2023 жылғы қаңтар-шілде аралығында БЖЗҚ салымшыларының шоттарына есептелген таза инвестициялық табыс 760,9 млрд теңгеден асты. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңіндегі көрсеткіштен 259,8 млрд теңгеге немесе 52% артық.
БЖЗҚ-ның Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің (ҚРҰБ) басқаруындағы зейнетақы активтері бойынша табыстылық соңғы 12 айда 7,89% көрсетті.
Инвестициялық кіріс бағалы қағаздар (салымдар және басқа операциялар) бойынша сыйақы түріндегі, қаржы құралдарын нарықтық және валюталық қайта бағалау түріндегі кірістерден, сыртқы басқарудағы активтер бойынша кірістерден және т. б. тұрады. Зейнетақы активтерін басқаратын ҚР Ұлттық Банкі және инвестициялық портфельді басқарушылар (ИПБ) зейнетақы активтерін еліміздегі және шетелдегі экономиканың сан-алуан секторларының түрлі қаржы құралдарына инвестициялық кіріс алу мақсатында орналастырады. Мұндай әртараптандыру зейнетақы жинақтарының сақталуын және орнықты табыстылығын қамтамасыз етеді. БЖЗҚ зейнетақы активтерінің инвестициялық портфелі құрылымындағы ҚРҰБ қаржы құралдары бөлінісінде 29,6% – АҚШ долларында, 70,4% – ұлттық валютада номиналданған.
Зейнетақы жинақтары – ұзақ мерзімді инвестиция. Сәйкесінше, инвестициялық кірістің мөлшерін кем дегенде 1 (бір) жыл кезеңіне талдаған жөн. Қысқа мерзімді деректер (күнделікті, айлық және т.б.) көрсеткіш бола алмайды, өйткені, олар күнделікті нарықтық жағдайға тәуелді.
Барлық кезең ішінде жинақталған инвестициялық кірістілік жинақталған инфляция 723% болғанда, өскелең жиынтықпен 774% көрсетті. Демек, ұзақ мерзім ішінде жинақталған инвестициялық кіріс инфляциядан жоғары.
Естеріңізге сала кетейік, Қазақстанда инфляция деңгейін ескере отырып, міндетті зейнетақы жарналарының сақталуына мемлекет тарапынан берілетін бірегей кепілдік бар. Төлем құқығы басталған кезде салымшының жинақталған кірістілігіне әсер еткен жекелеген кезеңдегі кірістіліктің төмендеуі үшін айырманың өтелуіне де мемлекет кепілдік береді.
Зейнетақы активтерін инвестициялық басқару мен есепке алудың барлық жүйесі ашық: әрбір салымшы enpf.kz сайтындағы Жеке кабинетінде немесе ұялы қосымшада өзінің инвестициялық табысын көре алады.
БЖЗҚ зейнетақы активтерін инвестициялық басқару және БЖЗҚ зейнетақы активтері орналастырылған қаржы құралдары туралы ақпарат Қордың ресми сайтындағы (www.enpf.kz) «Көрсеткіштер/Инвестициялық қызмет» бөлімінде жарияланады.
Көптеген қызықты және пайдалы ақпаратты, соның ішінде жинақтаушы зейнетақы жүйесі сарапшыларының зейнетақы активтерін инвестициялау туралы сұхбатын БЖЗҚ/ЕНПФ YouTube-арнасынан көре аласыздар.
БЖЗҚ 2013 жылғы 22 тамызда «ГНПФ» ЖЗҚ» АҚ негізінде құрылды. БЖЗҚ құрылтайшысы және акционері – Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің «Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитеті» ММ арқылы Қазақстан Республикасының Үкіметі. БЖЗҚ зейнетақы активтерін сенімгерлікпен басқаруды Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі жүзеге асырады. 2016 жылғы 1 қаңтардан бастап зейнетақы активтерін басқару тиімділігін арттыру бойынша ұсыныстар жасау қызметі Қазақстан Республикасының Президенті басшылық ететін Ұлттық қорды басқару кеңесіне берілді. Зейнетақы заңнамасына сәйкес БЖЗҚ міндетті зейнетақы жарналарын, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарын, ерікті зейнетақы жарналарын тартуды, зейнетақы төлемдерін, зейнетақы жинақтары мен төлемдерін жеке есепке алуды жүзеге асырады, салымшыға (алушыға) зейнетақы жинақтарының жай-күйі туралы ақпарат береді (толығырақ www.enpf.kz сайтында).
«БЖЗҚ» АҚ баспасөз орталығы.
Comments