Шымкент қаласының көшелерін түнгі жарықшамдармен қамтамасыз ету мақсатында мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында 2022-2023 жылдары 208 көшеге жарықшам орнату жоспарлануда. Нәтижесінде қамтылу көрсеткіші 70 пайызға жетпек.
2021 жылдың қорытындысымен орталық маңызы бар 747 көшенің 356 көшесі жарықтандырылып, қамту көрсеткіші 43,4 %-ды құрады. Жоспар бойынша өткен жылы 104 көшені жарықтандыру қажет болса, жоспар артығымен орындалып, 136 көшеде жұмыстар толығымен аяқталды.
Бұдан бөлек, «Ақылды қала» жобасы негізінде жарықтандыру жүйелерін толықтай автоматтандыру жолға қойыла бастады. Ол диспетчерлік орталық арқылы басқарыла бастады. Орталыққа қай көшелер қосылып немесе өшіп тұрғандығы, қай көшеде қанша жарықшам істен шыққандығы, пайдаланылған электр қуаты туралы ақпараттар «сигнал» арқылы беріліп отырады.
Алдағы уақытта әр жарықшамның килловаты, түнде, көлік қозғалысы баяулағанда жарықтық дәрежесін автоматты төмендету арқылы энергия үнемдеу сынды функцияларды қосу жоспарланған.
Қазіргі таңда, 40-қа жуық көше диспетчерлік орталыққа қосылған. Жыл соңына дейін көше санын 100-ге жеткізу көзделген.
Comments