«БЖЗҚ» АҚ (бұдан әрі – БЖЗҚ, Қор) Қорда міндетті зейнетақы жарналары және (немесе) міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары есебінен қалыптастырылған зейнетақы жинақтары бар және жалпыға бірдей белгіленген зейнет жасына жеткен адамдардың, сондай-ақ, егер мүгедектігі мерзімсіз болып белгіленсе, бірінші және екінші топтағы мүгедектігі бар адамдардың БЖЗҚ-дан зейнетақы төлемдерін белгіленген кесте бойынша алуға құқықтары бар екенін еске салады.
Қордан зейнетақы төлемдерін зейнет жасына толуына байланысты тағайындау үшін алушылар тұрғылықты жері бойынша Халыққа қызмет көрсету орталығына (ХҚКО), ал бірінші немесе екінші топтағы мүгедектіктің белгіленуіне байланысты төлем алу үшін Қор бөлімшелеріне, электрондық цифрлық қолтаңбасы бар болса БЖЗҚ сайты арқылы уақытылы жүгінулері қажет. Алушы зейнет жасына толғанға дейін 10 күн бұрын ХҚКО-ға өтінішпен бірге қажетті құжаттарын өткізуі керек. Біз осы мерзімді қатаң сақтауға кеңес береміз. Себебі, бұл мемлекеттік зейнетақыны алу үшін өте маңызды, оны тағайындау үшін ұсынылған құжаттар бойынша еңбек өтілін тексеру қажет. Оған қоса, заңнамаға сәйкес жасына байланысты зейнетақы және мемлекеттік базалық төлем тағайындау өтініш берілген күннен бастап жүргізіледі. Өтініш пен қажетті құжаттар «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясында (Мемлекеттік корпорация) тіркелген күн осындай күн болып есептеледі.
Естеріңізге сала кетейік, жасы бойынша зейнетақыны жалпыға бірдей белгіленген зейнет жасына толған адамдар: ерлер 63 жасқа, әйелдер 2024 жылы 61 жасқа толғанда ала алады. БЖЗҚ-дан берілетін зейнетақы төлемдері зейнетақы жинақтар таусылғанға дейін жүзеге асырылады.
Сонымен қатар, БЖЗҚ-дан зейнетақы төлемдерін жүзеге асыру бойынша проактивті қызмет көрсету мақсатында зейнет жасына толған, Қорда зейнетақы жинақтары бар, бірақ төлем алуға өтініш білдірмеген тұлғалар бойынша БЖЗҚ Мемлекеттік корпорациямен бірлесіп, осындай азаматтарда жасына байланысты тағайындалған зейнетақы төлемдерінің және бюджет қаражаты есебінен мемлекеттік базалық зейнетақы төлемдерінің бар-жоқтығын жыл сайын салыстырып, тексеру жұмыстарын жүргізеді.
Жыл сайынғы салыстыру нәтижелері бойынша бюджет қаражаты есебінен тағайындалған зейнетақы төлемдері бар адамдар анықталған кезде БЖЗҚ Мемлекеттік корпорациямен жасалған тиісті келісім шеңберінде оларға зейнетақы төлемдерін аударады.
Comments