2024 жылғы 1 қаңтардан бастап зейнетақы аннуитеті шарттары (бұдан әрі – ЗАШ) бойынша зейнетақы жинақтарын БЖЗҚ-дан сақтандыру ұйымдарына аудару рәсімін оңтайландыруды көздейтін Қазақстан Республикасы Әлеуметтік кодексінің және № 44 Қағидалардың ережелері қолданысқа енгізіледі.
Заңнамаға енгізілген жаңашылдықтар салымшыларға (алушыларға) 01.01.2024 ж. бастап БЖЗҚ-дан зейнетақы жинақтарын зейнетақы аннуитеті шартын жасау үшін сақтандыру ұйымдарына аудару бойынша өтінішпен бірден өздері таңдап алған сақтандыру ұйымына жүгінуге мүмкіндік береді. Басқаша айтқанда, енді салымшыларға зейнетақы жинақтарын сақтандыру ұйымына аудару туралы өтінішпен БЖЗҚ-ға жүгінудің қажеті жоқ.
Зейнетақы жинақтарын БЖЗҚ-дан сақтандыру ұйымына аудару тәртібі 01.01.2024 ж. бастап төмендегідей болады:
- Сақтандыру ұйымдары «Мемлекеттік кредиттік бюро» АҚ (МКБ) бекіткен зейнетақы аннуитеті шарттары бойынша деректерді операторы МКБ болып табылатын бірыңғай сақтандыру дерекқоры (БСДҚ) арқылы беретін болады.
- МКБ БЖЗҚ-мен жасалған тиісті келісім негізінде Қорға сақтандыру ұйымдарынан алынған, бекітілген ЗАШ туралы мәліметтерді беретін болады. Бекітілген ЗАШ бойынша деректерді МКБ арқылы алмасу тәртібі мен мерзімдері № 44 Қағидалармен реттеледі.
- БЖЗҚ № 44 Қағидаларға сәйкес МКБ-дан мәліметтер алған кезде сақтанушылар (сақтандыру ұйымымен ЗАШ жасасқан тұлғалар) туралы деректерді өзінің ақпараттық жүйесінде және басқа мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелеріндегі деректермен салыстырып тексеруді жүзеге асырады. Олар сәйкес келген жағдайда, МКБ-дан бекітілген ЗАШ туралы мәліметтерді алған күннен бастап 5 жұмыс күні ішінде зейнетақы жинақтарын сақтандыру ұйымдарына аударады.
- Сақтандыру ұйымы БЖЗҚ-дан зейнетақы жинақтарын алған күннен бастап 5 жұмыс күні ішінде сақтанушыны сомасын көрсете отырып, қаржы түскені және ЗАШ күшіне енгені туралы хабардар етеді.
Естеріңізге сала кетейік, зейнетақы аннуитеті – «зейнетақыны» белгіленген мерзімнен ерте алуға мүмкіндік беретін қаржылық сақтандыру құралы. Ол үшін зейнетақы жинағының мөлшері сақтандыру ұйымынан жеке тұлға сақтандыру ұйымымен ЗАШ жасасқан күні қолданыста болған ең төменгі күнкөріс деңгейінің 70 пайызынан төмен емес ай сайынғы сақтандыру төлемін қамтамасыз ете алатындай болуы керек.
Зейнетақы жинақтарын сақтандыру ұйымдарына аударған тұлғаларға мемлекет зейнетақы жинақтарын сақтандыру ұйымдарына соңғы аударған күннен бастап олар жалпыға бірдей белгіленген зейнет жасына жеткенге дейінгі кезеңдегі инфляция деңгейін ескере отырып, міндетті зейнетақы жарналарының, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарының БЖЗҚ-ға нақты енгізілген мөлшерінде сақталуына кепілдік беретінін атап өткен жөн. Яғни, зейнетақы жинақтарының сақталуына мемлекеттік кепілдік осы тұлғалардың сақтандыру ұйымдарына аударған зейнетақы жинақтарына қолданылмайды.
Зейнетақы жинақтарын сақтандыру ұйымына аудару туралы шешім қабылдамас бұрын, ЗАШ талаптарын мұқият зерделеп, БЖЗҚ-дан немесе сақтандыру ұйымынан ЗАШ жасау арқылы төлем алуға болатын екі әдісті де егжей-тегжейлі талдауға кеңес береміз.
Дұрыс шешім қабылдауға Қордың ресми сайтында ұсынылған болжамды калькулятор арқылы есептеу көмектесе алады. Ол БЖЗҚ-дан берілетін зейнетақы төлемі мен сақтандыру ұйымынан ЗАШ бойынша алуға болатын сақтандыру төлемінің мөлшерін салыстыруға мүмкіндік береді.
Сондай-ақ, 2022 жылдың қыркүйегінен бастап зейнетақы заңнамасына өзгерістер енгізілді. Оған сәйкес ЗАШ жасасқан тұлғалар сақтандыру ұйымына ЗАШ шарттарын сақтандыру төлемдерінің мөлшерін азайту және ақшаны БЖЗҚ-ға қайтару бойынша өзгерту енгізу туралы өтінішпен жүгінуге құқылы.
Егер өзекті статистикаға тоқтала кетсек, онда 2023 жылдың басынан бастап 2023 жылдың 1 қазанындағы жағдай бойынша 4 037 азамат зейнетақы жинақтарын 21,9 млрд теңге мөлшерінде ЗАШ бойынша сақтандыру ұйымдарына аударуды жүзеге асырды. Бұл ретте зейнетақы аннуитеті шарттары өзгерген кездегі сақтандыру ұйымдарынан алынған қайтарылуға жататын қаражат 1 927 салымшыдан 10, 9 млрд теңгені құрады.
Айта кетейік, салымшылардың он екі миллионнан астам шотындағы он жеті триллион теңгеден астам соманың есебін жүргізе отырып, БЖЗҚ азаматтардың мүмкіндіктерін жеделдету және цифрлық технологияларды өзі жүзеге асыратын операцияларға қатысты белсенді интеграциялауды жалғастыруда. БЖЗҚ дербес деректердің сақталуына кепілдік бере отырып, жедел қызмет көрсету мақсатында мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерімен (дерекқорларымен) деректер алмасуды ұтымды жүргізеді.
Осылайша еліміздің зейнетақымен қамсыздандыру жүйесі салымшыларға зейнетақы капиталын жоспарлау және еңбек қызметі аяқталғаннан кейін оларды материалдық қамтамасыз ету үшін неғұрлым жаңа мүмкіндіктер беруде.
Сюжетті мына сілтеме бойынша көріңіздер: https://www.youtube.com/watch?v=ufP_dJFpiDI
Жинақтаушы зейнетақы жүйесі туралы қызықты әрі пайдалы ақпарат алу үшін БЖЗҚ ЕНПФ YouTube-арнасына жазылыңыздар.
БЖЗҚ 2013 жылғы 22 тамызда «ГНПФ» ЖЗҚ» АҚ негізінде құрылды. БЖЗҚ құрылтайшысы және акционері – Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің «Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитеті» ММ арқылы Қазақстан Республикасының Үкіметі. БЖЗҚ зейнетақы активтерін сенімгерлікпен басқаруды Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі жүзеге асырады. 2016 жылғы 1 қаңтардан бастап зейнетақы активтерін басқару тиімділігін арттыру бойынша ұсыныстар жасау қызметі Қазақстан Республикасының Президенті басшылық ететін Ұлттық қорды басқару кеңесіне берілді. Зейнетақы заңнамасына сәйкес БЖЗҚ міндетті зейнетақы жарналарын, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарын, ерікті зейнетақы жарналарын тартуды, зейнетақы төлемдерін, зейнетақы жинақтары мен төлемдерін жеке есепке алуды жүзеге асырады, салымшыға (алушыға) зейнетақы жинақтарының жай-күйі туралы ақпарат береді (толығырақ www.enpf.kz сайтында).
Comments