Ордабасы ауданы – ауыл шаруашылығына бейімделген өңір ретінде, аграрлық секторда айтарлықтай нәтижелерге қол жеткізген аймақтардың бірі. Аудандағы 216,3 мың гектар ауыл шаруашылығы жерінің 34,4 мың гектары суармалы алқаптар болып есептеледі. Суармалы жерді тиімді пайдалану – аудан экономикасының тұрақтылығы мен өнім көлемінің артуының басты факторларының бірі.
Суармалы жерлерді басқарудағы басты басымдық – су үнемдеу технологияларын енгізу. Қазіргі таңда аудан көлемінде 6 925 гектар жерге су үнемдеу жүйелері орнатылған. Оның ішінде 1 395 гектарға тамшылатып суғару, 200 гектарға жабырлатып суғару тәсілдері енгізілген. Бұл тәсілдер тек суды үнемдеуге ғана емес, сонымен қатар өнімнің мол және сапалы болуына ықпал етеді. Мысалы, Жеңіс ауыл округінен «ПК Дала» АӨК 650 гектар мақта алқабында тамшылатып суғару технологиясын қолданып, гектарына 45 центнер өнім алды.
Суармалы жерлерді тиімді пайдалану – тек инновациялық технологияларды енгізумен шектелмейді. Аудандық ауыл шаруашылығы бөлімі күрделі жөндеу жұмыстары арқылы каналдарды жаңғырту ісін жүйелі жүргізуде. 9 магистралды каналға, соның ішінде «Р-11-С», «ЛБК», «Қараспан» сияқты негізгі каналдарға жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Бұл каналдар арқылы егістік жерлерге жеткізілетін су көлемі артып, өнімділік тұрақтанады. Сонымен қатар, 51 каналдың 132 шақырымы механикалық тазалаудан өтті, бұл су ағысының тұрақтылығын қамтамасыз етеді.
Ордабасы ауданындағы шаруалардың заманауи техниканы қолдануы да суармалы жерді тиімді пайдалану мәселесін шешуге қосымша серпін береді. Ағымдағы жылы ауылшаруашылығы құрылымдары 168 бірлік жаңа техника сатып алды. Тракторлар, соқа, сепкіштер мен тырмалар егіс алқаптарын уақытында және сапалы өңдеуге мүмкіндік береді.
Суармалы жерлерді тиімді пайдалану жұмыстарының тағы бір маңызды аспектісі – кооперативтік жүйені дамыту. «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында жаңа АӨК-тер құрылып, шаруалар бірлесіп су ресурстарын басқаруға, егіс алқаптарын суғару жүйелерімен қамтамасыз етуге мүмкіндік алады. Мұндай кооперативтер суды тиімді пайдаланып, өнімділікті арттыруда үлгі көрсетеді.
Суармалы жерді басқарудағы басты мақсат – 2030 жылға қарай 15 891 гектарға дейін су үнемдеу технологияларын енгізу. Бұл көрсеткішке жету үшін аудандық бөлім шаруалармен семинарлар өткізіп, тәжірибелік көмек көрсетеді, техникалық құралдар мен технологияларды жеткізеді.
Қорытындылай келе, Ордабасы ауданының суармалы жерлерді тиімді пайдалану саласындағы тәжірибесі – заманауи технологиялар мен мемлекеттік қолдаудың нәтижелі үйлесімінің айқын мысалы. Тамшылатып және жабырлатып суғару технологияларын енгізу, каналдарды күрделі жөндеу, механикалық тазалау және кооперативтік жүйені дамыту арқылы аудан өнім көлемін арттыруда тұрақты нәтижелерге қол жеткізуде. Суармалы жерді дұрыс басқару – Ордабасы ауданының аграрлық әлеуетін толық ашуға мүмкіндік беретін басты фактор болып отыр.



Comments