2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап Қазақстанның жинақтаушы зейнетақы жүйесі жаңа құрамдауыш – жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарнасымен (ЖМЗЖ) толықтырылды.
- ЖМЗЖ қандай қаржыдан төленеді? Ол қандай көлемде беріледі және жарнаның мөлшері қалай өзгереді?
2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап Қазақстанның жинақтаушы жүйесі жаңа құрамдауыш — жұмыс берушінің зейнетақы жарналарымен (ЖМЗЖ) толықтырылды. Енді әрбір жұмыс беруші БЖЗҚ-ға қызметкердің табысынан міндетті 10 пайыздық жарналардан бөлек, қызметкерлерінің пайдасына өз қаражаты есебінен қосымша жарналар аударуға міндетті. Ерекше атап өтейік: жарналарды төлеу жұмыс берушінің қаражатынан жүзеге асырылады, бірақ олардың мөлшері қызметкердің табысынан есептеледі. 2024 жылы бұл 1,5 пайызды құрайды. 2028 жылға дейін жыл сайын жарна мөлшері 0,5% — ға ұлғайып, 2028 жылы 5% мөлшеріне жетеді:
- 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап – 1,5 пайыз;
- 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап – 2,5 пайыз;
- 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап – 3,5 пайыз;
- 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап – 4,5 пайыз;
- 2028 жылғы 1 қаңтардан бастап – 5 пайыз.
Маңызды жәйт: ЖМЗЖ тек 1975 жылдың 1 қаңтарынан кейін туылған жұмысшыларға аударылады. Бұл ретте қызметкердің ай сайынғы табысы ең төменгі жалақы мөлшерінен төмен болмауы және ең төменгі жалақының 50 еселенген мөлшерінен аспауы тиіс.
ЖМЗЖ-ны бірыңғай төлем құрамында төлеуді таңдаған салық агенттері үшін жұмыскердің жалақысынан бірыңғай төлем мөлшерлемесіндегі ЖМЗЖ үлесі:
- 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап – 7 пайыз;
- 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап – 10,5 пайыз;
- 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап – 14,1 пайыз;
- 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап – 17,4 пайыз;
- 2028 жылғы 1 қаңтардан бастап – 19,0 пайыз болмақ.
Естеріңізге сала кетейік, бірыңғай төлемді арнайы салық режимдері бойынша жұмыс істейтін микро және шағын кәсіпкерлік субъектілеріне жататын жеке кәсіпкерлер мен заңды тұлғалар қолдана алады.
- ЖМЗЖ енгізу туралы шешімнің мақсаты қандай?
Жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарналарын енгізу туралы ой елімізде соңғы бірнеше жыл бойы талқыланып келеді. Ол 2014 жылы қабылданған Қазақстан Республикасының зейнетақы жүйесін 2030 жылға дейін одан әрі жаңғырту тұжырымдамасына енгізілген. Әлемдік тәжірибеде азаматтарды зейнетақымен қамсыздандыру бойынша ортақ жауапкершілік мемлекет, жұмыс беруші және қызметкер арасында бөлінеді. Ал жұмыс берушінің зейнетақы жарналарын төлеуге қатысуы — бұл қызметкердің зейнетақымен қамсыздандырылуы үшін бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі қағидатын іске асырудың классикалық моделі. ЖМЗЖ енгізілуімен бірге жұмыс істейтін отандастарымыздың жеке зейнетақы жинақтары жұмыс берушінің жаңа міндетті зейнетақы жарналары есебінен толықтырылатын болады. Бұл 1975 жылы және одан кейін туған қызметкерлерге зейнетақының анағұрлым жоғары деңгейін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Себебі, қызметкерлердің осы санатының 1998 жылға дейін ортақ жұмыс өтілі жоқ немесе олардың ортақ жүйедегі жұмыс өтілі шамалы. Бұл азаматтардың зейнетақысы үш құрамдауыштан тұратын болады: базалық зейнетақы — мемлекеттен, жинақтаушы зейнетақы — олардың БЖЗҚ-ға аударымдары есебінен және шартты-жинақтаушы зейнетақы — жұмыс берушілердің жарналары есебінен беріледі. Бұл ереже міндетті жарналар 2028 жылы 5 пайызға жеткенде толық күшіне енеді.
- ЖМЗЖ-ның енгізілуі жұмыс беруші үшін салмақ болмай ма?
Жаңа құрамдауышты енгізу – (ЖМЗЖ) — басқа міндетті төлемдердің енгізілуіне байланысты бірнеше рет кейінге қалдырылды. Осы уақыт ішінде кәсіпкерлерге жүктеме біркелкі бөлініп, оларға бизнесті өз бюджетінен міндетті зейнетақы жарналарын төлеуге дайындауға мүмкіндік берілді. Қазір қызметкерлер үшін қосымша төлем бірден енгізілмей, біртіндеп енгізілуде: 2024 жылы қызметкердің табысының бір жарым пайызынан бастап 2028 жылға қарай 5 пайызға дейін өсіріледі. Сондай-ақ, Салық кодексіне сәйкес төленген ЖМЗЖ сомасы салық салынатын табысты айқындау кезінде шегерімдерге жатқызылады, яғни бизнеске жүктеме қолайлы деңгейде қалады.
- Жұмыс берушілер ЖМЗЖ-ны қалай аударады?
Егер агент (жұмыс беруші) арнайы салық режимін таңдамаған болса, міндетті зейнетақы жарналарын, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарын төлеу сияқты кірістер төленетін айдан кейінгі айдың 25-күнінен кешіктірілмей төленуі керек.
Банктерде және банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдарда шоттары жоқ, жеке кәсіпкерлікпен айналысатын тұлғалар ЖМЗЖ-ны кейіннен БЖЗҚ-ға аудару үшін банкке қолма-қол ақшамен енгізеді. Ұсталған (есепке жазылған) ЖМЗЖ Мемлекеттік корпорацияға мына деректемелер бойынша аударылады:
Атауы | Деректемелері |
Бенефициар | «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КЕАҚ |
Бенефициар банкі | «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КЕАҚ |
Бенефициар БСК | GCVPKZ2A |
Бенефициар ЖСК | KZ12009NPS0413609816 |
Бенефициар БСН | 160440007161 |
ТТК:
ТТК | Төлем тағайындау кодының атауы |
ТТК 089 | жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарналары |
ТТК 098 | жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарналарын уақытылы аудармағаны үшін өсімпұл |
- Жұмыс беруші ЖМЗЖ төлеу тәртібін бұзған жағдайда қайда жүгінуге болады?
Әлеуметтік кодексте жұмыс берушілердің міндетті зейнетақы жарналарын тек өз қаражаты есебінен төлеу міндеті нақты айқындалған. Салымшылар жарналардың осы түрінің түскені туралы мәліметті жарналардың барлық түрлері бойынша ақпарат берілетін жеке зейнетақы шотынан үзінді көшірмеден көре алады.
Жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарналарын уақтылы және толық төлеуін бақылау Мемлекеттік кірістер комитетіне (МКК) жүктелген. Егер жұмыс беруші қызметкерге қатысты қандай да бір заң бұзушылыққа жол берсе, онда МКК-ға жүгіну қажет.
Comments