«AMANAT» партиясы Ордабасы аудандық филиалының 2023-2027 жылдарға арналған сайлауалды бағдарламасында жоспарланған Ордабасы ауданы, Темірлан ауылында заманауи спорттық-сауықтыру кешені ашылды. Нысанның ашылу салтанатына Түркістан облысының әкімінің бірінші орынбасары Зұлпыхар Жолдасов, аудан әкімі Азат Оралбаев қатысып, тұрғындарды құттықтады.
– Өңірімізде ауылды елді мекендердің инфрақұрылымын жақсарту жұмыстары жүріп жатыр. Білім, медицина, спорт, мәдениет нысандары салынуда. Бүгін спорт кешенін ашқалы тұрмыз. Бұның бәрі сіздер үшін, жастар үшін үлкен қолдау деп ойлаймын. Осында жаттыққан спортшы жастарымыз әлемдік деңгейде Қазақстанның атын таныта берсін! – деген Зұлпыхар Жолдасов спорт кешенін аралап көріп, спортшылармен, жаттықтырушылармен жүздесті.
Жобаның құны – 1 078 000 мың теңге. Жер телімінің ауданы – 1,5 гектар болса, құрылыстың ауданы – 4 216,95 шаршы метр. Нысанның құрылысын «ST Service KZ» ЖШС жүргізген.
Заманауи спорттық-сауықтыру кешенінде қазақ күресі, грек-рим күресі, самбо, дзюдо және бокспен шұғылдануға жағдай жасалған. Сонымен қатар футбол, баскетбол, волейбол, гандбол секілді командалық спорт түрлерімен де айналысуға болады. Залға 250 көрермен сияды.
Ауыл ақсақалдары мен тұрғындары спорт кешенінің салынғанына ризашылықтарын білдіріп, өңір облыс әкімінің орынбасарымен пікір алмасты. Аталған спорт кешенінде «Темірлан» спорт клубы мекемесі орналасады. Бұл спорт мектебінде 1000-ға жуық бала жаттығып жүр.
# AMANAT
Comments