Аудандық жастар ресурстық орталығының ғимаратында АЭС салу бойынша жалпыұлттық референдумды өткізуді түсіндіру мақсатында зиялы қауым өкілдері, қоғамдық ұйым төрағалары мен ауданның «Құрметті азаматтары», жалпы білім беретін мектептердің физика және биология пәнінің тәжірибелі ұстаздарынан құрылған ынталы топ денсаулық сақтау саласының мамандарымен кездесті.
Кездесуге Ордабасы аудандық орталық аурухананың қызметкерлері қатысты.
Жиын барысында «Ынталы топ» төрағасы Л.Жүсіп: Еліміздің болашағы үшін әрбір маңызды қадам жұртшылықпен бірлесіп жасалуы тиіс. Атом электр станциясы туралы референдумға қатысты да дәл солай болуы қажет. Өздеріңіз білесіздер референдум тақырыбының қоғам талқысына түскеніне бір жыл болды. Бұл еліміздің әрбір азаматының жан-жақты ойланып, салмақты шешім қабылдауына жеткілікті мерзім деп ойлаймын. Атом электр станциясын салу және пайдалану өңірлерде жаңа жұмыс орындарын құруға мүмкіндік береді, бұл дегеніміз жұмыссыздықты азайтуға және халықтың өмір сүру деңгейін жақсартуға ықпалы тиеді. Қазіргі баршамыздың міндетіміз еліміздің жарқын болашағы үшін алдағы 6 қазан күні өтетін референдумға қатысып, өзіміздің дұрыс таңдауымыз.
Топ мүшесі М.Исламқұлов атындағы мектеп-гимназиясының физика пәні мұғалімі С.Ерсинов АЭС салудың артықшылықтары мен тиімділігі туралы баяндады. Баяндама барысында дамыған елдердің АЭС салу тәжірибелері, елдің экономикалық әл-ауқатының артуы мен ғылымның дамуы жайында айтылды.
Сонымен қатар, ауданның «Құрметті азаматы» Н.Иманқұлұлы атом электр станциясын салу еліміз үшін үлкен мүмкіндіктерге жол ашатынын айтып, референдумда әрбір азаматтың дауысы маңызды екенін жеткізді.
Жиын соңында, аудандық орталық аурухана қызметкерлері тарапынан атом электр станциясының халыққа пайдасы мен зияны туралы және қай жерде салынатыны жөнінде сауалдарын қойып, білікті ұстаздар тарапына дәйекті жауап берді.
Comments