Жыл сайын мемлекеттік қызметші күніне орай газетке кімді жазсақ екен деген сұрақ көкейде тұрады. Оның да өзіндік себебі бар. Қазір қоғамда осы сала қызметкерлері туралы екі ұдай пікір бар. Бірі мемлекеттік қызметшілерді жақтаса, екіншісі керағар ойда. Өйткені оларды шенеуніктер, алдына барсаң шікірейіп, адам танымай кетеді дейді. Барған жұмысыңды бірден бітіре салмайды, ертең кел мен әуре-сарсаңға салатынын тілге тиек етеді. Мейлі ғой, әркімге өз ойы дұрыс көрінетіні де рас.
Дегенмен, аталған мамандық иелерінің қоғамда өз орны бар екенін де ешкім жоққа шығармайды. Өздеріне жүктелген міндеттерін абыроймен атқарып жүргендері де бар. Аз емес. Солардың арасынан мереке қарсаңында кімді газетке жазсақ болар екен деген оймен аудан әкімі аппаратының персоналды, яғни кадр бөлімінің басшысы Зүлфия Құлбабақызымен хабарластық.
- Ауданда 178 мемлекеттік қызметкер бар. Бәрі де мақтауға тұрарлық азаматтар. Олардың біреуі жақсы, біреуі нашар деуге болмайды. Ауданның әлеуметтік-экономикалық жағынан дамуына өз үлестерін қосып жүргендер. Осы жолы газетке аудандық экономика және қаржы бөлімінің басшысы Сихымбаева Алтынайды жазсаңыздар дұрыс болар еді. Мемлекеттік қызметті атқарып келе жатқанына 33 жыл болды. Осы уақыт аралығында бірнеше әкіммен қызметтес болды. Өзінің еңбекқорлығымен, білімділігімен, өз міндетіне аса жауапкершілікпен қарауымен абырой биігіне көтерілген жан. Қызметіне адал, ұқыпты. Аудан басшыларынан сын, ескертпе алған емес. Жұмысында абыройлы басшы болса, отбасында үлгілі ана, — деді.
Алтынайдың есімі аталғанда біздің де ойланып қалғанымыз рас.
Оның да себебі бар. Аудандық білім бөлімінде жұмыс істеп жүргенімде Алтынай қызмет ететін мекеме аудандық қаржы бөлімі деп аталатын. Аталған екі мекеме Т.Әубәкіров көшесінде, бір-біріне қарама-қарсы бетте болатын. Алтынай жиырма жастың ол жақ, бұл жағында Темірланға келсе, содан бері өмір жолын жақсы білетінмін. Ол Арыс қаласында туған. Семейдегі қаржы-экономикалық техникумында білім алған. Бір жыл Арыс қаласындағы қаржы бөлімінде жұмыс істеді. 1999 жылдың басында Ордабасы ауданының қаржы бөліміне қызметке келді. Алғашқыда кірістерді талдау және болжау жөніндегі жетекші экономистен аудандағы өмір жолы басталса, одан кейін аталған бөлімнің бас маманы-бас экономист, бөлім меңгерушісінің орынбасары лауазымына жоғарылады. 2006 жылы аудандық экономика және қаржы бөлімдері біріктіріліп, экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімі деп аталғанда, осы бөлім меңгерушісінің орынбасары болып тағайындалды. Өзінің еңбек жолындағы ұстазы, бөлім меңгерушісі Тұрдыбек Балабеков 2007 жылы зейнеткерлікке шыққан соң ол орынға Алтынай Әуесханқызы тағайындалған болатын. Міне кейіннен бұл бөлім аудандық экономика және қаржы бөлімі деп аталғанда да біздің кейіпкеріміз осы бөлімнің басшылық тізгінін ұстаған.
Әңгіме желісінде Алтынайды ауданға келген уақыттан бері білетінімді айтқанмын. Жұбайы Бақыт пен Алтынай бір мекемеде қызмет етті. Сонда сөздері жарасып, отбасын құрды. Осылайша Сихымбаев Тұрсынбай көкеміздің әулетіне келін болып түсті. Тұрекең де қаржы саласының маманы. Алтынай бітірген Семей қаржы-экономика техникумының түлегі. Аудандық қаржы бөлімі меңгерушісінің орынбасары қызметін зейнеткерлікке шыққанша абыроймен атқарған азамат еді. Тұрсынбай көкеміздің ұл-қыздарының бәрі қаржы саласының қызметкерлері. Міне, осындай отбасыға кейлін болып түскен Алтынайдың қызметте жолы болуы заңдылық болатын. Өйткені Тұрекеңнің әулеті қаржы саласының қиындығы мен қызықшылығын жақсы білетін, түсінетін. Сондықтан әулет мүшелері Алтынайдың жұмысына үнемі қолдау көрсетіп келеді.
Ендігі Алтынайдың атқарып отырған қызметіне тоқталсақ. Менің білуімше, бөлім ауданның экономика және бюджеттік жоспарлау саласындағы мемлекеттік саясатты жүзеге асырады, аудан бюджетінің игерілуі туралы есептерін дайындайды. Әрине мұнан басқа да міндеттер бар. Қысқасы, аудан бюджетін өгіз өлмейтіндей, арба сынбайтындай етіп толық игерілуін қамтамасыз ету керек. Бұл айтуға, жазуға оңай болғанымен, іске асыруы қиындау шаруа. Аудандағы бір бөлім қаржыны игеріп жатса, екіншісінде мүмкіндік болмай жатады. Осының бәріне тігісін жатыстырып, ауданның бюджетіне түскен қаржыны талан-таражға түсірмей игерілуін қадағалау, реттеу ыждағаттылықты, білімділікті қажет етеді.
Ол үшін уақытпен санаспай жұмыс істеу керек. Мұнан да бөлек республикалық, облыстық бюджеттен түскен қаржының игерілуі, олардың өткен жылмен салыстырғандағы өсімі қандай, қаншама пайызды құрайтынын да әр тоқсандағы, жарты жылдықтағы, жыл қорытындысындағы көрсеткіштермен салыстыру дегендей мәселелер де бар.
- Ауданның 60 жылдығына орай қаржы бөлімін іскер азаматтар басқарғандығын айта кету керек, — дейді Алтынай Әуесханқызы бізбен әңгімесінде. — Аудан құрылғаннан бастап 1977 жылға дейін бөлімді Сарыбаев Қасым, 1977-1979 жылдары Жаңбыров Матырбек, 1979-2004 жылдары Балабеков Тұрдыбек, 2004 жылдың 22 наурызынан 22 желтоқсанына дейін Әшенов Төлебай, 2004 жылдың 22 желтоқсанынан 2010 жылдың 15 ақпанына дейін менің ұстазым Балабеков Тұрдыбек басқарып, зейнеткерлікке шыққан соң эстафетаны маған тапсырды. Осындай елге белгілі азаматтардан эстафета алған соң жұмысты уақытпен санаспай еңбек етуіме тура келді. Өйткені ауданның қаржы саласын биікке көтерген азаматтардың жетістіктерін төмендетуге, бөлімнің атына кір келтіруге, жұмысты атқара алмай жатыр дегізуге менің құқым да жоқ, арым да жібермейді. Менің мойнымда осындай ауыр жүк, ауыр міндет бар. Сөз арасында бөлімді басқарған Сарыбаев Қасым мен Балабеков Тұрдыбек тиянақты, еселі еңбектері үшін ауданның Құрметті азаматы атағын алды. Мұны ерекше атап өткім келеді.
Иә, ауданның қаржы министрі осылай дейді. Айтқаны орынды да шығар. Алдыңғы толқын ағаларының абыройына кір келтірмеу жауапкершілігін мойнына жүктеген Алтынайдай маманға ырзалық білдіргеннен басқа не айтуға болады?!
Ол осы салада еңбек еткен ардагерлерді де мақтанышпен еске алды. Өзінің қайын атасы Сихымбаев Тұрсынбайдан бастап Қосыбаев Әбдібек, Юсупова Фатима, Өтебаев Тұран, Есетов Әлиасқар, Сырғабаев Қалдарбек, Сапаров Джават, Бейімбетова Жамал, Момбеков Жақып, Қаржауов Алпыс, Бөлеханов Базыхан, Сихымбаева Айсұлу, Тілемісов Көпбай секілді қаржы саласында еңбек етіп, ауданның экономикалық жағынан дамуына үлес қосқандарын ризашылықпен атап өтті. Мұны да Алтынайдың тәрбиелілігінің, үлкенге құрметінің белгісі деп білдік.
Қазір аудандық экономика және қаржы бөлімінде он мемлекеттік қызметкер бар екен. Атап айтар болсақ: бөлім басшысының орынбасары Әуелбекова Динара, сектор меңгерушілері Бектасова Гүлмира, Омарова Ұлдана, бас мамандар Сәлімбай Әділхан, Әбілхасова Гүлжазира, Шакайдарова Жанна, Пернебай Жандос, Егетаева Салтанат, Өмірзақ Мұхамеджан. Бұлар өздеріне тапсырылған функциялық міндеттерін мінсіз атқарып жүрген мамандар. Дәлірек айтсақ, Алтынайдың сенім артқан қызметкерлері.
Ия, ұжымда өзара түсіністік, бір-біріне деген құрмет болса ғана сол жерде жеңіс те, нәтиже де болады. Біз сөз еткен аудандық экономика және қаржы бөлімінде осының бәрі де бар деп айта аламыз.
Аудан экономикасы мен қаржысының дұрыс жолға қойылуы, аудан бойынша қаржының толық игерілуі, ауданның осы саласындағы жұмысының жемісті болуы Алтынайға және оның командасындағы қызметкерлерге байланысты.
Ауданның қаржысына жауапты басшы отбасында үлгілі ана. Жұбайы Бақыт екеуі ауданда дәрігер болып жұмыс істейтін ұлы Серік пен кітапханашы келіні Ақтолқыннан, өздері секілді қаржы саласының қызметкері, Түлкібастың келіні Айданадан бірнеше немере көріп отырған бақытты жанұя.
Біз әңгіме еткен бөлім жетекшісімен қоштасарда әріптестеріңізге не тілек айтар едіңіз дегенімізде:
- Мемлекеттік қызметші болу әрі абыройлы, әрі жауапкершілігі мол. Мемлекеттік қызметке келген соң тиісті Заңдарды басшылыққа ала отырып жұмыс істеуің керек. Әдеп кодексін мүлтіксіз орындауға міндеттіміз. Сонда ғана абырой биігінен көрінеміз. Сөзімнің соңында ауданның барша мемлекеттік қызметкерлерін төл мерекелерімен құттықтап, дендеріне саулық, отбасыларына амандық, қызметтеріне табыс тілеймін. Биылғы әрбір жемісті ісіміз ауданның 60 жылдығына тартуымыз деп білейік, — деді ауданның қаржы министрі.
Ия, Алтынай мен оның командасына біз де жұмыстарына табыс тілеп қоштастық.
Нүридін ШӘМШІҰЛЫ,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.
Comments