Ақпарат ағыны

Еңбек адамы ӨЗ ІСІНІҢ ШЕБЕРІ

0

Адам баласы өмірге келген соң түрлі саланың маманы болады. Бүгінгі біздің кейіпкеріміз он саусағынан өнер тамған, ағаш шебері — Әбдірәсіл Бақытжан Әшірәліұлы.   Ол  1979 жылы Шұбар ауылында дүниеге келген.  2000 жылы Әбілхан Қастеев атындағы көркем сурет колледжіне оқуға түсіп,  «Ағашты көркемдеу» мамандығы бойынша білім алған. Одан кейін   М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің   «Көркем сурет» факультетін тәмамдаған. Қазір аудандық  «Өнер» мектебінің  Шұбар филиалында   «қол өнер» пәні бойынша   шәкірт  тәрбиелеуде. Оларға ағашпен жұмыс істеуді  үйретеді. Бес ұлдың әкесі. Үлгілі отағасы. Аяулы жар.

Жуырда  Бақытжан Әшірәліұлының шаңырағына барып, сұқбаттасып қайттық. Қолөнершінің үйі жанында кішігірім шеберханасы бар екен.

  • Ағаш өнерімен айналысып жүргеніме 20 жылдан  асты. Осы іске ала кезден қызығатынмын. Негізі ұсталық әкемнен  дарыды деп ойлаймын. Кішкентай күнімізде ата-анам солай айтып отыратын. Бірақ ол кісілерді көрмегенмін. Өмірден өтіп кеткен. Елімізге белгілі ғалым, ағаш өнерінің шебері Айдарбек Бәкіржан — туған ағам. Тері өңдеуші, гипс өнерімен де шұғылданады. Нағыз шебер.  Мені қолөнерге баулыған сол. Үлкен шеберхана Шымкент қаласында. Басты қажетті құрал-жабдықтар  сол кісінің ұстаханасында.  Үлкен заттарды сол жақтан кесіп, қырқып   әкелемін.

Мен өзімнің бұйымдарыма «жаңғақ», «қара ағаш», «аққайың», «жиде» ағаштарын пайдаланамын. Тек ыдыс-аяқпен шектелмеймін. Сонымен қатар  ұлттық аспаптар, сувенирлік заттар да жасаймын.  Қарамағымда екі-үш көмекшім бар. Солар жәрдемдеседі. Оларды осы өнерге баулудамын. Алдағы уақытта шәкірттер тәрбиелеу жоспарымда бар. Келіп үйренемін дегендерге есегім ашық.

Қазір ағаш бұйымдарына ұлттық нақышта  жасалған заттарға сұраныс артуда. Соның ішінде  қымыз құюға арналған шара, кесе, ожауға сұраныс көп, — дейді  Бақытжан.

Айта кеткен жөн.  Бұл өнер ұқыптылықты, сабырлылықты, ағаш өнеріне деген сүйіспеншілікті талап етеді. «Кез келген адам жасай алмайды», — дейді кейіпкеріміз. Ебі, қызығушылығы барларға  тез үйреніп, машықтануы аса  қиындық тудырмайды екен.

Біз барғанда  ағамыз жұмыс үстінде  екен. Сол жерде кептірілген дайын ағаштан кесенің қалай жасалатынына  куә болдық. Кішкене кесе  болғанымен  2-3 сағаттай  уақыт кетті. Ұзақ жұмыс  екен.

  • Өте мұқияттылықты талап ететіні, қолды ұстайтыны — ою өрнек жасау. Шебердің айтуынша, әбден машықтанып, қолыңды бір үйретіп алсаң, жұмысты өндіріп істеп кетесің, —  дейді.

Қандай да бір бұйым жасарда ағаштың сапасына ерекше мән береді. Оның иілгіштігіне, салмағына, қаттылығына назар аударып, төзімділігіне қарайды. Мысалы астауды қатты  ағаштан жасайды. Себебі, өңдеуге қолайлы, ыстық, суыққа төзімді келеді екен. Тұрмыстық қажеттілікте жиі қолданады. Шебер сұраныс бойынша дайындайды. Оны пішімге келтіріп, сызып, қажетті бөлігін арнайы құрылғымен кесіп алып, бұйымды әзірлейді. Шағын ғана шеберхана болғанымен, көз жауын алатындай шебер өз қолымен тамаша дүниелерді дайындауда.

Кейіпкеріміз бұйымдарын  дүкенде, базарда сатпайды. Өзінің айтуынша:   «қазір әлеуметтік желі жақсы дамыған.  Желіге   дайын заттарымды жариялап отырамын. Ұнатқан оқырмандар қалауларынша тапсырыс беріп, алып кетіп жатады. Бұл кәсіппен 20 жылдан астам уақыт айналысып келемін. Таныстар бар, тұрақты тұтынушыларым бар, солардан естіп те тапсырыс беріп  жатқандар жетерлік, — дейді.

Ұлттық мәдениеттің ең байырғы, аса құнды салаларының бірі – қолөнері. Ою-өрнектер әсемдік пен сәнділіктің белгісі ғана емес, сонымен бірге халықтың арман-ойының, тілек мүддесінің нышаны. Осы тұрғыдан алып қарағанда ою өрнектің мазмұндылық ерекшеліктері сан алуан. Бүгінгі ұрпақ өзінің ұлттық сезімдерін, өнерін жоғалтпауы тиіс. Өз ісінің шебері  Бақытжан Әшірәліұлы осы өнерді  ағашқа қашап, қазақ халқының түрлі ою-өрнектерін жасауда. Бұл да бір ұлттық өнерге қосқан орасан зор еңбегі.  Ол мемлекеттен ешқандай көмек алмай, кәсібін дөңгелетуде. Оны біз ұлттық өнерге, өзінің сүйікті ісіне деген махаббаты деп түсіндік. Осы уақытқа дейін түрлі байқауларға қатысып,  жүлделі орындарға да ие болған. Халықаралық, республикалық көрмелерге қатысып тұрады.

Алдағы уақытта ұлттық өнімге деген сұраныстар артып, Бақытжандай  қолөнершілердің еңбектері жоғары бағаланатыны сөзсіз.  Осындай отандық өнімді қолдағанына рақмет айтамыз. Істеген ісіңіздің берекесін берсін деп қоштастық шебермен.

 

Гүлмира ЕЛБАСИЕВА,

өз тілшіміз.

 

 

 

ӘРЕКЕТСІЗ САЛЫҚ ТӨЛЕУШІЛЕР

Алдыңғы

КӘСІПКЕРЛЕРМЕН КЕЗДЕСУ ӨТКІЗІЛДІ

Келесі

Оқи отырыңыз...

Comments

Leave a reply

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *