Қазақстан демографиялық қартаю дәуіріне аяқ басып келеді және ғасырдың орта тұсына қарай ол демографиялық қартаю деңгейі өте жоғары елдер санатына енеді: республика халқы санының 2050 жылдың соңына қарай 26,5 млн адамға дейін өсуі мүмкін екенін ескерсек, елдің әрбір алтыншы тұрғыны 60 жастан асады – егде жастағы адамдардың үлесі халықтың жалпы санының 18,8% құрайды.
Бұл ретте БЖЗҚ-дан зейнетақы төлемдерін алушылардың саны 2025 жылдан 2050 жылға дейінгі кезеңде 4 есеге артады — 520 мыңнан 2 млн-ға дейін. Бұл деректер «БЖЗҚ» АҚ (бұдан әрі – БЖЗҚ, Қор) жариялаған «2024 жылғы актуарлық есепте» (бұдан әрі – есеп) келтірілген. Онда Қазақстанның зейнетақы жүйесін одан әрі дамытуға байланысты кешенді актуарлық есептеулер мен болжамдардың нәтижелері көрсетілген.
Демографиялық өзгерістердің зейнетақымен қамсыздандыру жүйесіне салатын салмағы айтарлықтай. Сондықтан мемлекеттің маңызды міндеттерінің бірі – халықаралық стандарттарға сай келетін және лайықты зейнетақы төлемдерін қамтамасыз ететін зейнетақы жүйесін қалыптастыру. Жүйенің тиімділігі есепте талданып, болжанатын бірқатар көрсеткіштер бойынша бағаланады. Ұсынылған жылдық актуарлық есеп мемлекеттік органдар, сарапшылар және жалпы жұртшылық үшін маңызды деректер көзі саналады.
Демографиялық трендтер
Есептің бірінші бөлімінде демографиялық өзгерістер және олардың зейнетақы жүйесіне әсері сипатталған. Есепте 2025 жылдың басындағы демографиялық жағдай және стохастикалық және детерминистік модельдерді қолдана отырып жасалған 2050 жылға дейінгі ұзақ мерзімді болжамдар келтірілген. Жалпы тенденциялар – өмір сүру ұзақтығы артады, туу деңгейі төмендейді – болжам бойынша 2050 жылға қарай халықтың құрылымындағы егде жастағы азаматтардың үлес салмағы өседі, ал еңбекке қабілетті халықтың саны азаяды. Бұл өзгерістер зейнетақы жүйесінің жинақтаушы компонентінің рөлін арттыруды талап етеді.
Қазақстан Республикасының зейнетақы жүйесі
Есептің екінші бөлімі Қазақстанның қолданыстағы көпдеңгейлі зейнетақы моделін сипаттауға, оны халықаралық рейтингтерде бағалауға, сондай-ақ барабар зейнетақы табысын қалыптастыру үшін зейнетақы жарналарының оңтайлы мөлшерлемелерін талдауға арналған. Республикада Қаржы нарығы мен жинақтаушы зейнетақы жүйесін қалыптастырудың бастауында тұрған сарапшылардың жүйені одан әрі жетілдіру жолдары туралы пікірлері келтірілген.
Зейнетақы ағындарына болжам
Үшінші бөлімде зейнетақы ағындарын модельдеу және болжау нәтижелері, атап айтқанда KazPRESTO кешенді актуарлық моделі және оның болжамды нәтижелері, демографияны, еңбек нарығын, міндетті зейнетақы жарналарының 10% есебінен зейнетақы төлемдерін модельдеу көрсетілген. Болжамды есептеулер жинақтаушы жүйедегі зейнетақы ағындарының ұзақмерзімді перспективада тұрақты өсуін көрсетеді. Сонымен қатар, жинақтарды мерзімінен бұрын пайдалану саясатын бақылау, жарналардың жүйелілік деңгейін арттыру, халықты зейнетақы жүйесімен қамту, сондай-ақ инвестициялық басқарудың тиімділігін арттыру қажеттілігіне, әсіресе нақты табыстылығы төмен болған кезде баса назар аударылады.
БЖЗҚ-ның жылдық актуарлық есебі – Қазақстанның зейнетақы жүйесін дамытудың ағымдағы жай-күйі мен ұзақмерзімді перспективаларын кешенді бағалауға мүмкіндік беретін маңызды құжат. Ондағы тұжырымдар зейнетақы жүйесінің тұрақтылығын және зейнетақы төлемдерінің лайықтылығын арттыруға бағытталған тиімді шешімдерді әзірлеу үшін негіз болады.
БЖЗҚ 2013 жылғы 22 тамызда «ГНПФ» ЖЗҚ» АҚ негізінде құрылды. БЖЗҚ құрылтайшысы және акционері – Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің «Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитеті» ММ арқылы Қазақстан Республикасының Үкіметі. БЖЗҚ зейнетақы активтерін сенімгерлікпен басқаруды Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі жүзеге асырады. Зейнетақы заңнамасына сәйкес БЖЗҚ міндетті зейнетақы жарналарын, жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарналарын, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарын, ерікті зейнетақы жарналарын тартуды, сондай-ақ «Қазақстан Республикасының екінші деңгейдегі банктерінде орналастырылған депозиттерге міндетті кепілдік беру туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес депозиттерге міндетті кепілдік беруді жүзеге асыратын ұйым аударған кепілдік берілген депозит бойынша кепілдік берілген өтемнің талап етілмеген сомасы есебінен қалыптастырылған ерікті зейнетақы жарналарын есепке алып, оның есебін жүргізеді, зейнетақы төлемдерін жүзеге асыруды қамтамасыз етеді. Сондай-ақ Қор нысаналы активтер мен нысаналы талаптарды есепке алуды, нысаналы жинақтау шоттарына нысаналы жинақтарды (НЖ) есепке алу мен есептеуді, НЖ төлемдерін оларды алушының банк шоттарына есептеуді, «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасы шеңберінде Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындаған тәртіппен НЖ қайтарымдарын есепке алуды жүзеге асырады (толығырақ www.enpf.kz сайтында).
Comments