Түркістан өңірінде өндіріс орындарын ашу, инвестиция тартуға басымдық берілген. Маңызды жобалар жүзеге асуда.
Бүгін ауданда жаңа зауыттың капсуласын салу рәсімі өтті. Оған облыс әкімі Дархан Сатыбалды арнайы қатысты. Аудандағы «CENTRAL ASIA ALUMINUM» зауытының құрылыс алаңында болған облыс әкімі алюминий профильдерін өндіру жобасының жүзеге асырылу барысын көрді. Инвестормен кездесіп, пікір алмасты. Жаңа зауыт құрылыс жұмысы аяқталған соң келесі жылы алғашқы өнімін шығаруды жоспарлап отыр.
– Инвестициялық жобаларға тұрақты қолдау көрсетіледі. Ешқандай кедергі жоқ. Жұмыс орындарын ашу – маңызды іс. Бұл зауыт та өңір экономикасының дамуына үлес қосады деп сенемін, – деді Дархан Сатыбалды.
Алюминий профильдерін шығаратын зауыттың құрылысы басталып кетті. Жер жұмыстары жүруде. 2025 жылдың I тоқсанында жобаның бірінші кезеңі іске қосылып, 180 адам жұмыспен қамтылады. Ал ІІ кезеңінде 150 адам жұмысқа шақырылмақ. Жалпы 7,5 млрд. теңге инвестиция тартылады. Әр кезеңде 10 мың тоннадан өнім өндіріледі деп күтіліп отыр.
Жалпы, ауданда кәсіпорындар ашу, инвестиция тарту, жаңа жобаларды сүйемелдеу бағытындағы жұмыстар жалғасады.
Еліміз бойынша білім нысаны ең көп салынып жатқан өңір – Түркістан. Бүгінде жергілікті бюджеттен 20 мектептің құрылысы жүргізілуде. Жыл соңына дейін 13-і пайдалануға беріледі. 2023-2025 жылдары «Жайлы мектеп» жобасы аясында 63 мектеп салу көзделген. Оның ішінде 29-ы биыл тапсырылады деп жоспарланған.
Облыс әкімі Дархан Сатыбалды жұмыс сапары аясында Бадам ауылдық округіне қарасты Ақбұлақ елді мекеніндегі «Жайлы мектеп» жобасы аясында салынып жатқан 300 орындық білім ошағының құрылыс алаңына барды.
Мердігер мекеменің өкілдерімен кездесіп, құрылысқа қатысты туындаған мәселелерді талқылады. Өңір басшысы білім сапасын көтеру, мектеп тапшылығын жою маңызды екенін айтып, жауапкершілікпен жұмыс істеуді міндеттеді.
Жоба құны 4,1 млрд теңгені құрайтын білім ошағының құрылысы өткен жылдың қыркүйек айында басталып, биыл аяқтау көзделіп отыр. Тапсырыс беруші – АО «Samruk-Kazyna Construction». Нысанның бас мердігері – «Ar Kua Group» ЖШС болса, бас жоблаушысы – «Jer Group» ЖШС. Ғимараттың ауданы – 5 921,9 шаршы метр, жердің жалпы ауданы – 2,325 гектар. Бұл білім ордасында балалардың сапалы білім алуына барлық жағдай жасалады.
Түркістан өңірінде тұрғындарды баспанамен қамту жұмыстары қарқынды. Дархан Сатыбалды Темірлан елді мекеніндегі
1 қабатты, 2 пəтерлі 6 тұрғын үйдің құрылысымен, қазіргі жай-күйімен танысты. Мердігері – «Берен» ЖШС, техникалық қадағалаушы – «Tulpar Building Group» ЖШС. Үйлердің құрылысы өткен жылы басталып, биыл аяқталған. Жалпы алаңы – 750 шаршы метр болса, 1 үйдің аумағы – 62,5 шаршы метр.
Comments