15 қараша — Қазақстан Республикасы ұлттық валютасының күні және еліміздің қаржы жүйесі қызметкерлерінің кәсіби мейрамы. 1993 жылы осы күні Қазақстан Республикасының ұлттық валютасы – теңге алғашқы рет енгізілді. Сол жылдары, нақтырақ айтсам: 1993 жылдың ең қаһарлы көрсеткіші – инфляция, ай сайын 30 пайызға өсіп отырды. Барлық жерде өндірістің құлдырауы, зейнетақы, жалақыдан 5-6 айға дейін қарыздар, ауқымды жұмыссыздық байқалды.
1993 жылы шілде айында Ресей Қазақстанға 3 күн бұрын хабарлаумен өзінің ұлттық валютасын енгізді. Бағалар шарықтады. Халықтың жинақ шоттарындағы ақшалары қарқынды шапшандықпен құнсызданды. Қазақстанға ескі үлгідегі кеңестік қағаз ақшасының ағымы қаптады. Дүкен сөрелерінен тауарлар жаппай сыпырылып жатты. Осының нәтижесінде Қазақстан 1993 жылы өзінің төл валютасын енгізуге мәжбҮр болды.
Қазақстанның Ұлттық валютасы – теңгенің 31 жыл айналымда болуы, оның енгізілуінің Қазақстанның бүгінгісі мен болашағы үшін тарихи маңызды болғанына әділ баға беруге мүмкіндік береді. Өз ақша бірлігімізді енгізу – Қазақстанның экономикалық егемендігін іске асыру үшін қажетті база болып табылды. Осы жыл аралығында экономика, қаржы саларында көптеген заңнамаларға өзгерістер енгізілді, елдің ішкі жағдайынА, сондай-ақ халықаралық аренада Қазақстанның имиджінің нығаюы еліміздің өз валютасы – теңгенің арқасында болып отыр.
Бүгінде еліміздің экономикасы тұрақтанып, экономикасына қыруар инвестициялар салынуда, жана жобалар іске асырылып отыр, қаншама жұмыссыздар жұмыспен қамтылуда.
1993 жылы аудан бюджетінің көлемі 50 млн. теңге шамасында болса, биылғы жылғы бюджет 18,8 млрд. теңгені құрап отыр, немесе 376 есеге артқан. Оған дәлел елімізде мемлекеттік бағдарламалар негізінде салынып отырған білім, денсаулық, мәдениет, спорт саласындағы кәзіргі заманға сай нысандар, сонымен қатар жаңа технологиялармен, жабдықтармен қамтылуы, халықты сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету мақсатында салынып отырған су жүйелері, елді мекендерді газдандыру мен жарықтандыру құрылыстары, жөндеуден өтіп жатқан әлеуметтік нысандар мен жолдар, жас мамандарға көрсетіліп отырған қолдаулар. Осының барлығы – еліміздің экономикасы, теңгеміздің тұрақтануынан деп түсінуге болады.
Қорыта келе, Ұлттық Валюта күніне орай, қаржы жүйесіндегі барлық қызметкерлерді кәсіби мерекелерімен құттықтап, дендеріне саулық, отбасыларына амандық, береке, еңбектеріне шығармашылық құлшыныс және барлық бастамаларыңызға сәттілік тілеймін.
А.СИХЫМБАЕВА,
аудандық экономика және
қаржы бөлімінің бастығы.
Comments