 мыңнан астам отбасылар тіркеуден өтсе, оның 174 мыңнан астамы – көпбалалы отбасылар. Жоба аясында партия әлеуетімен құрылған 161 жедел әрекет ету топтарымен тұрмыстық қиын ахуалға түскен 993 отбасы анықталып, мемлекеттік органдардың қамқорлығына алынуына жәрдемші болды. Партияның қоғамдық қабылдау бөлмелеріне 374 азамат көмек көрсетумен байланысты өтініштерімен жүгініп, оларға меценаттар арқылы тиісті жәрдем көрсетілді.

Балаларға арналған қауіпсіз ортаны қамтуда 130 рейдтік іс-шаралар атқарылып, көшелер мен аулалардағы қаңтарылып тұрған кәріз қақпақтары, электрщиттері қалпына келтірілді. Жаңа оқу жылы қарсаңында партияластар 3270 оқушыға 52 млн. теңгеге жуық қаржыға оқуға қажетті құралдармен қамтыды.

Әйелдердің мемлекеттік басқаруға және инклюзиялық қоғам мен гендерлік паритетті қалыптастыруға белсенді қатысуын кеңейтуде былтыр «AMANAT» партиясының Әйелдер қанатын құру бастамасы көтерілді. Өңір халқының тең жартысы әйелдер болып табылатын өлкеде партия филиалы жанынан Әйелдер қанаты құрылып, оның қызмет аясына партияның мүшесі болып табылатын қыз-келіншектер, мәслихаттың әйел депутаттары жұмылдырылуда.

«Ұлттық мұра» жобасы шеңберінде облыстағы партиялық алаңдарда барлығы 142 іс-шара өткізіліп, мәдени құндылықтарды насихаттау, қазақ тілінің мәртебесіне лайықты орын алуына үлес қосу, ұлттық спорт түрлерін ілгерілету бастамалары жүзеге асты. Партия бастамасымен жүзеге асқан «Ұлы дала жорығы» марафон-бәйгесінің қорытынды кезеңі Түркістан қаласында өтті. Елорда мен Түркістан аралығында 1300 шақырымды артқа тастап жеткен шабандоздарды «AMANAT» партиясының Атқарушы хатшысы Дәулет Жамаубайұлы Кәрібек қарсы алып, игі тілегін жеткізді.

Айта берсек, ауыз толтырып тізбектейтін жұмыстарымыз өте көп. Бірлікке бастайтын, ымырашыл тірлікке жұмылдыратын, ортақ мақсат үшін айрандай ұйыстыратын мұндай санаттағы жұмыстарымыз алдағы уақытта да үздіксіз жалғасып, партияның шын мәніндегі халықтық ұйым ретіндегі мәртебесін биіктететін боламыз.

 

—  «AMANAT»-тың ауқымды тірлігінен біраз хабардар болдық. Партияның халыққа бір табан жақын болуын қамтуда тағы қандай жұмыстарыңызды атап өтер едіңіз? 

— Партия айқындаған ең негізгі басымдықтың бірі – тұрғындармен нәтижелі кері байланыс арнасын түзу. Былтырғы жылы партия филиалдарының қоғамдық қабылдау бөлмелеріне 13287 арыз-шағым келіп түсті. Азаматтар сұраныстарының 63,2 пайызы оң шешімін тапса, 35,2 пайызына заң аясындағы кеңестер берілді. Ал 219 өтініштің қаралу мерзімдері нақты белгіленіп, олардың орындалуы бақылауға алынған.

Облыстағы партиялық алаңдарда былтырғы жылы 3 мыңнан астам қабылдау жүргізіліп, оларға 10 мыңнан астам адам жүгінді. Сонымен қатар, шалғай елді мекен тұрғындарының сұраныстарын тыңдауда 216 мобильді көшпелі қоғамдық қабылдау өтіп, 1084 азаматтың өтінімдері тыңдалды. Олпардың тең жартысы шешімін тапса, қалғандарына заң аясында кеңестер берілді.

«Құқықтық көмек» жобасы бойынша айына екі мәрте құқық қорғау органдары өкілдерінің, заңгерлердің, адвокаттардың, сот орындаушыларының қатысуымен ашық есік күндерін өткізу, жеке қоғамдық қабылдаулар ұйымдастыру жұмыстары атқарылды. Осы форматтағы 470 қабылдау жүргізіліп, 1080 азаматтың мәселелері қаралды. Арыздардың 65 оң шешімін тапса, 35 пайызына кәсіби құқықтық кеңестер берілді. «Халыққа көмек» жобасы шеңберінде  443 қабылдау өткізіліп, 1300 азаматтың жеке мәселелері қарастырылды. Келушілердің 64 пайызының мәселелері оң шешімін тапты, 36 пайызына заң аясында көмектер берілді.

Қоғам мен билік арасындағы кері байланысты қамтуда облыстағы партиялық филиал жанындағы қоғамдық кеңестердің 132 отырысы өткізіліп, 210 мәселе қаралды. Қаралған тақырыптар шеңберінде мемлекеттік органдарға 432 ұсыным жолданып, олардың орындалуы партия назарында болды. Партиялық бақылау комиссиясымен 56 ұсыным беріліп, орындалуы үйлестірілді. Партияның Жол картасына енген нысандардың құрылыс алаңдарында 50 партиялық бақылау бекеті қойылып, құрылыс барысында анықталған 21 кемшілік партияның ықпал етуімен түзетілді.

Партия өкілдерінің қоғам алдындағы ашықтығы мен жариялығын қамтамасыз етуде облыстық партия филиалы жанынан брифинг алаңы ашылды. Бекітілген кесте бойынша мұнда облыстық мәслихат депутаттарының және аудан, қалалардың мәслихат төрағаларының қатысуымен 49 брифинг өтіп, партия айқындаған басымдықтардың жүзеге асырылу барысы таразыланды.

Өңір халқының 650 мыңнан астамын – жастар құрайды. Жастар контингентімен жұмыс жүргізуде партия филиалының «Жастар рухы» жастар қанатымен бірқатар маңызды жұмыстар атқарылды. Оның ішінде «Жастарға жұмыс» жобасымен жұмыс берушілермен кездесулер, тарихи орындардың сақталуын, қоғамдық мүліктің бүлінбеуін қамтуда «Вандализмге жол жоқ» акциясын, «Қауіпсіз қоғам» жобасы бойынша полиция қызметкерлерімен бірлесе рейдтік іс-шаралар өткізді. Студенттік жатақханалардың ахуалына мониторинг жүргізді. «BIR TOLQYNDA» танымал тұлғалармен кездесулер кештерін, «TazaLike» эко-акцияларын, «AMANAT AQYLMAN» интеллектуалды ойындарын, «AMANAT CUP» және «MASLIHAT CUP» спорттық жарыстарын ұйымдастырды.

Белсенді жастарымыз түрлі жүлделерден де кенде емес. Партия ұйымдастырған «QAISAR» әскери-патриоттық ойындарының жеңімпазы болып Түркістан облысының жастары анықталды.    «AMANAT» партиясы жариялаған республикалық жастар сыйлығының номинациялары бойынша Түркістан облысынан екі бірдей жыл үздігі анықталып, марапатталды. Болашағынан үміт күттіретін тағы бір белсенді жастарымыздың бірі XVI республикалық «Жан Шуақ» қоғамдық сыйлығының лауреаты атанды.

Біз өзіміз қызмет етіп отырған қоғамға мейлінше ашық болып, қоғамның белсенді өкілдерімен ынтымақтастығымызды арттыратын боламыз. Қоғамымыз ортақ, мемлекетіміз бір деген ұстанымды жақтап, алға қойған мақсатымызға нәтижелі еңбекпен жетпекпіз.

 

— Алтынсары Дүйсенбекұлы, уақыт бөліп, мазмұнды сұхбат алуымызға жәрдемші болғаныңыз үшін алғысымызды білдіреміз. Оқырмандар осы сұхбаттан партияның сан қырлы қызметінен мағыналы ой түйеді деген сенімдеміз. Алдағы жұмыстарыңызға табыстар тілеймін!

 

Сұхбаттасқан  Асыл Тұмар

 

 

АЗАТ ОРАЛБАЕВ: “САПАЛЫ МЕДИЦИНАЛЫҚ ҚЫЗМЕТ КӨРСЕТІЛГЕНДЕ ҒАНА ТҰРҒЫНДАРДАН АРЫЗ-ШАҒЫМ АЗАЯДЫ”

Алдыңғы

Үміт Шаяхметова: “Базалық мөлшерлеме шамамен 12% болады”

Келесі

Оқи отырыңыз...

Comments

Leave a reply

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *