Ордабасы ауданы 2025 жылы инвестиция тарту жағынан облыс бойынша алдыңғы шепке шығып келеді. Биылғы он айда игерілген 39,8 млрд теңге – аудан үшін рекордтық көрсеткіштердің бірі. Бұл өсім өткен жылдың дәл осы кезеңімен салыстырғанда 20,1 пайызға жоғары. Инвестицияның басым бөлігі – 81,7 пайызы жеке сектордан түсіп отыр. Бұл кәсіпкерлердің аудандағы экономикалық ортаға сенімі артқанын көрсетеді.
Аудан әкімдігі соңғы бірнеше жылда шетелдік инвесторлармен белсенді жұмыс жүргізіп келеді. Қытай еліне жасалған сапарлар, облысқа келген кәсіпкерлермен өткен кездесулер нәтижесінде алты келісімшарт пен сегіз меморандумға қол қойылды. Бұл құжаттар өндіріс, ауыл шаруашылығы, құрылыс материалдары және өңдеу өнеркәсібін қамтитын бірнеше ірі жобаларды жүзеге асыруға жол ашты.
Қазіргі уақытта шетелдік капиталдың қатысуымен жалпы құны 35,2 млрд теңгеге тең сегіз жоба іске асырылып жатыр. Олардың қатарында алюминий профильдерін өндіру, сүйек өңдеу, жүн өңдеу, газбетон блоктарын шығару сияқты бағыттар бар. Бұл өндіріс орындарының ашылуы – аудандағы еңбек ресурстары үшін үлкен мүмкіндік. Олардың құрамында 100-ге тарта жаңа жұмыс орны ұсынылмақ.
Ал алдағы екі жылға жоспарланған 133,3 млрд теңгенің 12 жобасы — Ордабасы ауданының экономикалық картасын мүлде жаңа деңгейге көтеретін бастамалар. Әсіресе мұнай-химия зауыты, тікұшақ құрастыру өндірісі, сусындар шығару кешені және жаңа құрылыс материалдары кластері аймақтың өнеркәсіптік қуатын еселейтіні анық.
Инвестиция – аймақтың дамуына тікелей әсер ететін ең негізгі факторлардың бірі. Бұл тұрғыда Ордабасы ауданының жетістігі — тиімді басқарудың, сенімді инфрақұрылымның және жүйелі мемлекеттік қолдаудың жемісі. Алдағы уақытта жаңа инвесторлар легі көбейіп, аудан экономикалық мүмкіндіктерімен тағы да көпшілікті таңғалдыруға дайын.



Comments