Ордабасы ауданының әкімі Азат Оралбаев аудандағы еңбек қатынастарының заңдылығын қамтамасыз ету, азаматтардың әлеуметтік құқықтарын қорғау және еңбек қауіпсіздігін күшейту бағытындағы өзекті мәселелерге арналған маңызды жиын өткізді.

Аталған жиынға ауыл округ әкімінің орынбасарлары, тиісті сала мамандары, Мансап орталығы, көші-қон қызметі, ХҚКО (ЦОН), аудандық аурухана және Жастар орталығының мамандары қатысты.
Жиын барысында еңбек саласындағы негізгі бағыттар талқыланды. Атап айтқанда, электронды еңбек шарттарын толық енгізу арқылы еңбек қатынастарын заңдастыру, міндетті зейнетақы жарналарының уақытылы аударылуын қамтамасыз ету, өндірістік жазатайым оқиғалардың алдын алу және еңбек қауіпсіздігі талаптарын күшейту мәселелері қаралды. Сондай-ақ, бейресми жұмыспен қамтуды азайту, еңбек нарығындағы ашықтықты арттыру және әлеуметтік төлемдердің тұрақтылығын сақтау бағытындағы жұмыстар сараланды.

Жиын қорытындысында аудан басшысы бірқатар нақты тапсырмалар беріп, жауапты сала басшыларына жұмысты жеделдетуді қатаң ескертті.
Атап айтқанда, еңбек шарттарын толық электронды жүйеге көшіру жұмыстарын кідіріссіз аяқтау, жұмыспен қамту көрсеткіштерін нақты нәтижемен арттыру және бос жұмыс орындары бойынша тұрақты мониторингті күшейту тапсырылды.

Сонымен қатар заңсыз еңбек қатынастарын анықтау мен жолын кесу, зейнетақы жарналарының уақтылы аударылуын толық бақылауға алу және өндірістік қауіпсіздік талаптарының сақталуын мүлтіксіз қамтамасыз ету міндеттелді.
Аудан әкімі осы жиында аталған бағыттағы жұмыстардың орындалуы тікелей бақылауда болатынын қатаң түрде ескертіп, тапсырмалардың сапасыз немесе мерзімінен кеш орындалуына жол берілмейтінін баса айтты. Сонымен бірге еңбек заңнамасының сақталуы – тек талап емес, әрбір мекеме мен жұмыс беруші үшін міндетті жауапкершілік екенін нақты жеткізді.










Comments