Жаңа жыл қарсаңында дәстүрлі түрде өткізілетін бұл шара балаларға мерекелік көтеріңкі көңіл-күймен қатар, болашаққа сенімдерін оятып, қолдау білдіру мақсатында ұйымдастырылып отыр.
Денсаулығына байланысты үй жағдайындағы балаларға арналған мерекелік шараға аудан әкімі Азат Оралбаев, облыстық мәслихат депутаты Ғани Райымбеков қатысып, балаларға жылы лебіздерін білдірді.
«Құрметті балалар, Сіздерді келе жатқан Жаңа жыл мерекесімен құттықтаймын! Бүгін осы шарада өздеріңізбен бас қосып, көтеріңкі көңіл-күй сыйлауды жөн санадық. Келер жылы баршаңыз көздеген мақсаттарыңызға жетіп, армандарыңыз орындалсын. Білімде, спорт пен мәдениетте үлкен жетістіктерге жетіп, көз қуаныштарымыз бола беріңіздер», — деді аудан әкімі өз құттықтауында.
Іс-шарада қатысқан 30 жасөспірім аудандық Мәдениет үйінің өнерпаздары әзірлеген жаңа жылдық бағдарлама мен қойылымдарды тамашалады. Әрі үй жағдайындағы бүлдіршіндерге аудан басшысы мен халық қалаулылары жаңа жылдық сыйлықтар үлестірді. Мерекелік жиынға қатысушы ата-аналар ұйымдастырушыларға өз алғыстарын білдірді.
Айта кетерлігі, тірек қимыл аппараты бұзылған және психоневрологиялық ауытқуға ұшыраған бір жарым жастан 18 жасқа дейінгі мүгедектігі бар балаларға «Шапағат» оңалту орталығында әлеуметтік қызметтер көрсетілуде.
Ордабасы ауданы әкімінің баспасөз қызметі
Comments