Ордабасы ауданының экономикасы негізінен аграрлық секторға негізделген, сол себепті егін шаруашылығы аудандағы негізгі салалардың бірі болып табылады. Ауданның 88,1 мың гектар егістік жерінің 34,4 мыңы суармалы алқаптардан тұрады, бұл жерлердің тиімді пайдаланылуы өнімділікті арттырудың басты факторы болып табылады.
2025 жылы Ордабасы ауданында 71,2 мың гектарға ауыл шаруашылығы дақылдары егілді. Оның ішінде масақты дақылдар – 30,1 мың га, дәнді жүгері – 7,0 мың га, көкөніс – 3,5 мың га, картоп – 357 га, майлы дақылдар – 5,4 мың га, мақта – 7,2 мың га, бақша – 1,5 мың га, мал азықтық дақылдар – 16,1 мың га болды. Аталған дақылдардың жалпы өнім көлемі 391,8 мың тоннаны құрады.
Егін шаруашылығында өнімділікті арттырудың басты жолдарының бірі – тыңайтқыштар мен заманауи технологияларды қолдану. 2025 жылы егістік жерлерге 14,9 мың тонна органикалық және минералды тыңайтқыштар қолданылды. Сонымен қатар, 370 агроқұрылым төрағаларына көктемгі дала жұмыстары мен күзгі жиын-терім науқанына 6,2 мың тонна жеңілдетілген жанармай бөлінді.
Ауданда егістікті ағын сумен қамтамасыз ету – мол өнім алудың басты факторы. Қазіргі таңда 9 магистралды каналға күрделі жөндеу жүргізіліп, олардың бірі – «Қараспан» магистралды каналы аяқталуға жақын. Сонымен қатар, 51 каналдың 132 шақырымы механикалық тазалаудан өтті. Бұл шаралар егістік жерлерді тиімді суғару мен өнімділікті арттыруға мүмкіндік береді.
Ордабасы ауданында заманауи техника мен субсидияларды қолдану арқылы егін шаруашылығы саласы қарқынды дамуда. 2025 жылдың 11 айында 168 бірлік жаңа техника сатып алынды. Бұл егістік жерлерді уақытында өңдеуге, суғару жұмыстарын тиімді жүргізуге және өнімділікті арттыруға мүмкіндік береді.
Су үнемдеу технологияларын енгізу – ауданның өнімділікті арттырудағы маңызды бағыты. Қазіргі таңда 73 шаруа қожалығы 1 595 гектар жерге су үнемдеу жүйелерін енгізді, оның ішінде 1 395 гектарға тамшылатып суғару, 200 гектарға жабырлатып суғару жүргізілді. Бұл технологиялар тек суды үнемдеуге ғана емес, сонымен қатар өнімнің сапасын арттыруға да ықпал етеді.
Қорытындылай келе, Ордабасы ауданының егін шаруашылығы саласы заманауи технологияларды енгізу, тыңайтқыштарды тиімді пайдалану, суармалы жерлерді жаңғырту және жаңа техника сатып алу арқылы қарқынды дамып келеді. Бұл шаралар ауданның аграрлық әлеуетін толық ашуға, ауыл тұрғындарының тұрақты табысын қамтамасыз етуге және азық-түлік қауіпсіздігін нығайтуға бағытталған.



Comments