Ордабасы ауданының әлеуметтік-экономикалық дамуының маңызды аспектісі – ауыл тұрғындарының әл-ауқатын арттыру. Осы мақсатта аудан әкімдігі «Ауыл аманаты» бағдарламасын белсенді жүзеге асыруда. Бұл бағдарлама ауыл тұрғындарын қолдау, шағын және орта бизнес субъектілерін дамыту, тұрғындардың өз кәсібін жүргізуге жағдай жасауға бағытталған.
2024 жылы «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында скрининг жұмыстары жүргізіліп, ІІІ-кезеңге Қажымұқан, Шұбарсу, Төрткүл және Бөген ауылдық округтері енгізілді. 2025 жылы қайтарылған қаражат есебінен 29 жобаға жалпы 152,2 млн теңге қаржыландырылды. Сонымен қатар, аталған ауыл округтерінде 6 АӨК құрылып, 141,2 млн теңгеге қаржыландырылды.
Мысалы:
-
Шұбарсу ауыл округінен «Алан Нұр» АӨК – 29 млн теңге;
-
Төрткүл ауыл округінен «Төрткүл-Құс» АӨК – 22 млн теңге;
-
«Төрткүл-Балық» АӨК – 30 млн теңге;
-
Бөген ауыл округінен «Бөген 2030» АӨК – 20 млн теңге;
-
Қажымұхан ауыл округінен «Бейнетқор» АӨК – 20,2 млн теңге; «ЕлнұрАйдар» АӨК – 20 млн теңге.
Бағдарлама аясында жылыжай өнімдерінің көлемін арттыру, тұрғындардың табысын көбейту бағытында Шұбарсу ауыл округінен арнайы жылыжай кешеніне 15 гектар жер телімі бөлініп, инфрақұрылым жүргізілді. Жылыжай салуға ниет білдірген 42 азаматтың 30-ы «Ауыл аманаты» бағдарламасымен 2,5 пайызбен 250 млн теңге несие алды. Қазіргі таңда бұл жылыжайлар іске қосылып, өсірілген өнімдер нарыққа шығарылуда.
Бағдарлама ауыл шаруашылығы өнімдерінің сапасын арттыруға да әсер етеді. Жылыжайларда көкөніс, бақша және картоп өнімдері заманауи технологиялар арқылы өсіріліп, өнім көлемі мен сапасы артты. Бұл тұрғындардың өз қажеттіліктерін қанағаттандыруға ғана емес, сауда нарығына шығарып, қосымша табыс алуына мүмкіндік береді.
Сонымен қатар, «Ауыл аманаты» бағдарламасы ауыл кәсіпкерлеріне тұрақты қолдау көрсетеді. Жобаларды қаржыландыру, консультациялық көмек және инфрақұрылым жасау арқылы тұрғындардың кәсібін дамытуға жағдай жасалып отыр. Бұл шаралар ауылдағы әлеуметтік тұрақтылықты арттыруға, жұмыс орындарын ашуға және жергілікті экономиканы дамытуға мүмкіндік береді.
Қорытындылай келе, Ордабасы ауданының «Ауыл аманаты» бағдарламасы – ауыл тұрғындарының өмір сүру сапасын арттыру, ауыл шаруашылығын дамыту және ауылдық кәсіпкерлікті қолдау бойынша тиімді мемлекеттік саясаттың нақты көрінісі. Бағдарлама арқылы ауыл тұрғындарының табысы көбейіп, өңір экономикасы тұрақты дамуда.



Comments