Ордабасы ауданының ауыл шаруашылығын дамытудағы ең маңызды бағыттардың бірі – суармалы егістік жүйесін жетілдіру. Суармалы жерлерді тиімді пайдалану өнім көлемін арттырудың негізгі факторы болып табылады, себебі мол және сапалы өнім алу тек заманауи технологиялар мен тиімді суару жүйелері арқылы жүзеге асады.
Ауданда 2025 жылы суармалы жерлерді қамтамасыз ету мақсатында бірқатар күрделі жобалар қолға алынды. Құны 9,5 млрд теңге болатын 9 магистралды және қосалқы каналдар күрделі жөндеуден өтті. Мысалы, Төрткөл ауыл округінен “Р-11-С”, “Р-11-К”, “Р-12” каналдары, Бөген ауыл округінен “ЛБК”, “Р-1” каналдары жөндеуден өтті. Қараспан ауыл округінен “Қараспан” магистралды каналы да аяқталуға жақын. Бұл каналдардың жұмысы егістік жерлердің толық ағын сумен қамтамасыз етілуіне мүмкіндік береді.
Су үнемдеу технологияларын енгізу де маңызды мәселе болып отыр. 2030 жылға дейін ауданда 15 891 гектар жерге су үнемдеу жүйелері енгізу жоспарланған. Қазіргі таңда 6 925 гектар жерге су үнемдеу жүйелері енгізілген, оның ішінде 73 шаруа қожалығы 1 595 гектар жерге тамшылатып және жабырлатып суғару технологияларын енгізді. Мысалы, Жеңіс ауыл округіндегі «ПК Дала» АӨК 650 гектар жерге тамшылатып суғару арқылы мақта өсіріп, гектарына 45 центнерден өнім алды.
Суармалы егістік жүйесінің дамуының маңызды бөлігі – механикалық тазалау жұмыстары. 2025 жылдың көктемі мен күзінде аудандағы 51 каналдың 132 шақырымы тазаланды, бұл судың еркін ағынын қамтамасыз етуге және жерді өнімді пайдалануға мүмкіндік берді.
Сонымен қатар, суармалы жүйені дамыту арқылы аудан шаруалары заманауи технологияларды енгізіп, мол және сапалы өнім алуға қол жеткізуде. Су үнемдеу технологиялары тек қана суды тиімді пайдалану емес, сонымен бірге өнімділікті арттыруға және аграрлық сектордағы экономикалық өсімді қамтамасыз етуге бағытталған.
Қорытындылай келе, Ордабасы ауданының суармалы егістік жүйесін дамытуға бағытталған кешенді шаралары – ауыл шаруашылығының өнімділігін арттыруға, суды тиімді пайдаланып, мол өнім алу және аудан экономикасын нығайтуға бағытталған маңызды стратегия болып табылады. Бұл шаралар агроөнеркәсіп кешенінің тұрақты дамуына айтарлықтай үлес қосып отыр.



Comments