Қазақстандықтар ұлттық мереке — Республика күнін атап өтуде. Тәуелсіздікті ұлықтайтын мерекені дәріптеуге түркістандық жастар да белсене атсалысты. «Jastar ruhy» ЖҚ Түркістан облыстық филиалы “Бір тудың астында” акциясы аясында шеру ұйымдастырды.
Қ.А.Ясауи кесенесі маңынан электрокармен басталған шеру “Керуен Сарай” ойын-сауық орталығына дейінгі бағытты қамтыды. Жастар Мемлекеттік рәмізіміз Туды көтеріп, қала тұрғындары мен қонақтарына патриоттық рух сыйлады. Жүздеріне қуаныш ұялаған азаматтар ұялы телефондарына әсем көріністі таспалап, жастардың бастамасына өз ризашылықтарын жеткізді.
Мұнан әрі қаланың бас көшесі Б.Саттархановтың бойымен әкімшілік-іскерлік орталығы аралығында автошеру ұйымдастырылды. Жалпы 50-ге жуық белсенді жастың басын біріктірген шараның ұйымдастырушысы акцияның мақсатымен бөлісті.
— Түркістандық жастар қайта жаңғырған мерекені насихаттауға үлес қосуды шештік. Республика күні — отаншылдыққа және егемендігіміздің қадірін ұғынуға шақыратын мерекелердің қатарына енді. Біз бұл мерекенің маңызын, салмағын және жауапкершілігін шынайы сезінеміз. Акцияға белсенді жастардан бөлек, қаланың азаматтары да қатысқаны қуантты. Қазақ елін Республика күні мерекесімен шын жүректен құттықтаймыз! Көк Байрағымыз мәңгі желбіресін! — деді «Jastar ruhy» ЖҚ Түркістан облыстық филиалының төрағасы Жансерік Жұман.
«AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының баспасөз қызметі
Comments