Бүгін аудан әкімі Азат Оралбаев аудандық Қоғамдық кеңес мүшелерімен кездесу өткізді.
Жиында аудан әкімі Темірлан ауылын абаттандыру және сәулеттік келбетін көркейту мақсатында әзірленген бірқатар жобаларды таныстырды.
«Қазіргі таңда Темірлан елді мекенін абаттандыру және сәулеттік келбетін көркейту мақсатында 4 эскиздік жоба әзірленді. Аталған жобаларды назарларыңызға ұсынып, бірлесіп талқыласақ деген ойдамын. Себебі, ауданымыз құрылғалы бері қолға алынған жобалардың куәгері ретінде Сіздердің ұсыныстарыңыз біз үшін маңызды», — деді аудан әкімі кездесуде.
Кеңес отырысында аудан әкімі Азат Әбдіғалиұлы Темірлан елді мекеніндегі (Амангелді елді мекені бағыты) «Шәмші аллеясының» эскиздік жобасы; Арыс өзені жанынан «Этноауыл» орнына нобайлық жоба; Абасов көшесінен өтетін «Құртай каналы бойын абаттандыру және көгалдандыру»; Темірлан-Ынталы автожолы бойынан (аудандық ОЖТ мекемесіне қарама-қарсы бет) салынатын шағын саябақша, воркаут, спорт алаңша және балалар ойын алаңшасының жобасын арнайы слайд арқылы кеңес мүшелеріне баяндап өтті.
Өз кезегінде Қоғамдық кеңес мүшелері аудан орталығының келбетіне сән беретін, тұрғындардың демалысына ыңғайлы 4 жобаны бір ауыздан мақұлдады.
Әрі аталған нысандар 2024 жылы Ордабасы ауданының 60 жылдық мерейтойына орай ел игілігіне берілсе деген ұсыныстарын айтты.
Ордабасы ауданы әкімінің баспасөз қызметі
Comments