Қазақстан Республикасының Әлеуметтік кодексіне сәйкес Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына (БЖЗҚ) міндетті зейнетақы жарналарын (МЗЖ) төлеуден мүгедектігі мерзімсіз болып белгіленсе, бірінші және екінші топтағы мүгедектігі бар адамдар босатылады. Сонымен қатар, жұмыс берушіге жоғарыда аталған адамдардың өтініші негізінде БЖЗҚ-ға МЗЖ ұстап қалуға және аударуға рұқсат етіледі. Осылайша, мерзімсіз белгіленген бірінші немесе екінші топтағы мүгедектігі бар отандастарымыз жұмыс орны бойынша БЖЗҚ-ға МЗЖ ұстап қалуға келісім беру туралы өтініш беруге құқылы.
Бірінші және екінші топтағы мүгедектігі бар адамдар, егер мүгедектігі мерзімсіз болып белгіленсе, БЖЗҚ-дан берілетін зейнетақы төлемдерін белгіленген кесте бойынша ай сайынғы зейнетақы төлемдері түрінде алуға құқылы. БЖЗҚ Қазақстан Республикасының «Дербес деректер және оларды қорғау туралы» заңына сәйкес ұсынылатын салымшының (алушының) келісімімен Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің «Мүгедектігі бар адамдардың орталықтандырылған деректер банкі» ақпараттық жүйесінен мүгедектікті белгілеу туралы мәліметтерге сұранысты дербес жасай алады.
Зейнетақы жинақтары төлеміне өтінішті БЖЗҚ кеңсесіне жеке өзі немесе сенім білдірілген тұлға арқылы, enpf.kz интернет-ресурсы, сондай-ақ пошта байланысы арқылы беруге болады.
Comments