3,6 трлн теңгеден астам қаражат тұрғын үй сатып алуға және (немесе) емделуге берілген 1,8 млн өтінішке сәйкес уәкілетті оператор-банктерде ашылған отандастарымыздың арнайы шоттарына аударылды. Өздеріңіз білетіндей, зейнетақы жинақтарын азаматтар тұрғын үйге, емделуге немесе басқарушы компанияларға аударуға БЖЗҚ-дағы зейнетақы жинақтарының қолжетімді сомасы шегінде бірнеше рет пайдалана алады.
Тұрғын үйге
2023 жылғы 1 тамыздағы жағдай бойынша 2021 жылғы қаңтардан бастап БЖЗҚ салымшылардың (алушылардың) тұрғын үй жағдайларын жақсарту үшін зейнетақы жинақтарын пайдалануға берген 1 389 019 өтінішін орындады. Қазақстандықтардың уәкілетті оператор-банктерде ашылған арнайы шоттарына БЖЗҚ 3,3 трлн теңгеден астам қаржы аударды. Біржолғы зейнетақы төлемдерінің орташа сомасы шамамен 2,3 млн теңге.
Тұрғын үй жағдайларын жақсартуға өтініштердің ең көп санын Алматы қаласының (18,2%), Астана қаласының (14%), Маңғыстау облысының (10,3%) тұрғындары жолдады. www.enpf.kz сайтындағы «Көрсеткіштер» бөлімінде азаматтардың біржолғы зейнетақы төлемдеріне өтініштерді қандай мақсаттарға беретіні, оның ішінде өңірлер бөлінісі («Біржолғы зейнетақы төлемдері мақсаттары бойынша» және «Тұрғын үй жағдайларын жақсартуға және емделуге арналған біржолғы зейнетақы төлемдері» бөлімшелері) бойынша ақпарат орналастырылған.
Салымшылардың (алушылардың) зейнетақы жинақтарын пайдалану мақсаттарын талдай отырып, мынадай қорытынды жасалды. Барлық өтініштердің шамамен 35,1% – азаматтық-құқықтық мәмілелер бойынша меншікке тұрғын үй сатып алу (түпкілікті есеп айырысу) және жеке тұрғын үй салу (меншігінде жер телімі болған кезде), өтініштердің шамамен 21,1% – тұрғын үй құрылыс жинақ ақшасына одан әрі жинақтау үшін салымды толықтыру, 15,7% — ипотекалық тұрғын үй қарызы бойынша берешекті ішінара өтеу (оның ішінде ислам банкінің қаржыландыруы шеңберінде), 15,1% — тұрғын үй құрылыс жинақтары жүйесі бойынша ипотекалық қарыз бойынша берешекті ішінара өтеу мақсаттарына жұмсалыпты.
Қазір азаматтардың зейнетақы жинақтарының бір бөлігін пайдалануға берген өтініштерін қабылдайтын уәкілетті оператор-банктер қатарында «Отбасы банк «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ, «Қазақстан Халық банкі» АҚ, «Altyn Bank» АҚ, «Банк ЦентрКредит» АҚ және «Банк Фридом Финанс Қазақстан»АҚ бар.
Атап кетейік, уәкілетті операторлардан 479,1 млрд теңге салымшылардың (алушылардың) жеке зейнетақы шоттарына (ЖЗШ) қайтарылды, себебі отандастарымыз біржолғы зейнетақы төлемдерін өтініш берушінің өтініші және өзге де себептер бойынша белгіленген мерзімде пайдаланбаған.
Емделуге
БЖЗҚ емделуге ақы төлеу үшін жалпы сомасы 366,3 млрд теңге болатын 439 407 өтінішті орындады. Алынған соманың орташа мөлшері 0,83 млн теңге.
Өтініштердің 96,4% стоматологиялық қызмет алу үшін, 2,6% офтальмологиялық қызметтерді алу бойынша орындалды. Қалған медициналық бағыттарға зейнетақы жинақтарының шамамен 1,05% пайдаланылды.
Салымшылардың (алушылардың) БЖЗҚ-дағы ЖЗШ-на 34,2 млрд теңге қайтарылды, бұл қаражат өтініш берушінің өтініші және өзге де себептер бойынша белгіленген мерзімде пайдаланылмаған.
Зейнетақы жинақтарын емделуге пайдалану бойынша өзекті статистикамен www.enpf.kz сайтындағы «Көрсеткіштер» — «Емделуге арналған біржолғы зейнетақы төлемдері» бөлімінде танысуға болады.
Жеке инвестициялық басқаруға
Инвестициялық портфельді басқарушыларға (ИПБ) ағымдағы жылдың 1 тамызындағы жағдай бойынша 18.02.2021 ж.бастап 9,8 млрд теңге аударылды. БЖЗҚ 3 972 өтініш берушіден түскен 6 738 өтінішті орындады. Аударымның орташа сомасы шамамен 1,45 млн теңге. Зейнетақы жинақтарын сенімгерлік басқаруға беру бойынша толық статистика enpf.kz сайтындағы «Көрсеткіштер» – «Зейнетақы жинақтарын басқарушы компанияларға беру» бөлімінде қолжетімді.
Қазіргі уақытта БЖЗҚ бес ИПБ-мен зейнетақы активтерін сенімгерлік басқару туралы шартқа отырған. Сіз олар туралы ақпаратпен танысып, инвестициялық декларацияларын enpf.kz сайтындағы «Қызметтер» – «Инвестициялық портфельді басқарушылардың тізілімі» бөлімінде біле аласыз.
Атап кетейік, 9,8 млрд теңгенің 43,4% немесе 4,24 млрд теңгесі «Jusan Invest» АҚ-ға, 26,4% немесе 2,6 млрд теңгесі «Halyk Global Markets» АҚ-ға, 15,7% немесе 1,54 млрд теңгесі «BCC Invest» АҚ-ға, 9,5% немесе 928 млн теңгесі «Сентрас Секьюритиз»АҚ-ға, 5% немесе 484 млн теңгесі «Halyk Finance» АҚ-ға аударылған.
Естеріңізге сала кетейік, 2023 жылғы 1 шілдеден бастап салымшылар өздерінің міндетті жарна түрлері (МЗЖ және МКЗЖ) есебінен жинақтарының 50% дейін жеткіліктілік шегін есепке алмай-ақ, ИПБ басқаруына бере алады. Ерікті зейнетақы жарналары есебінен қалыптастырылған жинақтарды инвестициялық басқаруға толық көлемде беруге болады. Шілде айында бұл құқықты 583 отандасымыз пайдаланып, портфельді басқарушыға 820 млн теңгеден астам қаражат аударды. Бұл ретте БЖЗҚ қаржы аударуға берілген 740-тан астам өтінішті орындады
Зейнетақы активтерін ИПБ сенімгерлік басқаруына бастапқы бергеннен кейін салымшы жылына көп дегенде бір рет қана зейнетақы жинақтарын бір ИПБ-дан екіншісіне сенімгерлік басқаруға беру үшін БЖЗҚ-ға өтініш беруге құқылы. 2022 жылғы 16 наурыздан бастап 2023 жылғы 31 шілдеге дейінгі кезеңде 102 өтініш беруші ИПБ-ны ауыстырды: БЖЗҚ жалпы сомасы 366 млн теңгені бір ИПБ-дан екіншісіне ауыстыру туралы 145 өтінішті орындады
01.07.2023 жылдан бастап ИПБ басқаруындағы зейнетақы жинақтарын ҚРҰБ басқаруына қайтару мерзімі қысқарды. Енді жинақтарды ИПБ-дан ҚРҰБ-қа қайтару туралы өтінішті БЖЗҚ-ға екі жылдан кейін емес, жинақтарды ИПБ-ға берген күннен бастап бір жылдан кейін беруге болады (бұрын зейнетақы жинақтарын ИПБ сенімгерлік басқаруына алғаш бергеннен кейін тек 2 жылдан кейін ғана өтініш беруге болатын еді). 2023 жылғы 15 наурыз бен 31 шілде аралығында БЖЗҚ жалпы сомасы 1,8 млрд теңгеге қаражатты ИПБ-дан ҚРҰБ-қа аудару бойынша 478 өтінішті орындады.
Атап өтейік, ИПБ зейнетақы активтерін алғаннан кейін оларды ҚР Ұлттық Банкі Басқармасының 2014 жылғы 3 ақпандағы №10 қаулысымен бекітілген және ИПБ Инвестициялық декларациясында көзделген инвестициялық портфельді басқару жөніндегі қызметті жүзеге асыру қағидаларында көрсетілген рұқсат етілген қаржы құралдарына инвестициялайды.
Зейнетақы жинақтары Ұлттық банктің басқаруында болған кезеңде салымшы зейнет жасына жеткенге дейін инфляция деңгейін ескере отырып, зейнетақы жинақтарының сақталуына мемлекеттік кепілдік қолданылады. Зейнетақы жинақтарын ИПБ сенімгерлік басқаруына аудару кезінде мемлекеттің кепілдігі басқарушы компанияның зейнетақы активтері кірістілігінің ең төменгі деңгейін қамтамасыз ету жөніндегі кепілдігімен ауыстырылады. Ол зейнетақы активтерін басқару нарығындағы барлық ИПБ басқаруына берілген зейнетақы активтерінің орташа өлшенген кірістілігін негізге ала отырып есептеледі.
БЖЗҚ 2013 жылғы 22 тамызда «ГНПФ» ЖЗҚ» АҚ негізінде құрылды. БЖЗҚ құрылтайшысы және акционері – Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің «Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитеті» ММ арқылы Қазақстан Республикасының Үкіметі. БЖЗҚ зейнетақы активтерін сенімгерлікпен басқаруды Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі жүзеге асырады. 2016 жылғы 1 қаңтардан бастап зейнетақы активтерін басқару тиімділігін арттыру бойынша ұсыныстар жасау қызметі Қазақстан Республикасының Президенті басшылық ететін Ұлттық қорды басқару кеңесіне берілді. Зейнетақы заңнамасына сәйкес БЖЗҚ міндетті зейнетақы жарналарын, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарын, ерікті зейнетақы жарналарын тартуды, зейнетақы төлемдерін, зейнетақы жинақтары мен төлемдерін жеке есепке алуды жүзеге асырады, салымшыға (алушыға) зейнетақы жинақтарының жай-күйі туралы ақпарат береді (толығырақ www.enpf.kz сайтында).
«БЖЗҚ» АҚ баспасөз орталығы.
Comments