Түркістан облысында тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, жол ережелерін сақтау, жол-көлік апаттарын болдырмау бағытында бейнебақылау камералары орнатылып, тиісті жұмыстар жасалуда. Аталған бейнебақылау камералары Түркістан облысы Полиция департаментінің Жедел басқару орталығына қосылған. Мұнда күні-түні қызметте отырған полицейлер орын алған қылмыстар мен құқықбұзушылықтарды анықтауда үлкен септігін тигізіп келеді. Мәселен соңғы бір аптада Түркістан қаласы бойынша орнатылған бейнебақылау камералары арқылы мас халде көлік басқарған 4 жүргізуші, көліктің алдыңғы терезелерін күңгірттеген 7 жүргізуші, мемлекеттік тіркеу белгісін тақпаған 1 жүргізуші анықталды. Сондай-ақ 2 қылмыстың ізі суымай ашылды.
Ал жаңадан іске қосылған «Қорғау – Қауіпті жүргізуші» бағдарламасымен Жедел басқару орталығының қызметкерлері мамыр айының 19-ынан бері 90-нан астам құқықбұзушылықтарды анықтады. Оның ішінде, жалған мемлекеттік нөмір таққан 1 автокөлік ұсталды. Нақтырақ айтсақ, «Қорғау» жүйесі арқылы Жедел басқару орталығындағы қызметкерлерге Түркістан қаласы Тәуке хан даңғылы бойында 2 000 000 теңге айыппұлын төлемей жүрген, сонымен қатар жалған мемлекеттік нөмір таққан «Нексия» автокөлігі бойынша белгі берілді. Осыған орай патрульдік полиция батальонының қызметкерлеріне тез арада хабар беріліп, аталған тәртіп сақшылары бірден автокөліктің жүрген жерін анықтады. Осылайша полицейлер аталған көлікті Тәуке хан даңғылы мен Кеңесары көшесі қиылыстарында тоқтатылды. Оған қоса жүргізушінің қауіпсіздік белдігін тақпағаны анықталды. Белгілі болғандай жас жігіт 2021 жылы қазан айынан бастап, 2022 жылдың наурыз айына дейін 67 рет әкімшілік құқықбұзушылық жасап, 2 миллион 244 мың айыппұл арқалаған. Нәтижесінде жүргізушінің заң бұзушылықтарына қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 593-бабы, 590-бабы бойынша әкімшілік хаттама толтырылды. Ал көлік айыптұраққа жеткізілді.
Айта кетсек, кез келген жүргізуші Заңда белгіленген ережелерге бағынып, соны ұстану қажет. Яғни әрбір жүргізуші өзімен қатар, өзгенің де өміріне қауіп төндірмес үшін жол ережесін мұқият сақтап, қажетті құжаттарын заңға сәйкес реттеп, түгелдеп жүруі тиіс. Миллиондап айыппұл арқаламас үшін, жол ережесіне бағыныңыз!
Comments