Ордабасы ауданы – экономикасы негізінен аграрлық салаға негізделген аймақ, мұнда ауыл шаруашылығы негізгі қозғаушы күш болып саналады. Ауданның жалпы жер көлемі 265,5 мың гектарды құрап, оның 216,3 мың гектары ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді алады. Олардың ішінде егістік жерлер 88,1 мың гектар, суармалы жер 34,4 мың гектар, тәлімге арналған жер 53,7 мың гектар. Жайылымдық жер көлемі 108,3 мың гектар, орман қоры мен су қорының жері сәйкесінше 4,9 және 8,5 мың гектарды құрайды. Аудандағы агроқұрылымдардың саны 7 605 бірлікті құрап, оның ішінде 6 569 шаруа қожалығы, 452 заңды тұлға және 584 жеке кәсіпкер бар. 2025 жылы агроөнеркәсіп кешенінде белгіленген 19 индикаторлық көрсеткіштің 13-і толығымен орындалып, қалған 6 көрсеткіш орындау үстінде. Ауыл шаруашылығы өнімінің нақты көлем индексін 105 пайызға арттыру мақсатында атқарылған жұмыстар нәтижесінде өнім көлемі 77 млрд теңгеге жеткізуді көздейді.
Өсімдік шаруашылығында 71,2 мың гектар жерге ауыл шаруашылығы дақылдары егілді. Масақты дақылдар 30,1 мың гектарға, дәнді жүгері 7 мың гектарға, көкөніс 3,5 мың гектарға, картоп 357 гектарға, майлы дақылдар 5,4 мың гектарға, мақта 7,2 мың гектарға, бақша 1,5 мың гектарға және мал азықтық дақылдар 16,1 мың гектарға орналастырылды. Жиналған өнім көлемі 391,8 мың тоннаны құрады, оның ішінде мал азықтық дақылдардан 112,7 мың тонна, масақты дақылдардан 41,3 мың тонна, мақтадан 22,5 мың тонна өнім алынды. Көктемгі және күзгі дала жұмыстары үшін 6,2 мың тонна жеңілдетілген жанармай бөлініп, шаруалар 14,9 мың тонна органикалық және минералды тыңайтқыштар қолданды. Заманауи техникаға субсидиялар арқылы аудан шаруалары 168 бірлік жаңа техника сатып алып, өткен жылмен салыстырғанда өнімділікті арттырды.
Суармалы жерлерді толық қамтамасыз ету үшін каналдарға күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп, оның ішінде «ЛБК» және «Р-11-С» каналдарының құрылысы аяқталды. Су үнемдеу технологияларын енгізу бойынша 6 925 гектар жерге тамшылатып және жабырлатып суғару жүйелері орнатылды. Жеңіс ауыл округінде «ПК Дала» АӨК мақта дақылын 650 гектар жерге тамшылатып суғару арқылы егуді жүзеге асырып, гектарына 45 центнер өнім алды. Бұл технология тек суды үнемдеумен ғана шектелмей, мол және сапалы өнім алуға мүмкіндік береді.
Мал шаруашылығында да өсім байқалады. Ірі қара мал 84,9 мың басты құрап, 104,5%-ға өсті, қой-ешкі 476,2 мың басты құрап 102,5%-ға, жылқы 34,2 мың басты құрап 107,6%-ға, түйе 870 басты құрап 102,6%-ға, құстар 391,2 мың басты құрап 154,5%-ға артты. 10 айдың қорытындысы бойынша ет өндірісі 13,6 мың тонна, сиыр сүті 21,0 мың тонна, тауық жұмыртқасы 9,6 млн данаға жетті. «Ауыл аманаты» бағдарламасы арқылы 4 ауыл округінде 6 АӨК құрылып, 141,2 млн теңге қаржыландырылды. 42 азамат жылыжай салуға ниет білдіріп, 30 азамат жеңілдетілген несие алып, 250 млн теңгеге жылыжайлар іске қосылды, ал өсірілген өнімдер нарыққа шығарылуда, бұл ауыл тұрғындарының табысын арттыруда маңызды рөл атқарады.
Жер қатынастары саласында аудандық бөлімге 3 989 өтініш келіп түсті. «Е-өтініш» жүйесі арқылы 364 өтініш қаралып, 286-сына шешім шығарылды. «Е-лицензия» жүйесі арқылы 1 785 өтініш қаралып, 1 725 жоба бекітілді. Кеңсе арқылы тікелей 1 913 өтініш қаралып, оның ішінде 1 640 жер учаскесін жалға алу қызметі, 161 жер учаскесін сатып алу-сату, 112 анықтама берілді. Аудандық жер бөлу комиссиясы 36 отырыс өткізіп, 412 өтініш қаралып, 332-і оң қорытынды алды. Елді мекендердің шекарасын кеңейту жұмыстары арқылы 16 елді мекенге 498 гектар жер қосылды, ал ортақ жайылымдарды ұлғайту мақсатында 3 503 гектар жер аудандық қорға қайтарылды.
Индустриалды аймақ пен инвестициялық жобалар үшін аудан индустриалды аймақпен шекаралас 508 гектар жерді мемлекет мұқтажы үшін қайтарды. Боралдай су қоймасы жобасы іске асырылған жағдайда Ордабасы, Арыс, Отырар, Сауран аудандары мен Түркістан қаласындағы 67 мың гектар суармалы жер ағын сумен қамтамасыз етіледі, бұл аудандағы егін өндірісін жаңа деңгейге көтереді. Жер қатынастары мен ауыл шаруашылығын дамытуға бағытталған бұл кешенді шаралар аудандағы ауыл шаруашылығы өнімінің сапасын және көлемін арттыруға, тұрғындардың әл-ауқатын көтеруге және инвестициялық жобаларды тиімді жүзеге асыруға мүмкіндік береді.
2025 жылы Ордабасы ауданының ауыл шаруашылығы мен жер қатынастары саласында атқарылған жұмыстар – бұл тек сандық көрсеткіштермен өлшенетін жетістіктер ғана емес, сонымен қатар заманауи технологияларды енгізу, тиімді басқару, су ресурстарын үнемдеу және ауыл тұрғындарының өмір сапасын арттыру арқылы тұрақты экономикалық өсімге жету мақсатындағы кешенді шаралардың көрінісі болып отыр. Ауданның аграрлық әлеуеті мен жер ресурстарын тиімді пайдалану арқылы Ордабасы ауданы Қазақстандағы ауыл шаруашылығы дамыған өңірлердің бірі ретінде өз орнын нықтап отыр.



Comments