Басты ақпарат

ҚОЛДАУ МЕН ТАБАНДЫЛЫҚ АРҚЫЛЫ ЖҮЗЕГЕ АСҚАН ТАБЫСТЫ ЖОБА

0

Ордабасы ауданында соңғы жылдары ауыл шаруашылығында, әсіресе жылыжай кешендерін дамыту бағытында айтарлықтай серпін байқалады. Соның ең жарқын мысалының бірі – Шұбарсу елді мекеніндегі «Алан-Нұр» жылыжай кешені. Талай жылдық еңбектің нәтижесінде табысты жобаға айналған бұл шаруашылық бүгінде ауданның аграрлық әлеуетін арттыруда маңызды рөл атқарып келеді.

Шаруашылықтың төрағасы Нұрлан Алимханов жылыжай ісін 2017 жылы небәрі 1 гектар аумақта бастаған болатын. Тәуекелге толы алғашқы қадамдары, дұрыс жоспарлау, үздіксіз еңбек пен табандылықтың арқасында жылыжай көлемі жыл сайын ұлғайып, 2025 жылға қарай 4 гектарға жетті. Осылайша шағын бастама ірі өндірістік жылыжай кешеніне айналып, Ордабасы ауданы бойынша ең әлеуетті жобалардың біріне айналды.

Кәсіпті дамытуда мемлекеттік қолдаудың маңызы ерекше болды. Нұрлан Алимханов жеке қаражатына қоса «Ауыл аманаты» бағдарламасы арқылы 29,8 миллион теңге көлемінде қолдау алып, өндірісін кеңейтуге мүмкіндік жасады. Осы қаражатқа заманауи жылыжай технологиялары орнатылып, суару, климаттық бақылау, энергия тиімділігі секілді жүйелер толық жаңғыртылды. Бүгінде кешен жаңа үлгідегі тамшылатып суару әдісін қолдану арқылы еңбек өнімділігін айтарлықтай арттырып отыр.

Жылыжайда негізінен қияр мен қызанақ өсіріледі. Заманауи технологиялардың арқасында бір гектардан 90 тоннаға дейін өнім алуға мүмкіндік туды. Жалпы 4 гектардан жыл сайын шамамен 360 тоннаға жуық сапалы көкөніс өндіріліп, нарыққа үздіксіз жеткізіліп келеді. Бұл өңір халқын маусымдық тапшылықсыз көкөніспен қамтамасыз етуге, сонымен бірге аудан экономикасына тұрақты кіріс әкелуге жол ашты.

Өндіріс көлемінің артуы жаңа жұмыс орындарының ашылуына да ықпал етті. Бүгінде «Алан-Нұр» жылыжайында 30 адам тұрақты жұмыспен қамтылып, ауыл тұрғындарының әлеуметтік жағдайының жақсаруына үлес қосып отыр. Бұл – Ордабасы ауданында жеке кәсіпкерлікті дамытудың оң нәтижесінің бір көрінісі.

«Алан-Нұр» жылыжайының бүгінгі жетістігі – табандылық пен батыл қадамның, үздіксіз еңбек пен қолдау арқылы жүзеге асқан нақты мысал. Бұл жоба ауылда да заманауи технологиямен жұмыс істеп, табысты кәсіп құруға болатындығын дәлелдеді. Ордабасы ауданындағы жас кәсіпкерлер үшін бұл – шабыт беретін үлгі, ал аудан үшін – ауыл шаруашылығын жаңғыртудағы маңызды көрсеткіш.

ШАҒЫН КӘСІП – АУЫЛ ДАМУЫНЫҢ ТІРЕГІ

Алдыңғы

«РАМАЗАН-АГРО» ЖШС – МАҚТА ШАРУАШЫЛЫҒЫНЫҢ СЕНІМДІ ТІРЕГІ

Келесі

Оқи отырыңыз...

Comments

Leave a reply

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *